АҚШ-та наразы топ Конгресс ғимаратын басып алмақ болды. Олардың суреттерін әлеуметтік желі қолданушылары мен онлайн басылымдар жарыса жариялады.
АҚШ-тағы сайлау науқанына қатысты дүрбелең басылар емес. Сәрсенбіде Конгрестің бірлескен сессиясында Джо Байденнің қарашадағы президенттік сайлаудағы жеңісін заң шығарушылар растауы керек болған. Жиында сайлау коллегиясының дауыстары есептеліп, күшіне енеді. Дональд Трамп және оның жақтастары сайлаудың әділ өтпегенін айтып, нәтижесімен келіспейтінін білдірген. Республикашылардың Вашингтонда сайлау нәтижесін растауға қарсы наразылықтар өткізгісі келгені белгілі болған-ды. Осыған орай жүздеген ұлттық гвардия мүшесі тәртіпсіздіктермен күресу үшін сақадай сай тұрған.
АҚШ-тағы сайлау көпті жаңылдыруы мүмкін. Өйткені Президент пен Конгресс сайлауы былтырғы қарашада өтіп кеткен еді. Демократтар өкілдер палатасын бақылауға алды, ал Джо Байден президент болды. Алайда АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасының тағдыры толық шешілмеді. Себебі Джорджия штатындағы екі Сенат сайлауының нәтижесі белгісіз болды. Штат ережесіне сәйкес, жеңімпаз кандидатқа 50%-дан астам дауыс қажет, ал қарашада оған ешкім қол жеткізе алмады. Жалпы, сайлау нәтижесі белгілі болмай тұрып, республикалықтарда 50, ал демократтарда 48 орын болды. Егер екі демократ жеңіске жетсе, Сенат 50 де 50 болып тең бөлінеді, бұл жағдайда шешуші дауыс вице-президент Камала Харриске беріледі. Нәтиже тура осы сценарийге сай өрбіді. Осылайша, Сенаттың қос палатасы мен президенттік сайлауда жеңген демократтардың биылғы саяси науқанда асығы алшысынан түскен секілді.
Дәл осы жағдай республикашылардың наразылығын тудырған болуы керек. Сайлауда жеңілгеннен кейін Трамп та сайлаудың әділ болмағанын айтып, дауыстардың дұрыс есептелгеніне күмән келтірумен болды. Бұл пікірді қолдайтын Трамп жақтастары Капитолийдегі жиында Джо Байденді президент деп жарияламау үшін барын салды. Сейсенбінің кешінде бірді-екілі ашулы азаматтар Ақ үйдің сыртында қарулы жүрген жерінен ұсталған. Трамп Вашингтонда наразылыққа шыққан мыңдаған халықтың алдына сөз сөйлеп, «Конгресс жиынында вице-президент Майк Пенс сайлау коллегиясының дауыс нәтижесін жоққа шығарса жеңіске жетеміз» деумен болды.
Ал Трамптың ашулы жақтастары жиын өтіп жатқан Капитолий ғимаратын басып алуға әрекет жасады. Нәтижесінде, Конгрестің қос палатасы отырысты тоқтатып, жан сауғалауға мәжбүр болды. Ғимаратты басып алғандардың суреттерін әлеуметтік желі қолданушылары мен онлайн басылымдар жарыса жариялады. Заң шығарушылар жұмысын Вашингтонда коменданттық сағат енгізген соң жалғастырып, Джо Байденді АҚШ-тың келесі президенті, ал Камала Харристі вице-президент деп таныды. Капитолийдегі жағдайдан 4 адам қаза тауып, 52 адам ұсталды.
Жалпы, АҚШ конституциясына сәйкес дауыс беру нәтижесін Конгресс мақұлдауы шарт. Бұл әрекет арқылы сайлаушылар алқасының дауыс нәтижесі заңды негізде расталады.