• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қаңтар, 2021

Нұрлан Нығматулин халықаралық байқаушылармен кездесті

157 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехия Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филиппен кездесті. Мәртебелі мейман елімізге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары сайлауына халықаралық байқаушы ретінде келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы елімізде халықаралық талаптарға сәйкес ашық та әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Оның ішінде, эпидемияға қарсы шаралар да қарастырылған.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қазақстанның халық партиясы, «Nur Otan», «Ауыл», «Ақ жол» және «Adal» партияларынан қатысып жатқанын айтты.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бұл алдағы сайлаудың бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Нұрлан Нығматулин Қазақстанның сайлау заңнамасына сәйкес барлық партиялық тізімдерде гендерлік және жас мөлшеріне қатысты квотаның ескерілгеніне назар аударды. Сондай-ақ, елдің саяси жүйесі жаңғыртылып, соның нәтижесінде саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетіліп, парламенттік оппозиция институты енгізіліп жатқаны туралы айтылды.

Өз кезегінде, Чехия Парламенті Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Войтех Филип Қазақстандағы сайлау науқанына дайындыққа қатысты пікірімен бөлісті. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бірнеше сайлауға қатысқанын алға тартқан халықаралық байқаушы бұл жолы да сайлаудың демократиялық талаптарға сай, жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Сонымен бірге, екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айтып, оған қазіргі пандемия кезінде де экономикалық-саяси байланыстардың белсенді жалғасуы нақты дәлел екенін атап өтті.  Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оның дамуына екі елдің парламентшілері де елеулі үлес қосқанына тоқталды.