Еліміздің ішкі істер органдарының құрметті ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі, тыл еңбеккері Ташходжа Аташев сайлау учаскесі ашылысымен келіп, өз таңдауын жасады. Сайрам ауданының «Құрметті азаматы», 95 жастағы Ташходжа қарияның қимылы ширақ.
«Мемлекетшіл азамат ретінде қай заманда да сайлаудан қалған емеспін. Қызметтестеріме де, балаларыма да үлгі ететін әдетім осы, бұл өзіңді азамат ретінде қалыптастырудың ең алғашқы баспалдағы. Біз өз болашағымызға жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз», дейді қария.
Түркістан облысының тұрғындары Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Өңірдегі 911 сайлау учаскесіне 1 160 138 сайлаушы тіркелген. Ал облыс орталығы – Түркістан қаласында 50 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда қала тұрғындарымен қатар, қызмет бабында жүрген азаматтар және қалаға келген қонақтар да дауыс берді. Сайлау учаскелерінде санитарлық нормалар барынша мұқият сақталған. Жауапты мамандар әрбір адамның дене қызуын өлшеп, медициналық маска, қолғаптың болуын тексерді. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтықтың сақталуы сәт сайын ескертіліп отырды.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 17 аумақтық сайлау комиссиясының 119 комиссия мүшесі мен 911 учаскелік сайлау комиссияларының 6193 комиссия мүшелері жұмыс істеді. Комиссия мүшелерінің барлығы каскадтық әдіспен толық оқытылып, тестілеуден өткізілген.
Түркістан облысы