Бозала таңнан сайлау учаскелеріне қарай асыққан сайлаушылардың қатары қалың болды.
Ай бойы партиялар жоба-жоспарларын ұсынды, елмен етене араласты, қоғамдағы мәселелермен танысты. Халық партиялардың мүмкіндіктерін бағамдап, саралап барып, өз таңдауларын жасады. Ал саяси науқанның әділ өтуін бейтарап байқаушылар назарларында ұстады.
Сайлау учаскелеріне келген азаматтардың дене қызуы өлшеніп, еденде белгіленген жолақ бойымен дауыс беруге өтіп жатты. Учаскелердің мүшелері байқаушылар, техникалық қызметкерлер ПТР тестіден өткен.
Сайлау ережесін бірді-екілі бұзғандар болмаса, бәлендей дау-дамайлар болған жоқ. Жергілікті байқаушылардан бөлек Шығыс Қазақстан өңіріне шетелден де байқаушылар келген. Олардың екеуі Еуропадан болса, алтауы ТМД елдерінен еді.
Саяси науқанда жауапкершілікпен өз таңдауын жасағандардың ең үлкені 100 жастағы кейуана – Хауа Бұланбаева болса, ең жасы 18-ге жуықта ғана толған Еңілік Кәрімова еді. Үйінде отырып, дауыс берген Хауа әже «Әділ сайлау болсын! бар болайық, бай болайық, заман тілегіне сай болайық!», деп ақ батасын берді. Ал тұңғыш рет сайлауға қатысқан Еңілік Кәрібаева сый-сияпатқа ие болды.
Шығыс Қазақстан облысы