«Шар үстіндегі қыз» – әлемге әйгілі кескіндемеші Пикассоның ең танымал картиналарының бірі. Суретші өзінің осынау шедеврін 1905 жылы жазғанын білеміз. Ерекше айта кететін жайт, «Шар үстіндегі қыз» Пабло шығармашылығындағы жаңа кезеңді белгілейді. Оны зерттеушілер суретші зертханасындағы «қызғылт кезеңнің» өнімі деп атапты. Шынымен де атақты кескіндемешінің бізге белгілі басқа еңбектерінен мұндай ашық және анық контексті бірден аңғару қиын.
Әлбетте бұл жерде контекст деп кескіндеменің ішкі мазмұнын айтуға келмейтін шығар. Көп зерттеуші суретшінің полотнолары көңілді және жағымды деген байлам жасайды. Алайда осы кескіндемедегі барлық кейіпкер көңілді дей алмас едік. Картинадағы басты кейіпкерлер – цирк өнерпаздары. Әуелі жалпы фонға назар аударар болсақ, алдымен жалаңаш шөлді немесе қу даланы көреміз. Бәрін былай қойғанда бұл параметр цирктің көңіл күйіне ешқандай сәйкес келмейді. Шын мәнінде цирк десе көз алдымызға қызылды-жасылды көңілді декорация келуі керек еді. Бірақ Пикассо циркі біздің цирктен басқа екенін ұғамыз. Суреттен байқағанымыздай, елді аралап өнер көрсетіп, тіршілікті тірнектеп сүріп жүрген адамдар тобының, әсіресе ондағы ер адамның бір нүктеге қадала ойланып кеткен көңіл күйі өмірдің ауыртпалығын аңғартпай қоймайды. Бір сөзбен айтқанда суретші бұл адамдардың өмірі тек көңілді, қуанышты және көрермендердің қол шапалақтауларынан тұрмайтынын баса айтады. Бірақ көре білген адамға бұл жерде қуаныш та, қайғы да, өмірді ауыр деп қабылдау да, жеңіл деп қарау да бар.
Акробаттардың кезбе труппасында бейнелеген кейіпкерлер туралы жеке-жеке айтып өту керек. Композицияның ортасындағы басты екі кейіпкер – гимнаст қыз және алып күш иесі, акробат ер адам. Бәлкім әке, бәлкім аға, бәлкім мүлде бір-біріне туыс емес, әріптес адамдар. Шар үстіндегі қыз бала көрермен алдына алып шығатын нөмірін қайталап тұр. Қыздың нәзік мүсіні әдемі иіліп, тепе-теңдікті сақтау үшін көтерген қолдары оны тіпті билеп тұрған адамдай көрсетеді. Суретші осы екі кейіпкер арқылы ең алдымен ер адамның мінезінен бөлек тұлғасындағы ірілікті де алдыға шығарғанын көреміз. Спортшы ер адам қозғалмай отыр, оның қуатты денесі ұстамдылықты, нәзіктікке қорған тұлғаны аңғартады. Тіпті картинаның көп бөлігін ер адамның ірі денесі жауып тұр. Әрине, оның сыртында қозғалыс мәні, тоқтау заңы сияқты небір тәпсірі терең контекстер бұғып жатқанын байқаймыз. Жалпы қай жағынан алып қарасақ та басты екі кейіпкер бір-біріне мүлдем қайшы. Олардың қайшылығы сондай-ақ өздерінде ғана емес, олардың иелігіндегі фигуралардан да анық аңғарылады.
Бұл картинадағы шар – еркіндікті, текше – қалыпқа көнген тұрақтылықты білдіреді. Ал енді оның иелеріне келсек те осы ой жетегінен алысқа кете қоймаймыз. Жастық шақ еркіндікті елестетеді, егде мөлшер тұрақты болмысқа икем. Қалай десек те шар – адамның табиғи еркіндігі, ал текше – адамзатты ішіне қамап, тәуелді етіп тастаған қоршау, біржола тоқтаған қалып. Үй, кеңсе, сарай, қора, түрме, сахна т.б. Бұның бәрі текше пішіндегі шектеулі кеңістіктер. Таршылық тауқыметі Пикассо кейіпкерін де осы текшенің ішіне тұтқындаған. Шын мәнінде ер адам текшенің үстінде емес, ішінде отыр. Жастық символы да шардың ішінде, қиял әлемінде еркін, бақытты, әсем. Негізі әр шығармадан авторды іздейтініміз рас. Флобер айтқандай «Суретші өз шығармасының ішіне міндетті түрде қатысуы керек, әлемді жаратқан Құдай сияқты, көзге көрінбегенмен барлық жерде болуы керек». «Шар үстіндегі қызда» Паблоның таршылыққа тығылған талайлы тағдыры қылқаламның айқыш-ұйқұш бояуымен астасып тұрғанын көреміз.
Сыншылардың көбі бұл жердегі шар үйлесімділік пен Құдай жаратқан мінсіз әлемді бейнелейді деп қарайды. Теп-тегіс шар негізінен бақытпен, өмірдегі түрлі кедергілер мен қиындықтарға қарамай қозғала алатын пішін ретінде қабылданады. Бірақ қыздың аяғының астындағы шар анау айтқандай теп-тегіс деуге келіңкіремейді.
Текше болса жердегі мате- риалдық әлемді бейнелейді. Сондай-ақ біз жоғарыда айтып кеткендей текшенің іші бос сияқты көрінеді. Картинаны басқа да талдаушылар «бұл текше цирк реквизиттерін сақтауға арналған қорапқа ұқсайды, ал әкесі оларды қызына беруге дайын, бірақ қазір ол оған цирк өмірінің барлық шындығын ашқысы келмейді» дейді.
Бір сөзбен айтқанда, басты екі кейіпкер бізге әйел-еркек қайшылығын ғана емес, жастық пен егде мөлшердің, нәзіктік пен мықтылықтың, сонымен қатар аспан мен жердің де қатынасынан сыр шертеді. Оны біз жас қыз бен ер адамның киімдерінен анық байқаймыз.
Осы жерде бір сұрақ, жалпы бұл кейіпкерлер цирк өнерпаздары десек, цирк қайда? Бізге жапан түзден басқа ешқандай локация байқалмайды. Бәлкім біз сол цирктің ішінен сырттағы өнерпаздарға қарап тұрған болармыз. Сахнаның сыртындағы өмір туралы толғанар болсақ, цирктегі барлық әрекет алдамшы, шын өмір, шын цирк – адам тағдыры. Кескіндемеші жалпы цирк өкілдері арқылы нені айтқысы келді? Бұл әлбетте ауқымы әлдеқайда үлкен мәселе.
Негізінен аталған картинаға қатысты еркіндік тақырыбын көп айтуға болады. Түстерге қатысты алып қарағанда кейіпкерлердің киімдерінен, аксессуарларынан қызыл түсті екі-ақ жерден байқаймыз. Сурет тілінде айтсақ, қызыл түс еркіндікті бейнелейді. Ал енді еркіндікті үміт деп мөлшерлесек, үміт – анасының қасында еркін, өмірдің ешқандай байлауына түспеген жас балдырған. Ал одан біраз ересек атлет қызда бұл түс тек шашына қыстырған қызыл гүлде ғана қалған. Ол да ата-анасының ізімен цирк әлемінде толығымен «тұтқынға алынғандай», қып-қызыл еркіндік үміті күлгінденіп, көк, суық түске ұласып кеткен. Өмір деген шынымен де түстердің соғысы сияқты күрделі картина ғой. Қызыл декорация Паблоның бұл полотносында осындай мәнге ие деп топшылауға болатындай.
Бұл кейіпкерлерден бөлек артқы фонда тағы бірнеше кейіпкердің бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Оларды тіпті қосалқы кейіпкерлер деуге де келмес еді. Бір ғана ақ ат пен қара иттің өзі көп жайттан мағлұмат беретіндей. Ақ пен қара өмірдің екі айқын бояуы. Ал енді бір баласын көтеріп, бір баласын жетегіне алып тұрған әйел бейнесі өмірдің нағыз қанық бояуы десек болады. Жалпы кез келген қоғамның келбетін сол қоғамдағы әйелдің тұрмыс-тіршілігінен, кескін-келбетінен, жүріс-тұрысынан байқау қиын емес. Бұл әлеуметтік топ кедейшіліктің кебісін сүйретіп келе жатқан, жоқшылыққа жолдас жандар екенін осынау әйел кескіні көбірек аңғартады.
Сондай-ақ сурет сыншылары қара итті өлімнің символы деп топшылайды. Ал енді біздің пайымдауымызша, ит көп жерде үйді күзетуші мақұлық ретінде қабылданса, ат көбіне жорықпен шендеседі. Ал сыншылар мұндағы ақ ат бейнесін тағдырдың символы ретінде қарайды. Ұзақ үңілсек шар үстіндегі қыз бен текше үстіндегі ер адамның арасын тура бөліп тұрған осы – ақ ат. Яки, тағдыр.
Әрине, картина туралы пікір әралуан. Кейбір көзқарастар бұл кескіндеме туралы тіпті басқаша пайым жасайды. Айталық, бір пікір бұл картина нәзіктікке алаңдаған адамзат күйін суреттейді деп түйеді. Тіпті дүниежүзілік соғысқа қарсы манифест деп те көреді. Бәрі дұрыс, кім қалай интерпретациялайды, ең бастысы өнер өз мақсатын орындап тұр. Адамзатпен диалогқа келген кез келген шығарманың артында шынайы талант тұрады. Пикассо бұл ретте асқан дарын иесі екенін мойындауымыз керек.
Ең қызығы жас кезінде Пикассо Парижде жергілікті цирк әртістерімен әжептәуір араласқан екен. «Шар үстіндегі қызды» жазуда суретші цирк әртістерінің өмірінен толық хабары бары көрініп тұрады. Шынайы байланыс өте айқын оқиға желісін сәтті бере алған.
Шар үстіндегі акробат идеясын суретші әйгілі мүсінші Гётцеден алған деген болжам бар. Алайда неміс мүсіншісінің еңбегінде ер бала болса, Пикассо кескіндемесінде қыз бала. Бастапқыда бұл еңбек «Акробаттардың отбасы» деген жалпы картинаның бір бөлігі ретінде ойластырылған, бірақ жұмыс нәтижесінде «Шар үстіндегі қыз» тәуелсіз идеяға айналған.
Картина сондай-ақ «Шар үстіндегі қыз» емес, «Текше үстіндегі еркек» деп те аталуы мүмкін еді ғой. Алайда, суретшінің шеберлігінің өзі сонда, кез келген адамның назарын картинаның жартысынан көбін алып тұрған ер адамға емес, әуелі нәп-нәзік қыз балаға аудартады. Бәлкім атауы «Шар үстіндегі қыз» дегендіктен бе екен? Кім біледі?