Қазақстан халқы Ассамблеясы келтірген дерекке сенсек, елімізде 300-ге жуық табасаран ұлтының өкілі бар екен. Дағыстанда тұратын байырғы 30 ұлттың бірі саналатын табасарандар қазақ топырағына өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап келе бастапты. Оған ТМД елдерінде жаңаша жанданған нарықтық қатынастың нәтижесінде, басталған көші-қон қозғалысы себеп болса керек. Табасарандар да ағайын арасы жеті атадан асқанша, қыз алып, қыз беріспейді.
Облыстық Ассамблея жетінші жыл қатарынан өткізіп келе жатқан «Мисс Этно-Қостанай» байқауының 2020 жылғы жеңімпазы атанған Қызылгюль Раджабова – осы табасаран ұлтының өкілі. Қызылгюль фармацевтикалық компанияда жұмыс істейді.
– Ең алдымен, осы байқауды ұйымдастырып, бізге көпшілік алдында өз ұлтымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық өнері, ас-тағамы, тарихы мен әдет-ғұрпы туралы әңгімелеп, кішкентай болса да бойымыздағы өнер ұшқынын сын таразысына салуға мүмкіндік жасап отырған облыстық Ассамблеяға алғыс білдіремін. Осы байқау арқылы мен өз ұлтым – табасарандар туралы елге біраз мағлұмат бердім деп ойлаймын. Маған дауыс берген баршаға ризашылығым шексіз. Осы сәтті пайдалана отырып, Дағыстанға таудай сәлем жолдаймын! – деді Қызылгюль.
Онлайн түрде өткен байқауға облыстағы әрбір этномәдени бірлестіктің атынан 14 үміткер қатысты. Көркіне ақылы сай бойжеткендер өздері әзірлеген ұлттық тағам түрлері мен қолөнер туындыларын көпшілік таразысына салды.
Үміткерлерге дауыс беру нәтижесі бойынша, грузин қызы Диана Баланчивадзе ІІ вице-мисс атанды. Бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейтін Диана әзірлеген хинкали, хачапури сияқты таулықтардың ұлттық асы әлеуметтік желідегі көпшіліктің көңілінен шықты.
Көпшілік даусымен әлі мектеп қабырғасында оқитын әзербайжан қызы Эльвина Рагимова ІІІ вице-мисс атағына лайық деп танылды.
Қостанай облысы