• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қаңтар, 2021

Жалындағандарға жұмыс көп

186 рет
көрсетілді

Дәстүрлі түрде Өскемен немесе Семей қалаларында ұйымдастырылатын жастар форумы жыл соңында елдегі жағдайға байланысты «Zoom» платформасында өтті.

Форумның ашылу салтана­тында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Ирина Смит Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұлттың жаңа болмысын қалып­тастырудағы жастардың рөлі, өңірде мемлекеттік жастар сая­сатының іске асырылуы, пан­демиядағы волонтерлердің қыз­меті туралы атап өтті.

Өткен жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында 1 206 адам еңбек еткен. Олардың 522-сі көп балалы және тұр­мысы төмен отбасылардан бол­са, 113 жас – оқу оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET сана­тындағылар. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы арқылы 16 мың жас жұмыспен қамтылса, «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» арқылы 3 700 жас маман еңбекке тартылған. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 378 адам көтерме жәрдемақы, 294 маман тұрғын үй алу үшін бюджеттік несиеге ие болған.

Форумда сөз алған «Birgemiz» волонтерлердің рес­пуб­лика­лық фронт-кеңе­сінің  жетекшісі Татьяна Ми­ронюк  жыл бойы іске асы­рыл­ған жобалар мен оған шығысқазақстандық жастар­дың белсенді қатысуы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, облыс жастары әр жобаның құны 300 мың теңге тұратын 53 шағын грантты жеңіп алып, кәсіптерін дөңгелеткен.

Өскемендік белсенді волонтер Василий Хванның айтуынша, карантин кезінде жалғыз тұратын, денсаулығы және әлеуметтік жағдайына байланыс­ты көмекке мұқтаж адамдарға, қарт кісілерге еріктілердің көр­сеткен көмектері ұшан-теңіз. Олар барлық қауіпсіздік шараларын сақтай жүріп, азық-тү­лік, дәрі-дәрмек жеткізумен айна­лысқан. Қайырымы мол бұл жұмысқа ұзын саны 93 волонтер жұмылдырылыпты.

– Біз қарттардың қауіпсіз­дігін ойладық. Сөйтіп, оларға керек-жарақтарын апарып беріп жүрдік. Сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарына, бетперделер таратуға да белсене қатыстық, – дейді Василий Хван.

Әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясының таралуы кезінде өзінен гөрі өзгелердің өмірін ойлап, ха­лық­тың денсау­лығы үшін қызмет еткен үр­жарлық жас дәрігер Шұғыла Тұрсынбекова провизорлық бөлімде 14 күн емдеуші дәрігер ретінде қызмет атқарғанын, әлі де індетпен күрестің жалғасып жатқанын айтты.

Онлайн форматта жалғасын тапқан форумда декреттік демалыста отырған Жанна Оспанова пандемия кезінде онлайн дү­кенді қалай ұйымдастырғаны туралы тәжірибесімен бөлісті. Жаннаның негізгі жұмысы – Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықта инженер. Ол әңгімесінде Курчатовтағы фит­нес орталығының жұмысы, пан­демияда тап болған қиын­шылық­тары туралы да сөз қозғады.

Форум аясында жобалық менеджмент, халықаралық дең­гейдегі волонтерлік жо­­баларға қатысу, лидер­лік және жеке брендті қа­лып­тас­тыру бойынша С.Уша­ко­ваның, А.Берлі­байдың, А.Ерниязованың және Э.Жү­ні­со­ваның қатысуымен жас­тарға арналған тренингтер өтті.

Одан өзге «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы IT маман, «Эвклид» білім беру орталығының не­гізін салушы, «Thousand IT Group» компаниясының директоры, бірнеше әлеуметтік жобаның бастаушысы Ай­болат Құлатаймен және «Қазақстан жастарының кон­гресі» ЗТБ-ның басшысы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Тоқтар Болысовпен мотивациялық кездесулер ұйымдастырылды. Алдағы уақытта мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосқан жастар ішінен жеңімпаздар анықталып, облыс әкімінің сыйлығымен марапатталады.

 

Шығыс Қазақстан облысы