Былтыр жыл соңында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында ерекше көзге түскен боксшылардың бірі – Ертуған Зейнуллинов. 63 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен 23 жастағы жалынды жас барлық қарсыласынан басым түсіп, бас жүлдені олжалады. Осы жарыстың куәсі болған білікті бапкерлерден бастап, көгілдір экранға көз тіккен көрермендердің барлығы да аталған былғары қолғап шеберінің өнерін жоғары бағалады.
Е.Зейнуллинов өзінің туып-өскен жері Алматы облысы Қаратал ауданының Үштөбе қаласында бокстың қыр-сырына қанықты. Жер жәннаты Жетісуда Алмас Жыңғылбаевтың қол астында жаттығып, тырнақалды табыстарына қол жеткізді. Сол кездегі оның ең ірі жетістігі – Бангкокта өткен жастардың Азия біріншілігінің қола жүлдесі. Зейнуллинов өз құрдастары арасында басқа да додаларда дараланды. Есейе келе Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, ол жерде Қайрат Кәрменовтен тәлім-тәрбие алды.
Оның алғаш рет жарқ етіп көзге түскен тұсы – 2016 жылы Тәжікстанның бас шаһары Душанбеде ұйымдастырылған студенттер арасындағы Азия біріншілігі. Сөз орайы келгенде, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасовтың команда жасақтауда қырағылығын ерекше атап өткен жөн. Жас болса да бас болған айтулы маман есімі көпшілікке беймәлім боксшыны ел құрамасына қосты. Памир тауының етегінде Зейнуллинов сенімді ақтап, күміс медальды олжалады. Арада екі-үш ай өткен соң Таиландтың Чианг-Май қаласында студенттер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл жарыста Ертуған қола жүлдені қоржынға салды.
Жоғарыдағы жағдай жас жігітті қанаттандырды. 2017 жылы Шымкентте ұйымдастырылған ел чемпионатында ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын еш қиналмай ұтқан ол жартылай финалда Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллинге есе жіберді. Бұл жеңіліске бола 20 жастағы жігітті ешкім сөкпеді. Өйткені қарсыласы тым азулы еді. 31 жастағы Зәкірдің 60 кило салмақта еліміздің бірінші нөмірлі боксшысы екенін жұрт жақсы біледі. Керісінше, оның сақа спортшыға лайықты қарсылық көрсеткеніне бапкерлері де, басқалар да риза болды. Шымкент сапарынан қола медальмен оралған Зейнулинов ұлттық құрама сапына қабылданды.
– Республикамыздың барлық өңірінен жиналған былғары қолғап шеберлері бас қосқан жарыста үздіктер санатына қосылғаннан кейін жолым оңғарылатын шығар деп ойладым. Бірақ аяқастынан қырсық шалды. Абайсызда аяғымды сындырып алып, бір жылға жуық уақыт емделдім. Жаттығу мен жарыстар жайына қалды. Бірақ мен күдерімді үзбедім. Жазылған соң барымды салып дайындалдым. Ерен еңбектің еш кетпейтініне сендім. Осы орайда өзімнің жеке бапкерлерім Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовке, Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов және осы білім ордасында еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар Эдуард Габдулов, Бекен Бекмұхамедов, Жеткерген Малшиев, Бақыт Сәрсекбаев, Дастан Сәдуақасовқа өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Төлеген Мақашев пен Серік Айдарбековке де алғысым шексіз. Осы ағаларымның қолдауының арқасында ештеңеге алаңдамай, көздеген мақсатыма қол жеткізуге мүмкіндік туындады, – дейді Ертуған.
2019 жылы жарақатынан толықтай айыққан Ертуған халықаралық турнирлерде қайта атой салды. Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов, Атыраудағы Исатай мен Махамбет және Ақтаудағы Шоқыр Бөлтекұлын еске түсіруге арналған жарыстарда жүлдегерлер санатына қосылды. Жыл сайын Алатау баурайында үздіксіз ұйымдастырылып тұратын Қайрат Рысқұлбековтің турнирінде алтын тұғырға көтерілді. Шымкенттегі Қаракөз Әбдәлиевтің дәстүрлі додасында да қарсылас шақ келтірмеді. Сол бәсекелерде небір мықтылармен күш сынасқан Зейнуллиновтің шеберлігі әбден шыңдалып, өзіне деген сенімі арта түсті.
Жуырда Шымкентте өткен ел чемпионатында Е.Зейнулинов 63 кг салмақта өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде тараздық Әлімжан Бескемпір мен елордалық Темірхан Тезекті тізе бүктірсе, ширек финалда маңғыстаулық Ділшат Нұрымды еңсерді. Бір өкінштісі, осы жекпе-жекте Алматы облысы өкілінің саусағы сынып кетті. Енді алда екі жол бар. Жарысты әрі қарай жалғастырып, чемпиондық тұғырға көтерілу үшін айқасқа шығу немесе қола медальды қанағат тұтып, қайта ем-дом қабылдау. Жағдайды бапкеріне айтып көрген еді, Қайрат Кәрменов «Қолың түсіп қалса да жұдырықтасасың» деп әңгімені шорт кесті. Боксшы басын изеп, келіскендей сыңай танытты. Келесі күні Зейнуллиновті жартылай финалдық сайыс күтіп тұрды.
– Біздің одан басқа амалымыз жоқ еді, – деп бапкері Қ.Кәрменов әңгімені әрі қарай жалғастырды. – Себебі Ертуған 2018 жылы аяғын сындырып алғаннан кейін ұлттық құрамадан шығып қалды. Жаттығу процесін әрі қарай жалғастырып, жарыстарға шығу үшін өзіміз қаржы іздеп әлек болдық. Тіптен, күллі әлемді дүрліктірген пандемия кезінде де бос жатпадық. Індет басталмай тұрып Алматы облысы, Ақсу ауданының Тарас ауылына аттандық. Сол жерде Төлеген Мақашев есімді диқаншы-кәсіпкер біздің алаңсыз жаттығуымыз үшін қолайлы жағдай жасады. Тіптен, ел чемпионатына барып-қайту үшін қажетті қаражатты да сол кісі өз қалтасынан берді. Сөйтіп екі айға жуық уақыт бойы жақсылап тұрып жаттығып, Шымкентке нағыз бабымызда аттандық.
Жартылай финалда Зейнуллиновтің жолы Ділмұрат Мижитовпен қиысты. Алматы қаласының өкілі кейінгі жылдары ел біріншілігінде үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Екі маусым бойы ол Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында өнер көрсетті. Міне, осы сақа спортшыға қарсы сынық қолымен жұдырықтасқан қандасымыз тактикалық тұрғыдан өте сауатты қимылдап, күмәнсіз жеңіске жетті.
Финалда Ертуған Зәкір Сафиуллинмен күш сынасқысы келді. Себебі осыдан үш жыл бұрын дәл осы боксшыдан ол ел чемпионатының жартылай финалында ұтылған болатын. Содан бері талай дүрмекті көрген жас жігіттің шеберлігі әбден шыңдалды. Енді өзінің мықтылығын мойындату үшін Олимпиада лицензиясына иелік еткен саңлақты жеңу қажет еді. Бірақ бастапқы бәсекелерінің бірінде жарақат алған Зәкір жарысты жалғастырудан бас тартты. Енді финалда оны Болат Ерсұлтан күтіп тұрды. Алайда көрермендер дарынды жастардың айқасын көре алмады. Жартылай финалда жарақаттанған Ақмола облысының өкілі шаршы алаңға шықпады. Осылайша, Зейнуллинов өзі көптен бері армандап жүрген Қазақстан чемпионы деген атаққа қол жеткізді.
Алда Токио Олимпиадасының алауы тұтанады. Оған Ертуғанның бара алмайтыны анық. Өйткені ғаламдық доданың лицензиясы 34 жастағы ардагер боксшы Зәкір Сафиуллинің уысында. Десек те, алда әлем мен құрлық чемпионаттары және Азия ойындары секілді көптеген байрақты бәсеке бар. Міне, Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовтің шәкірті осы жарыстарда жасындай жарқылдайды деп үміттенеміз.
АЛМАТЫ