Премьер-Министр Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде америкалық «Valmont Industries» компаниясының президенті Стивен Каневскимен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар мал шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, тамшылатып және жаңбырлатып суару, аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу келешегін талқылады.
Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, қазақстандық «Kusto Group» компаниясы және америкалық «Valmont Industries» компаниясы арасында инвестициялар туралы келісімге қол қойылды.
Құжат Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құруды және заманауи суару жүйелерін өндіретін және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқаратын зауыт салуды көздейді. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 мың «Valley» фронталды және айналмалы суару машиналарын құрайды.
Америкалық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығындағы су шығынын 50-70%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Демонстрациялық фермалар желісін қалыптастыру суару, су ресурстарын ұтымды пайдалану, жемшөп өндіру, фермерлерді оқыту мен тренинг өткізу және білікті кадрлар даярлау саласындағы озық технологиялар трансферін қамтамасыз етеді.
«Valmont Industries» компаниясы – су инфрақұрылымы нысандарын басқару және инвестициясы, суармалы егіншілік және ирригациялық жүйелер өндірісі саласындағы әлемдік көшбасшы. Штаб-пәтері АҚШ-тың Небраска штатындағы Омах қаласында 1946 жылы құрылған. Компанияның жылдық айналымы $2,6 млрд асады.
Үкімет басшысы ҚР экономикасының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі АӨК екенін атап өтті. Бұл ретте, БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бағалауы бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті барынша жоғары елдердің бестігіне кіреді.
«2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 5,6%-ға тұрақты өсім қамтамасыз етілді – бұл саладағы соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. АӨК жаһандық азық-түлік тізбегінде жалғасын тапқан іркіліс жағдайында Қазақстанда инфляцияны тежеудің негізгі факторына айналды», деді А.Мамин.
Келіссөзге Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ-тағы ҚР елшісі Ержан Қазыханов, «Kusto Group» басшысы Еркін Тәтішев, америкалық тараптан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер, «Valmont Irrigation» президенті Ленни Адамс және «Valmont Industries» вице-президенті Джошуа Диксон қатысты.