Өткен жылғы 25 қарашада «Еgemen Qazaqstan» газетінде Бекен Қайратұлының «Желаяқ Джонсон» деп аталатын мақаласы жарық көрген-ді. Ол мақалада 200 және 400 метрге жүгіруден Олимпиаданың 4 және әлемнің 8 дүркін чемпионы, сан мәрте дүниежүзілік рекордты жаңартқан атақты АҚШ спортшының өмірбаяны, жүріп өткен жолы және қол жеткізген жетістіктері жан-жақты баяндалды. Расында да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Майкл Джонсонның даңқы дүркіреп тұрды.
ХХ ғасырдың сексенінші жылдары теңдессіз өнерімен төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырған тағы бір Джонсон бар. Ол – Бен Джонсон. Ең қысқа қашықтыққа жүгірген бұл жігіттің бағындырмаған белесі жоқ. Бен қандай жарысқа қатысса да үнемі алдыңғы лектен көрінді. Тіпті Олимпиаданың 9 және әлемнің 8 дүркін чемпионы деген дардай атағы бар аты аңызға айналған америкалық Карл Льюстің өзі көп жағдайда басты қарсыласының көлеңкесінде қалып қойып жүрді. Бұл жайтты спорт десе ішер асын жерге қоятын шынайы жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Бүгінгі әңгімеміз сол саңлақ жайында.
Бен Джонсон 1961 жылдың 30 желтоқсанында Ямайканың Фалмут қаласында дүниеге келді. Желаяқтар жарысында алдына жан салмаған ол 15 жасында Канадаға қоныс аударып, жаттығуын сол жақта жалғастырды. Бірте-бірте Бен Үйеңкі жапырақтар еліндегі ең мықты жеңіл атлеттердің біріне айналды. 1984 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында 100 метрге жүгіруде және 4х100 эстафеталық сайыста қола медальді мойнына ілді. Ең қысқа қашықтыққа жүгіруде ол тек АҚШ-тың қос саңлағы – Карл Льюис пен Сэм Грэддиден ғана қалып қойды. Есесіне 1985 жылы Карл Льюис, Рэй Стюарт, Линфорд Кристи, Сэм Грэдди, Кэлвин Смит сынды желмен жарысқан желаяқтардың барлығын артқа тастап, әлемнің ең үздік спринтері атанды. 1987 жылы Римде өткен әлем чемпионатында Джонсон 100 метрді 9,83 секундта жүгіріп өтіп, дүниежүзілік рекордты жаңартты. Сол жарыста екінші орынды иеленген Льюистің көрсеткіші 9,93 секунд еді.
1988 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Ғаламдық додада Бен Джонсон төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырып, 100 метрлік қашықтықты 9,79 секундта жүгіріп өтті. Бұл – әлемнің жаңа рекорды еді! Жер-жаһанның мақтаулы спортшыларының бірі де оның шаңына ілесе алмады. Тіптен, «Ұлы Карл» атанған Карл Льюистің шарасыздықтан басын шайқаудан басқа амалы қалмады.
Алайда жеңістің буына мастанып, абырой мен атаққа кенелу бақыты Бенге бұйырмады. Олимпия ойындары аяқталғанынан небәрі үш күн өткен соң Джонсонның допинг қолданғаны анықталды. Алғашында атақты спортшы өзін «сүттен – ақ, судан – таза» етіп көрсеткісі келді. «Мен ешуақытта рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек ішкен емеспін. Бәріне кінәлі – америкалық Карл Льюис. Басты бәсекелесін құрту үшін өзінің досы арқылы менің ішетін тамағыма бір нәрсе қосып жіберген», деп ақталды. Бірақ Льюистің бұл іске еш қатысы жоқ еді.
Көп ұзамай Джонсон өз айыбын толықтай мойындады. Дүйім жұрттың алдында сөз сөйлеген Беннің «Мен ұзақ жылдар бойы сенім артып, тілеуімді тілеп, мені пір тұтқан миллиондаған адамды алдап келдім. Кәріні де, жасты да, барлығын да алдадым. Қазір соны ойласам, өкініштен өзегім өртенеді. Сол үшін қатты өкінемін. Бірақ енді бәрі кеш. Енді қалай ақталсам да мені ешкім кешірмейді», деп еңіреп тұрып жылағаны күні бүгінгідей көз алдымызда. Осылайша, Джонсон қатаң жазаға ұшырап, бірнеше жылға спорттан шеттетілді. Сонымен қатар байрақты бәсекелерде жеңіп алған жүлделерінің көбінен айырылды.
Жазалау мерзімі аяқталған соң 1991 жылы Бен Джонсон үлкен спортқа қайта оралды. Қысқа қашықтықта жүгіріп, қайта абыройға кенелгісі келді. Бірақ ол ескі әдетінен арыла алмады. Көп ұзамай Джонсонға қайта «допинг қолданды» деген айып тағылды. Бұл жолы қазылар оны кешірмеді. Тым қатаң үкім шығарып, Үйеңкі жапырақтар елінің өкілін үлкен спорттан мүлдем шеттетті.
Иә, кезінде Канаданың намысын қорғаған жігіттің өнеріне төрткүл дүние жанкүйерлері тамсанғаны рас. Алайда ол алаяқтыққа барып, арамза жолмен абыройға кенелуді жөн көрді. Бірақ WADA-ның (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) көзі қырағы, құрығы ұзын екені мәлім. Олар алаяқты тұсаулап, барлық былықтың бетін ашты. Сөйтіп Джонсон чемпиондық атақтарының барлығынан айырылды. Рекордтық көрсеткіштері де есепке алынбады. Оның еншісінде тек 1984 жылы Лос-Анджелесте өткен Олимпия ойындарында жеңіп алған қос қола медалі ғана бар.
АЛМАТЫ