АТР рейтингте 49 орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан АТР турнирінің финалына жолдама алған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жартылай финалдық сайыста жерлесіміз әлемнің 72 ракеткасы 33 жастағы Францияның өкілі Жереми Шардимен күш сынасты. 2 сағат 5 минутқа созылған бұл бәсекеде Александрдың асығы алшысынан түсті. Есеп – 6:4, 6:7, 6:3. Оның алдында ол үш бірдей италиялық теннисші – Сальваторе Карузо, Тристана Ламазина және Маттео Берреттиниден басым түскен еді.
Ақтық сында Бублик АТР рейтингінде 23 орында тұрған аустралиялық Алекс де Минаурмен шеберлік байқасты. Өкінішке қарай, алдағы ойында алған жарақаты сыр беріп, жерлесіміз кездесуді жалғастыра алмады. Жеті минуттан кейін ол корттан кетті. Осылайша, бас жүлде жасыл құрлықтың өкіліне бұйырды.