Петропавл қаласының көптеген жүргізушілерінде жол тәртібін сақтау мәдениетінің төмен екенін бұрын да жазған болатынбыз. Патрульдік полиция қаптап жүргенімен жүргізушілер олардан ыға қоймайды. Шағын қалада кем дегенде сағатына 80-90 шақырым жылдамдықпен жүргісі келетін есерлер көп. Ондайлар, әсіресе басқа қаланың нөмірін таққан машиналарды алдына түсіргісі келмейді. Баланың намысқойлығы сияқты сондай қылықтарды көргеніңде сананың төмендігін сезесің. Сана төмен болған соң мәдениет те болмайды ғой.
Полицияның мәліметіне қарағанда, өткен жылы облыста алты мыңға жуық жүргізуші рұқсат етілген жылдамдықтан асырып жүрген. Жалпы, үстіміздегі жылдың 11 айында облыс жолдарында жол тәртібін бұзудың 49 847 фактісі тіркелген. Барлық тұрғындарының саны 600 мыңға жетпейтін, оның ішінде 18 бен 70 жас арасындағы жүргізушілер саны көп болса 200 мыңдай болатын облыс үшін бұл өте үлкен сан. Бұған қарағанда әрбір төртінші жүргізуші жол ережесін бұзған деуге болады. Әрбір жол ережесін бұзушылық адам өміріне қауіп төндіретінін жүргізушілер білсе керек еді.
Осы уақыт аралығында көлігін мас болып жүргізген 986 жүргізуші ұсталған. Ал 75 жүргізуші қарсы бағытқа шығып кетіп, өрескел бұзушылыққа жол берген.
Жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын сақтамау жол-көлік оқиғаларының жасалуына жиі себеп болады. Жүргізушінің назарын жол қауіпсіздігінен басқа жаққа аударып, қырағылығын төмендететін қылықтардың қатарында рульде келе жатып телефонмен сөйлесу жиі болып тұрады. Аталған уақытта осындай 2352 факті тіркелген. 5089 көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпауға жол берген, мұндай жағдайда ЖКО кезінде зардаптың ауырлығын арттыратыны белгілі. «Қыс кезінде апат тәуекелі арта түседі, бұған көктайғақ, жолды көміп қалатын сырғыма мен қатты боран. Осылардың кесірінен көру аймағы шектеледі. Көктайғақ кезінде ең басты ереже – жылдамдық режімін сақтау және арақашықтықты ұстап отыру, сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолағына жақындаған кезде жылдамдықты азайту аса маңызды», дейді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Облыстағы ЖКО көбеюіне үлкен себеп болып отырған жайттардың бірі – жүргізушінің масаң күйінде рульге отыруы. Өткен жылы облыста бұрын көлік жүргізу құқынан сот шешімімен айырылған 37 жүргізуші масаң күйінде қайтадан рульге отырамын деп ұсталды. Мәселен, Ақжар ауданының бір тұрғыны биылғы ақпан айында көлікке мас болып отырғаны үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Дегенмен ол осы жылдың шілде айында өз көлігін масаң болып жүргізіп келе жатып, Горьковский селосының түбінде бағанды соғып, тағы ұсталды. Қараша айының аяғында болған сот шешімімен енді ол жүргізушілік құқынан ғана емес бас бостандығынан да бір жылға айырылды. Ең қиыны енді бір жыл бойы оның отбасы, бала-шағасы асыраушысынан айырылып, қиын жағдайда қалды.
Өткен жылы 11 қаңтарда заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, көлікті масаң күйінде жүргізетіндерге белгіленген жаза қатаңдатылды. Оған сәйкес мас болып екінші рет ұсталғандар жүргізушілік құқынан өмір бойына айырылады. Алайда көлігі қорасында тұрған кейбір жүргізушілер оған қарамай, көлігінен түспейді. Сондықтан заңнама жүргізу құқынан айырылған адамды көлігін бірден сатуын да міндеттеуі керек еді. Мұндай жаза куәліктен айырғаннан гөрі әлдеқайда әсерлі болар еді... Алдағы уақытта сондай да жаза шығатын шығар деген үміт бар. Сонда жол апаты да азайып, адам өміріне келетін қауіптер де кемитін еді.
Солтүстік Қазақстан облысы