WhatsApp мессенджерінің саясаты өзгеруіне байланысты Түркия халқы Telegram платформасына көшіп жатыр. Қолданушылар WhatsApp-тың жеке ақпаратты бұдан былай Facebook корпорациясына жіберуіне наразы.
Бағдарлама жасаушылар мұны мессенджердің Facebook корпорациясының құрамына кіруімен түсіндіреді. Ақпаратпен бөлісу нарық талдауы, қолданушылардың талғамы мен жасы туралы ортақ статистика жасау үшін маңызды деседі. Мұны естіген түрік ағайындар қосымшаны өшіріп, жаңа платформа іздеуге кірісті. Бағдарламаны қолданудан бас тартқандар қатарында ел президенті Режеп Тайип Ердоған да бар.
Үкімет Turkcell компаниясы ұсынған BiP мессенджерін қолдануға кеңес берді. Президент әкімшілігі жұмыс топтары сол платформада құрылатынын хабарлады. Президент Р.Ердоған журналистерді отандық қосымшаға өтуге шақырды.
Telegram иесі Павел Дуров кейінгі күндері 25 млн-ға жуық адам қосымшаға тіркелгенін хабарлады. Осылайша, Telegram қолданушылар саны жарты миллиардқа жеткен.