Альбиностарды – табиғат ғажабы десек те болады. Дегенмен, елден тым ерекше болып туу бақ па, сор ма? Бұлай дейтініміз, өкінішке қарай, әлі күнге дейін африкалықтар альбиностардың шашы, сүйегі, жыныс мүшелері және бас бармағы ерекше емдік қасиетке, күшке ие дегенге сенеді. Қара нәсілді құрлықта аппақ боп туған адамдардың кептірілген, үгітілген, дорбаларға салынған немесе теңізге шашылған дене мүшелері балық өсімін молайтады, тастардың арасынан алтын табуға немесе саясаткерге сайлауда жеңіске жетуге көмектеседі деп түсінеді.
Альбиностар деп медицина тілінде «альбинизм» ауруына шалдыққандарды айтатыны белгілі. Бұл дертке көп жағдайда тумысынан, яғни жатырда жатқанында-ақ ағзасында меланин пигменті тым аз немесе мүлде жоқ адамдар шалдығады. Ондай адамдарды сіз бен біз көшеден кездестірген де болармыз. Себебі, альбиностар әлемнің барлық елінде бар. Альбинизмнің басты белгісі – адамның терісімен бірге шаштары да сүттей ақ, ал көздері үнемі қызарып тұратындықтан өте нашар көреді. Ондай адамдар күннің астына ұзақ уақыт жүріп қалса, денесі күлдіреп ісіп кететіндіктен арты қатерлі ісік ауруына ұласуы мүмкін. Айталық, альбиностар, сондай-ақ жануарлар арасында да кездеседі. Бір қызығы, жануарлар да альбиностарды шеттететін болып шықты.
Альбинизм құбылысы Ежелгі Рим мен Грекия жазбаларынан да табылады. Еуропа ғалымдарының зерттеулері бойынша, 20 мың адамның бірі ғана «таза қанды» альбинос болады. Олардың терісі ақ, шаштары ақшыл, көздері қызыл келеді. Ал Нигерияда 3 мың баланың бірі таза альбинос болады екен. Сол сияқты аппақ жануарлар табиғатта сирек болса да, кездеседі. Оларды альбиностар деп атайды.
Десек те, альбиностардың жаратылысы өздері сияқты сиқырға толы. Адамның не жануардың альбинос болып жаралуын ғалымдар түрліше түсіндіреді. Кейбіреулері бұны гендік кодтың мутациясы, басқалары ауру деп ұғынады. 17000 адамның біреуі – альбинизм қасиетін қандай да бір мөлшерде иеленуші. Альбинизмге шалдыққандардың көруі нашар, терілері тым жұқа болғандықтан жарақатқа бейім болмақ.
Ал Қазақстанда альбиностар бар ма десек, алдымен ақтаулық апалы-сіңлілі Қалағановалар көз алдымызға келген болар еді. Қазақтың ақ қыздарының ғаламторда танымалдығы күн санап артып келеді. Бұл күндері оларға отандық сән үйлерінен бөлек, шетелден шақыртулар түсе бастады.
Сіңлісі Кәмиладан 13 жас үлкен Әсел бүгінде жарнамалық роликтерге түсіп, табыс тауып жүр. Әсел Қалағанова биыл 15 жасқа толды. Түр-түсі ерекше жеткіншек жастайынан сән үлгілерін көрсетуді армандап келіпті. Былтыр отандық телеарнадан апалы-сіңлілі альбинос қыздар жайлы сюжет жарық көрген соң сән үйлерінен шақыртулар түсе бастаған.
Былтыр жылдың соңына қарай Әсел америкалық тауар жарнамаланған бейнероликте бой көрсетті. Бүгінде ақтаулық аппақ қыздарға басқа елдерде тұратын альбинос балалар да ғаламтор арқылы хабарласып, ақыл-кеңесімен бөліседі. – Ресей, Беларусь, Өзбекстан секілді ТМД елдерінде тұратын альбинос балалар жиі хабарласып тұрады. Түр-түсінің өзгеден ерекше болып келуінен көп жағдайда олар тым ұялшақ болып келеді. Өз кезегімде мен осы ерекшелікті өз пайдасына жаратуға кеңес беремін. Мәселен, өз арманыма қолым жетіп, қазір түрлі затты ғаламторда жарнамалап жүрмін. Осы үшін жақсы табыс та табамын, – дейді модель Әсел Қалағанова. Альбинос жеткіншектің мұратына жетуіне жол ашқан адам – Айжан Сейсеналиева екендігін айта кету керек. Бойжеткен модель агенттігін басқарады. Жыл басында апалы-сіңлілі қыздармен келісімшартқа отырған. Олардың фотосуретін әлеуметтік желілерде жариялап, іскерлік ұсыныстар қабылдай бастапты. «Шетелге шығып, жұмыс істеуімізге індет кедергі болып тұр», дейді ол. – Әсел қазақстандық әншінің бейнеклипіне түсіп үлгерді. Сондай-ақ Флоренция есімді грек әншісінің клипіне де түсті. Көптеген ресейлік скаут-агенттіктер де қызығушылық танытып отыр. «Біз олардың іскерлік ұсыныстарын қарап жатырмыз», деді модель агенттігінің директоры Айжан Сейсеналиева. Менеджердің айтуынша, эпиджағдай тұрақталып, шекаралар ашылар болса Қалағановтардың қос қызы жаһандық жобаларға қатыса бастайды. Демек, ақтаулық альбинос жеткіншектер көпке танымал дизайнерлердің қолынан шыққан сән үлгілерін киіп, сахнаға шығар уақыты әлі алда.
Осындай ерекше екі баланы дүниеге әкелген анасы Айман Сарқытова: «Тұңғышым Әсел туғанда генетика саласы аса дами қоймаған кез, қазір ғой медицинаның өркендеп отырғаны, ғылыми тұрғыда түсіндіре алады. Нәрестем ерекше аппақ болып туғанда дәрігерлердің өзі таң қалып, орыс па деп ойлаған еді. Бастапқыда өзім де не істерімді білмей, «шок» болғанмын. Бірақ, күйеуімнің ата-анасы тұқымдарында альбиностар болғанын айтты. Менің әке-шешем де осыған ұқсас жайттарды келтіргеннен кейін сабама түстім», дейді.
Әдеттегі альбиностардай Әсел мен Кәмила да ағзада меланин жетіспеушілігіне байланысты күннің көзінде жүре алмайды. Шыға қалған жағдайда да көзілдірік киіп, қолшатыр ұстауға тура келеді.
Айманның көшеде кетіп бара жатқандардың назарын аудармай қоймайтын аппақ қыздары туралы айтары көп.
«Бір күні тұңғышым кішкентай кезінде пойызда кетіп бара жатсақ құжат, билет тексеруге кірген жолсерік қызымды көре салып, купе есігін жаба қойды. Есінен танып қала жаздаған жолсерік кейін қыздарымды қуыршақ екен деп ойлап қалыпты», деп еске алады анасы.
«Ой, альбиностар! Және екеу, әкелері орыс па не? Тұқымдарыңызда осындай адамдар бар ма еді?». Қалағановтарға ең жиі қойылатын сұрақ та осы.
Сонымен өзінің ерекше жаратылысын қабылдаған Әсел Қалағанова таяуда шашқа арналған америкалық өнімнің жарнамасына түскені туралы отандық БАҚ өкілдері хабарлап жатты.
Бақтарың ашылсын, тіл-көзден сақ болғайсыңдар, аппақ қыздар!
АЛМАТЫ