Ананың ақ сүтін ештеңе де алмастыра алмайтынын бүгінгінің көзі ашық қыз-келіншектеріне айтып, түсіндіріп отырудың өзі артық. Уызына жарымаған баланың денсаулығында да, мінез-құлқында да бір кінәрат қалатынын баяғылар арнайы зерттемесе де ішкі түйсікпен білген ғой. Ендеше Қазақстанның әйелдері күштерінің альянсы жұмыс берушілерді өз қызметкерлеріне бала емізетін орындар ұйымдастыруға үндеп отыр.
Оған қоса, өсіп келе жатқан жеткіншектердің денсаулығын зерттеумен дендеп айналысатын Дүниежүзілік балалар қоры жеткіншектерді дұрыс тамақтандыруға байланысты пайымдарын дәйектей түсті.
Ұйым сарапшыларының пікірінше, баланың денсаулығы дұрыс болуы үшін нәрестені туғаннан бастап 6 айға дейін міндетті түрде емізу қажет.
Өйткені, ана сүтімен өсіру 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімін төмендетуге бірінші кезекте септесе алады. Омырау сүтінің құнарын ештеңе алмастыра алмайды. Жұқпалы аурулар өлімі белең алған елдерде емшек емізу айтарлықтай насихат пен қорғауды қамтамасыз етеді. Тіпті ана сүті дамыған елдерде де некротикалық энтероколит, нәрестелердің кенеттен қайтыс болу синдромынан болатын шетінеуді азайтады.
Уызына жарып өскен бала ақыл-есі жоғары тіршілік иесі ретінде адам капиталын арттырып, артық салмақ пен семіздік, қант диабеті және балалардағы лейкемия кеселдерін кеміте алады. Сонымен қатар әйелдер арасында сүт безі мен аналық бездің қатерлі ісігі, қант диабеті қаупін азайтады.
Екі жастан кейін ата-аналар баланың азық-түліктің сапасы мен алуан түрлілігі бойынша толық тамақтану рационын, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде және тамақтану жиілігін қамтамасыз етуі керек.
Мәселен, 2016 жылы Ұлттық экономика министрлігі емізулі жастағы балалардың тамақтануына зерттеу жүргізіп, оның нәтижесінде сәбилердің 38 пайызы ғана алты айға дейін емгенін алға тартқаны есімізде.
Сонымен бірге, сәбилердің үштен бірі (33%) А дәрумені, темір және мырыш сияқты маңызды дәрумендерді дер кезінде алмайтыны, уақтылы тамақтанбайтыны белгілі болған. Сондай-ақ тамақтану нәтижесінде 5 жасқа дейінгі 168 мың баланың бойы дұрыс өспей жатқаны анықталыпты.
Сондықтан анасын еметін балалардың санын арттыру үшін Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы мемлекеттік телеарналарда, радиода және интернет-порталдарда емшек емізуді қолдау үшін белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр.
«Бүгінде балалар тағамы мен емшек сүтін алмастыратын басқа да азықтардың маркетингін реттеу шараларын қабылдау қажет, барлық сауда орталықтарында, сондай-ақ, көпшілік орындарда баланы тамақтандыруға арналған оңаша бөлмелер ұйымдастыру қажет», дейді Қазақстанның әйелдер күштері Альянсы басшысының орынбасары Азиза Шужеева.
Ана орталықтарында және барлық емханада емшек сүтімен емізудің 10 қадамын жүзеге асыру жаңа туған нәрестелерді емшек сүтімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әйелдер күштері Альянсының сарапшылары әкелерді де бұл бастамадан қалыс қалмай, перзенті дүниеге келгеннен бастап дұрыс тамақтануын қадағалауға және 6 айға дейін тек емшек сүтімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуға шақырады.
Себебі – жалқы. Бала туғаннан кейінгі алғашқы үш жылда анаға әкесінің көмегі мен қолдауы баға жетпес мәнге ие.
АЛМАТЫ