Алматы облысында 2021-2025 жылдары облыста шамамен 5 млн. 400 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, соның 1,1 млн. шаршы метрі «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында іске асырылады. Баспанамен үш мыңнан астам әлеуметтік осал және 5500-ден астам көп балалы отбасы қамтамасыз етілмек. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың VII шақырылымының I-ші сессиясында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының жобасын депутаттарға таныстырған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баяндамашының айтуынша, аталған Бағдарламада облысты жайлы және қауіпсіз өңір ретінде дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленген. Мұнда халықтың тұрғын үймен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Облыста бес жылда 5 млн. 400 мыңдай шаршы метр тұрғын үй салу көзделсе, соның 1,1 млн. шаршы метрі «Нұрлы Жер» бағдарламасы арқылы шешілмек. Сондай-ақ, 58 мың пәтерлік бір мыңнан астам коммерциялық үй салынады, оның 5 мыңы «7-20-25» бағдарламасы бойынша іске асырылады. Соның арқасында тұрғын үймен үш мыңнан астам әлеуметтік осал және 5527 көп балалы отбасы қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.
Бағдарламада халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, 9 ауданның 33 ауылына орталықтандырылған су жүйесі салынады, 72 ауылда су желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде орталықтандырылған сумен 100% қамтамасыз етуге қалалар 2023 жылы қол жеткізсе, ауылдар 2025 жылы жетеді.
«Алматы-Талдықорған» магистральдық газ құбырын салу мен елді мекендерді газдандыру деңгейі 2014 жылғы 20%-тен 2020 жылы 59%-ке дейін өсті. «Талдықорған-Үшарал» және «Шелек-Кеген» магистралдық газ құбырларын салу арқылы Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кеген және Райымбек аудандарының 195 елді мекені газбен қамтылатын болады. Сөйтіп 1,6 млн.тұрғын немесе бүкіл халықтың 76% көгілдір отынның игілігін көру мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ, бағдарламада шағын қалалардың көп қабатты тұрғын үйлеріне газбен істейтін блокты-модульді қазандықтар орнату қарастырылған. Бұл жұмыс 2018 жылы Талғар қаласынан басталып, өткен жылы Қаскелеңде жалғасқан. Үш жылдың ішінде екі қалада 4898 пәтерлі 152 үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Енді Есік, Жаркент қалаларын және басқа да ірі елді мекендері қамтылады, сөйтіп автономды жылыту проблемасы толығымен шешіледі.
Бағдарламада жергілікті жолдарды жақсартуға да көңіл бөлінген. Бес жыл ішінде төрт мың шақырымнан астам жолды қайта құру және жөндеудің барлық түрлерімен қамту жоспарлануда. Осының есебінен 118 ауылдағы жолдардың сапасы жақсарады. Сөйтіп жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 100%-ке жеткізу міндеті қойылып отыр.
Сол сияқты қылмысты азайту мақсатында қоғамдық орындарында 1736 бейнебақылау камераларын орнату, жыл сайын кемінде 30 патрульдік автокөлік сатып алу, тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттерінің санын 217-ге жеткізу көзделген.
Жалпы Алматы облысында инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту үшін 590 млрд. теңгеге - 1 129 жоба, оның ішінде «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде 104 млрд. теңгеге 445 жоба іске асырылады. Барлығы 407 ауыл немесе ауылдық елді мекендердің 56%-і қамтылады. Осы шаралар есебінен 2025 жылға қарай өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келетін ауылдардың үлес салмағы 54%-тен 90%-ке дейін ұлғаяды.
Атап өтсек, Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 трлн. теңге қарастырылған, оның 2 трлн. 300 млрд. теңгесі – бюджеттік, 1 трлн. 200 млрд. теңгесі - жеке қаражат.