• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қаңтар, 2021

Атырауда БАҚ өкілдеріне 500 мың теңгенің сыйлығы берілді

453 рет
көрсетілді

Атырауда қазақ журналистикасының негізін салушы, профессор Тауман Амандосов атындағы облыс әкімі сыйлығының иегерлері марапатталды. Он аталымның жеңімпаздарына 500 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді.  

Сыйлықты жеңімпаздарға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тапсырды.   

«Қай кезде де ақпарат саласының мамандары – қоғамның айнасы. Пандемия ушығып тұрған кезде дәрігерлермен бірге, журналистер де алдыңғы шепте жүрді. Қауіпті аймақтан  тікелей репортаждар жүргізіп, шынайы ақпаратты таратты. Бұл – БАҚ өкілдерінің кәсібіне адалдығының көрінісі» деді Махамбет Досмұхамбетов.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік журналист–2020» номинациясын белгілі журналист, «Сарайшық» журналының бас редакторы Исатай Балмағамбетов иеленді. «Атамекен» ҰКП Атырау облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқпаева – «Үздік баспасөз қызметі–2020», волонтер әрі блогер Қуат Жанесеев – «Үздік блогер–2020», өңірлік коммуникациялар қызметінің  дизайнері Еламан Нухин «Үздік визуалды жұмыс–2020» номинациясымен марапатталды.

Ал, «Үздік креативті шығармашылық–2020» номинациясына журналист Нұрберген Мақым, «КТК» арнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Бекен Әлирахым  «Үздік меншікті тілші–2020», «Атырау–Ақпарат» ЖШС баспаханасының түптеу цехының түптеушісі Алтынай Тантуарова  «Үздік техникалық маман–2020» аталымына ие болды.

Сондай-ақ «Үздік кадр–2020» номинациясы «Атырау» телеарнасының операторы Қанат Елеуовке, «Үздік интернет паблик–2020» аталымы «Faceebok»-тегі парақшасы үшін блогер Арман Хайрулинге, «Үздік редакция–2020» сыйлығы Құрманғазы аудандық «Серпер» газетіне тапсырылды.

Бір топ журналиске 1 миллион теңгелік «Тұрғын үй» сертификаты табысталды.