Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Көлсай мен Қайыңды көлдері қыс басталысымен қатып, коньки тебуге арналған мұз айдынына айналады, деп хабарлайды Egemen.kz
Мемлекет қорғауына алынған нысандар да коньки тебуге бола ма? деген сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берді.
Әлеуметтік желілерде туристер мен кәсіби коньки тебушілердің көлдерде сырғанап жүрген видеолары мен суреттерін жиі байқауға болады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі Көлсай көлінде коньки тебуге арналған арнайы жабдықталған алаңдар жоқ екенін еске салды.
«Жеке тұлғалардың мұз үстінде болуына, соның ішінде коньки тебуге заңмен тыйым салынбаған. Келушілер тарапынан коньки тебуге деген сұраныстың артуына байланысты жақын арада ұлттық парк Көлсайдың төменгі жағындағы көлде коньки тебуге арналған орын ашуды қарастырып жатыр. Ал Қайыңды көлінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұзға шығуға және сырғанауға қатаң тыйым салынады. Төменгі және орта көлдерде балық аулауға рұқсат етіледі», деді Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.
Көлсай мен Қайыңды көлдері Алматы облысы Райымбек ауданының аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 330 шақырым жерде орналасқан.
Айта кетейік, Үлкен Алматы көлінде де коньки тебуге қатаң тыйым салынған.