Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті дамыту және қолдау үшін 2019 жылы «Almaty Business – 2025» өңірлік бағдарламасы әзірленіп, қабылданды, оны іске асыру шеңберінде «Алматы «ӘКК» еншілес құрылымы – «Almaty Finance» құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінгі таңда «Almaty Finance» компаниясы тамақ өнеркәсібінде, IT-саласында, креативті индустрияда жобаларды іске асыруға қаржыландыруды ұсынады, сондай-ақ өнеркәсіптік парктердің сервистік орталықтарын, балабақшалар, жалпы білім беретін мектептер, медициналық орталықтар, мәдениет нысандары, спорт алаңдары жататын әлеуметтік сала нысандарын салу мен дамытуды қаржыландырады.
«Сонымен қатар қазіргі пандемияны ескере отырып, біз өз бағдарламаларымызды қайта қарап, жаңа форматтағы үйдің жанындағы дүкендер сияқты бағыттарды қаржыландыра бастадық», деді «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Заңғар Сәлімбаев.
Спикердің айтуынша, пандемияға байланысты жүйелік негізде бизнеспен кездесулер өткізілді.
«Біз өз бағыттарымызды қайта қарадық және қазіргі уақытта өзіміз үшін 7 басым бағытты айқындадық. Олардың арасында креативті индустрия, ойын-сауық, әлеуметтік нысандар құрылысы, үй жанындағы дүкендер желісі, өндірістік секторды дамыту және қызмет көрсету саласының орталықтарын кеңейту, стационарлық емес сауда нүктелерін құру, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту бар. Бүгінгі таңда біз осы 7 бағытқа назар аударып отырмыз. Қазіргі уақытта бұл бағыттар Алматы кәсіпкерлерінде сұранысқа ие. Қазіргі пандемияға байланысты көптеген кәсіпорындар басқа бағыттар мен әртараптандыруға жүгінеді. Көбісі қазір медицина мен басқа салаларға ауысуда», деп түсіндірді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдан бері 8 млрд теңгеден астам сомаға 42 жоба мақұлданды, жүзден астам жұмыс орны құрылды.