Кез келген өнер туындысының әдебиет, театр, кино болсын бәрібір, адамның сезімін толқытып, жүрек түкпіріне дейін қатты әсер ете алуы – оның сәтті шыққандығының басты белгісі. Бұл орайда алты тараудан тұратын «Абай жолы» телесериалы осы талаптың үдесінен шықты деп айта аламыз.
Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының трагедиясы туралы түсірілген бұл сериал былайғы жұрт былтырғы Абай жылына арналып, ұлы ақын туралы түсірілген фильм екен деп ойлап қалдық. Бірақ онда ұлы ақын мен ұлы жазушының және ұлы туынды «Абай жолы» роман-эпопеясының да тағдыры көрінген. Үш ұлының трагедиясының бастарын бір жерге тоғыстырған фильмді түсіруге тәуекел еткен режиссер Мұрат Есжан және оның қатысуымен сценарийін жазған Ұларбек Нұрғалымұлы мен Мақпал Мадиярованың еңбегі аса зор. Өзге елдерде болатын кинофестивальдарда сыйлық алуды көздеп, қазақы дүниенің бәрін аттап-бұттап тәрк етіп, тыраштанып түсірілген «шалақазақ» фильмдердей емес, мына туынды нағыз қазақы қалыбын, табиғи тынысын, даланың сағын сындырмаған асыл дүние екен. Сөздің сыны да, тілдің тіні де бұзылмай, ұлттық қаймағын айырмаған қалыбында тұр.
Фильм оқиғалары «Абай жолы» романының негізінде өрбігенімен толығымен оның мазмұнында кетпей, ақынды соцреализм құрсауынан ада, шыншыл бағытта танытпақты ғана алдына мақсат етіпті. Бұл тұрғыдан да жеткен табыстары бірсыдырғы зор. Мәселен, жазушы соцреализмнің талабына мойынұсынып «таптық күреске» жақындату мақсатымен ойдан шығарып, қосқан Дәрмен, Иса, Иіс және т.б. сияқты романдағы кедейлерден шыққан орталық кейіпкерлер жоқ. Мұнда негізінен тарихи тұлғалар ғана көрінеді. Әрине, ұлы жазушының зор талантымен қанаттасқанда олқы кеткен тұстары көп. Олар туралы төменде айтатын боламыз.
Фильмде ұлы Абайдың трагедиясы ақын туралы роман жазған Мұхтар Әуезов трагедиясымен қатар өріліп отырады. Екі ғасырдағы қазақ ұлыларының басына тиген надандықтың параллель соққылары айқын көрінген. Абайдың басына тиген қара тобырдың соққылары қазақ ортасында туған болса, Мұқаңның басына тиген таяқ қызыл-империяның күшеюін ғана көздеп, ұлттық дүниелердің бәрінің қанын судай ағызған Кремльден туған қанды қасаптардың лаңы. Қызыл империяға жағынып, жақсы атаққа ілегуді көздеген ұлтын сатқан жағымпаздардың соққысы тісі өткір қандендердің балақтан қапқаны сияқты жазушыға ащы тиеді.
Фильмдегі шолақ белсенділердің сұғын қадағаны – романның бірінші кітабы. Қазақ даласындағы қазір зиялы деп атайтын, ал ол кездегі жақсылар мен жайсаңдар өмірінің терең қырларын бейнелеп, көркем тілмен әлемге танытқан ұлттық болмысымыздың аса құнды көріністеріне қызыл белсенділер қанжарын сұғып бағады. Советтік идеологияға сәйкес оларға қазақтың тек жабайылығы, мәдениетсіздігі, тобыр-надандығы ғана керек еді. Олар қазақты толыққанды, қалыптасқан ұлт ретінде көргісі келмеді. Ал мына жерде қазақ ортасының орыс мұжығынан әлдеқайда ақылды, парасатты, мәдениетті екендігі көрінеді. Кеңесшіл алашапқындардың шамына тигені сол. Өмір шындығын ашып көрсеткен осы эпизодтар қазіргі қазақтың да санасына селкеу салып, көзін аша түсіп, көңіл көкжиегін көтере түсері сөзсіз.
Фильмде бірінші томды төмпештеуге бағытталған «идеологиялық күрес» шынайылықпен көрінген. Ұрдажықтардың пасықтығы адамның жүрегін айнытардай лас, арсыз, қараңғы. Абайдың ақындық мектебі дегенге шүйілген бір топас «марксизм-ленинизм» мектебі ғана болады дегенді айтуымен өзінің адам санасын улаған жағымпаздықтың шыңына көтерілгенін айғақтап тұр. Бар мақсаты алашордалықтар аңсаған қазақтың өзгелермен теңелуіне жан-тәнімен қарсы күрескен сол Нұрышев ақыры келешек ұрпақтан жеңіліп, өз немересінің Әуезовті аспандата көтеріп, әділетті бағалағанын көргенде тілі байланып қалады. Осындай озық ойлы тапқыр тұжырымдар фильмде көп. Абайға қарауға беті жоқ Оразбайдың көңіл айтып кіруге дәті бармай, үйдің сыртынан келіп сөйлескені де – нанымды, тапқыр шешім.
Бала Мұхтарды әжесі Абай ауылына апарып, оның өлеңін атаның алдында айтқызғысы келгені де жақсы эпизод. Баланың аты асқар таудай атаның алдында қысылып қалғаны да нанымды, табиғи. Саналы балалар ғана ұялшақ болады. Қазіргі балалар құсап тақылдап айтып тұрса нанымсыз болар еді. Бұл да – режиссердің тапқырлығы. Ұтымды шыққан.
Алайда негізгі кейіпкерлердің образдарын күшті, құдіретті ету үшін олардың жаулары мен қастарының образын да күрделендіре түсу керек еді. Әуезовтің өзі «Абай жолында» Абайды күшті ету үшін Құнанбайды терең, Оразбайды қиракезік, қастық пен жауыздық жолында жалықпай күресетін белі бекем, қисық, барынша қыңыр етіп көрсетті. Ал фильмдегі осы кейіпкерлердің болмысы солғындау. Оразбайдың рөліне таңдаған әртіс Оразхан Кенебаевтың да сұсы мен тысы шынжыр балақ, шұбар төс Оразбайдан гөрі адамгершілігі мол адамды сомдауға лайық. Керісінше Оспанды ойнаған әртіске осы рөлді бергенде ұтымды болар ма еді деп ойлаймыз.
Оразбай мен Оспан арасындағы тартыс та солғын. Оспан өзінің үстінен арыз алып кеткен Оразбайды артынан қуып барып арбаның артына таңып алып келгені кітапта қаншалықты нанымды болса фильмде соншалықты сенімсіз. Өйткені фильмде Оспан болыстыққа өте алмай қалған, ал кітапта ол алғашқыда өте алмағанымен артынан Күнтудың орнына болыстыққа тұрған соң ұлықтығын мойындамаған Оразбайдың ісіне қатты шамданып, намыстанады. Сондықтан ғой «тау соққандай екпінмен» жауын жайпағаны. Ал жай арыз әкеткенге бола Оспан соншалықты туламас еді.
Құнанбайдың Меккеге жүрерінде партократ-бюрократтар «Қодар-Қамқа оқиғасы алдынан шықсын» деп фильмде авторға шегелеп тапсырады. Бұл шындық болуы әбден мүмкін. Алайда ұлы Мұхаң романның бұл эпизодында исі қазақтың жақсысы мен жайсаңының ел мен жерге қоштасардағы қимастығын көрсеткен аса көркем де күрделі сәтті жасап шыққан. Құнанбайдың: «Ей, менің балаларым, дос-жарым, іні-туғаным» деп басталып, «от басында немереге, ас басында келінге, мал басында малшыға «әй-өй» деп отырып өлетін бай-бай шал болып өтсем мен сендерге лайық әке, лайық аға-бауыр болғаным қані» деген сияқты жүрек тебірентерлік ұтымды сөздерінің өзі неге тұрады? Ал қызыл белсенділердің тапсырмасымен қосылған «Дәркембай-Дәрмен дауы» сиырға ер салғандай жараспай тұр. Қажылыққа кетіп бара жатқан адамға бойында адамгершілігі бар қазақ еш кінә артпайды. Тіпті өзіне қамшы сілтеген Оразбайдай жауызды да Абай өмірде кешіріп, Меккеге жүрерде ризашылығын берген. Сондықтан осы эпизодты қосқанда халықтың Құнанбайдан шошына шегінгенін және оның жалғыз атты болып қалуын фильмге алмаса да болар еді. Санасы соцреализмнен ада қазіргі көрермен оған түсіністікпен қарар еді. Керісінше, ел-жұрттың Құнанбаймен қимай қоштасып, ал бәйбішесі Ұлжанмен екеуінің күйменің ішіндегі арыздасу эпизоды – Абайдың ата-анасының кім екенін анық көрсетіп, жүрек сырларын ақтарған ең ұтымды, ең өнегелі көрініс болмас па еді?
Әрине, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші режиссердің эпопеяның қандай эпизодын қалауы өзінің еркінде ғой. Біз тек ұтымдылығы жоғары эпизодтарды еске салып жатырмыз.
Біздіңше, фильмдегі Қайым Мұхамедхановтың образы да сәтті шықпаған. Ол ұлы жазушының барлық ақылы мен білімін бойына сіңіріп және өзінің көп жылдық еңбегі сынаққа ұшырап, қайта қаралатын болғанына қапаланып, жүйкесі ширығып, трагедиялық күй кешіп жүрген құймақұлақ жас ғалым емес, сұхбат алуға келген журналист сияқты пікір қалдырады. Ешқандай күйзеліссіз жүрген жеңіл сыпайылық бұл образға жат болуы керек-ті. Сондықтан бұл рөлге таңдаған артист өзінің образын аша алмаған деп айта аламыз. Оның үкімі оқылғанда «СССР Қылмыстық кодексінің 58-ші бабымен сотталады» деген де дұрыс емес. Біздің қуғын-сүргінге ұшыраған ағаларымыздың бәрін «РСФСР ҚК 58-ші бабымен» соттаған. Бұл ұсақ-түйек емес, адам өзгеріп, заман өзгеріп жатқанда түбінде бөтен елдің заңымен біздің азаматтарымызды неге соттаған деген сұрақ та тууы мүмкін... Сондықтан бұл фактіні бұрмалауға болмайды.
Абай өзін алғаш тергегенде патша шенеуніктері және қазақтың сайланған ұлықтарына тән сипат парақорлық, өтірік куәлік, әділетсіздік деп айта келіп, оған қазіргі «коррупция» дегенді қосқанда бұл сөз ойлы көрерменнің құлағына түрпідей тиеді. Өйткені ол заманда мұндай термин жоқ екенін жұрттың бәрі біледі, ал орысша айтқысы келсе «мздоимство» немесе «лихоимство» деп айтса жарасар еді. Сондай-ақ Абайдың Семейдегі Гоголь кітапханасында тоңмойын шенеунікті қатырған атақты сөзі де тым қарабайыр болып кетіпті. Шенеуніктің «кітапханаға даланың түйелері қашаннан келетін болған» дегеніне орай Абай «мұнда қаланың есектері де келеді» деп ұтымды жауап берген. Яғни мәселе, «қала» мен «дала» деген сөздермен ойналып, нәтижесінде шенеунікті есекке теңеп кеткенінде. Ал фильмде қаланың деген сөз мүлде жоқ, тек «мұнда есектер де отыр» деп түйеден түскендей дүңк еткізген. Сөйтіп ол Абайды тасырлау етіп көрсеткен жағымсыз көрініске айналып кетіпті.
Фильмде «Салиха қыздың дауы» да алынған екен. Бұл Абайдың Оразбайлардан бойы өсіп, халқының ұлы болуға бет алған күрделі эпизод. Алайда фильмде ол жеңіл қайрылған. Тіпті Абайдың: «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға» деген жыр жолдарын туғызған күйзелісі де жоқ. Осы эпизодтағы ірілігі сол, ол осыған дейін өзінің қатарласы әрі үзеңгілесі болып жүрген Оразбай мен Жиреншені «оттапсың екі төбет» деп бастап әбден жер қылатын еді. Фильмде оған көңіл аударылмай Абай Жиренше мен Оразбайды ықтыра алмаған, керісінше дәл осы эпизодта ана екеуі мықтырақ. Әсіресе, Жиреншені ойнаған әртіс қырыс кеткен, қулық пен сұмдыққа әбден піскен жан екенін көрсетеді. Ол Абайға «ата жолынан садаға кет!» деп ақырады. Осының өзімен-ақ Жиреншелер ірі болып тұр. Ал фильм керісінше Абайды осылардан сонағұрлым биік қылып шығаруы керек еді, бірақ оған қол жетпеген...
Мұндайлар ұсақ-түйек болып көрінгенімен «Абай жолын» жатқа білетін білікті оқырмандарға ұнамай, теріс пікірдің тууына себеп болады. Ал шын мәніндегі ұсақ-түйектер қатарына Оразбайдың үйіне жиналған мешкей билердің етті асап жемей түртіп жеуі, барлық жарлы-жақыбайларға дейінгі кейіпкерлердің бір-бірімен ағылшындарша сіз-біз деп сөйлесуі, Абайдың шылым тартпай, насыбай атуы, шақырумен кірген Салиха қыздың иіліп иба жасамай, тікесінен тік тұрып қалуы және т.б. ұсақ-түйектер де көрерменнің көзіне оғаштау көрінері хақ.
Сондай-ақ М.Әуезовті жауларының ортасына жалғыз қалдыру да дұрыс емес еді. 1952 жыл 37-ші жыл емес, мұнда жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығының жалғыз лауреаты, оған Ғабит Мүсірепов сияқты үлкен жазушылар ара түсіп, қолдаған. Сол жерлер де ескерілмеген.
Өзіміз байқаған осындай шағын олқылықтар болғанымен фильм, жоғарыда айтқанымыздай, өте нанымды, оқырманды сендіре алатын шыншыл туынды деп айта аламыз. Оны қазақ киносының соңғы жылдардағы үлкен табысы деп айтуға әбден лайық.