• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Қаңтар, 2021

Тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде сақталамыз

225 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқавтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқып шығып, егемендігімізді, мемлекеттігімізді нығайту үшін не істеуіміз керек деген сауалға жауап алдық.

Отыз жылда еліміз мемлекеттік нышандарын белгілеп, билік жүйесін қалыптастырды, ұлттық ва­лютамыз айналымға енді, Қа­ру­лы Күштеріміз құрылды, Ата заңы­мыз қабылданды, шекарамыз ше­генделді, еліміз беделді халық­аралық ұйымдарға мүше болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі ұлт­тық салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін жаңғыртып, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық.

Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбас­шы­лығы мен халқымыздың дана­лығы мен парасаты, бірлігі мен ын­ты­мағы, отандастарымыздың қа­жырлы еңбегі жатқанын атап өтті. «Сондықтан Елбасы Тәуел­сіз­ді­гіміздің мәңгі символына айнал­ды десек, ақиқатты айт­қан болар едік» деп тұғырлы тұл­ғаның ел та­ри­хында алар орнын айқындап берді.

Мемлекет басшысы алдағы он жылдағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін баса айтты. Бұл жолда саяси-эко­номикалық реформаларды жә­не сананы жаңғырту үдерісін жал­ғас­тырып, заман талабына бейім­делген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.

Ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұр­пақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Ол үшін өске­лең ұрпақ тәуелсіздіктің қаді­рін білуі қажет. Азаттық бізге оңай­лықпен келген жоқ. Тәуел­сіздік тағдырдың бере салған сыйы емес. Түптеп кел­генде, қазақтың тарихы – азаттық жолындағы күреске толы тарих.

«Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Та­лай зұлмат замандар мен нәу­беттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», деді Президент өз мақаласында. Шынында да, ел азаттығын, ұрпақ бақытын ойлап, толарсақтан қан кешкен кешегі бабаларымыз:

Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам,

Құрап жанды көп жиып,

Өз алдына ел қылсам, – деп армандаумен өтті. Ата-бабамыз армандаған азаттық бүгінде айнымас ақиқатқа айналды.

Тәуелсіздікке қол жеткізу ғана емес, оны ұстап тұрудың  әлде­қайда қиын екендігіне мемле­кеттердің бұрын-соңғы тарихтары дәлел. Осыдан үш ғасыр бұрын азат­тықты аңсаған Ақтамберді баба­мыз да «Осынша берген дәу­­летті көтеріп тұра алар ма екен­біз?» деп толғаған екен. Иә, тәуел­сіздік – асыл бабаларымыз жетсек деп армандаған ерекше байлық, ен дәулет. Ендеше, Прези­дент атап өт­кендей, ол «дәу­летке» қол жет­кізбек бар да, оны сақтап қалу бар.

Сонымен қоса, ел Президенті өзінің мақаласында маңызды тапсырма жүктеді, ол – Қазақ­стан­ның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау. Ол үшін талай ақтаңдақтардың бетін ашып, бұрмаланып келген деректерді түзету қажет. Бұл іске елі­міздің ең мықты тарихшылары тар­тылмақ. Сонымен қатар Қазақ­станның қысқаша тарихы әлемнің негізгі тілдеріне аударылатын болады. 

Мемлекет басшысы осы мақа­ласында Қазақстанның егеме­н­дігіне, аумағының тұтастығына күмән келтіруші жат ниетті сая­саткерлердің арандатушылық сан­дырақ әңгімелеріне нақты жауап қайтарды.

«Қазаққа осы ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хан­дығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Жалпы, тарих­пен саясаткерлер емес, тарих­шылар айналысуы керек», деп баса айтты.

Қазақ үшін ежелден Жер,Тіл, Ел бірлігі – ең қастерлі ұғымдар дейтін болсақ, Мемлекет бас­шысы осынау мақалада: «Жерге бай­ланысты бәріміз айқын біле­тін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетел­діктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нор­ма­ларына қатысты енгізілген мора­торийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан биыл Жер мәселесі жөніндегі комис­сияны құрып, соның аясын­да бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын» деп қадап айтып, нық сенімде болу керектігін ұғындырды.

Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе – халықтың қала­лық жерлерге жаппай көшуі сал­дарынан көптеген ауылдарда, әсі­ресе, шекара маңындағы елді ме­кендерде тұрғындар саны күрт азайып кеткендігін де тілге тиек етті. Біз еңбек күші көп оңтүс­тік өңір тұрғындарының солтүс­тік және шығыс аймақтарға қо­ныс­тануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты басты назар­да ұстауымыз керектігін атап өтті.

Президент қазақ тілінің мәр­те­бесі жайында да сөз қозғады. Ел азаматтарын мемлекеттік тіл­ді меңгеруге үндей отырып, мә­селе ниетте екені атап көр­сет­ті. Мемлекеттік тілді білу – Қа­зақ­станның әрбір азаматының парызы деп те айтуға болады. Осы орайда барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарымызға үндеу тастады. Жаһандану мен ақпараттық технологиялар жас ұр­пақтың тек болмысына ғана емес, тілдік таңдауына да қаншалықты теріс ықпал ететінін бүгінгі буын­ның бойынан аңғарудамыз. Сол себепті де ұлттық тіліміздің қол­дану аясын кеңейтіп, жас ұрпақ­тың ана тіліне деген құрметін арт­тырамыз десек, балалар әдебиетін қолға алып, цифрлы кеңістікте қазақ тілді контентті дамытуға тиістіміз.

Президенттің «Тұтас буын ал­масқан осы жылдарда қазақ ті­лін үйренгісі келген адам оны әл­деқашан біліп шығар еді. Ең бастысы, ынта болуы керек» дегені де тіл мәселесіне тиісінше көңіл бөлмейтін азаматтарымызға ой салар деп үміттенеміз.

Соңғы кезде қазақстандықтар қоғамдық өмірге, саяси үдеріс­тер­ге белсенді араласып келеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осының айғағы.

Салиқалы саяси реформалар Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келе жат­қандығын көрсетеді. «Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары кон­сервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүм­кін. Бұл – табиғи үдеріс. Сая­си плюрализм мемлекетті эво­люциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірақ елімізде, ең алдымен, адамның Ата заңмен бекітілген құқығын қорғауға негізделген тәртіп керек. Елімізде әралуан саяси партиялар бар болса да, баршасының басын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық – қастерлі тәуелсіздік екенін естен шығармауымыз керек.

Расында да, тәуелсіз ел болу оны жариялаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Мемлекет басшысы айтқандай, біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз.

Мемлекет басшысының ой толғанысы мені тереңнен тер­беді. Кезінде қазақтың арқалы ақы­ны Қасым Аманжолов: «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен та­ңырқап», деп жазған еді. Сол за­мандарда көрегендікпен айтылған осынау қастерлі өлең жолдары санама орала берді. Бүгініміздің бекем, келешегіміздің кемел болатынына бек сенімдімін.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты