«Ауызбірлік болса, алмайтын асу, жетпейтін мақсат болмайды екен, соған көзім жетті», дейді Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Бостандық ауылында тұратын қарапайым мұғалім Асыланбек Сармалаев. Ол осыдан он жыл бұрын шалғай ауылда бокс үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелей бастаған.
Ауыл мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін Асыланбек Мусаұлы қарадомалақтарды былғары қолғап өнеріне баулып жүргеніне де он жыл болып қалыпты. Ауыл мектебінің жертөлесінде – төбесі тапал, терезесі жоқ, едені топырақ қуыста жүріп, жарқыраған жаттығу залын, жарағы сайлы рингті аңсайтын. Бірақ ол ойының жүзеге асуы оңай емес-тін. Осындай өтінішпен талай есікті қағып, талай дөкейдің алдынан өттім дейді жаттықтырушы.
Ауылдағы бокс залын асарлатып салып алу идеясына жан бітірген – осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын аудан тізгінін ұстаған Альберт Есалиев екен. Ол Асыланбек Сармалаевтың ұсынысын қызу қолдап, жергілікті билік орындары тарапынан да барынша көмек көрсетуге уәде берген. Бұған ауыл спортын дамытып жүрген азаматтың шынайы ықыласы, шәкірттерінің жетістіктері де әсер етсе керек.
Осылайша, 2020 жылдың ақпан айында нақты іс басталып та кетті. Еңбек ардагері, ертеректе ауылға басшылық еткен Тасқали Ілиясов ақсақал қарамағындағы бос тұрған ғимаратты сыйға тартты.
Бірақ бұл «ғимараттың» қалқиған 4 қабырғасынан басқа жарамды жері аз еді. Асыланбек ауылдың атпал азаматтарының, кәсіпкерлердің алдынан өтті. Осы Бостандықта туған, бүгінде әр жерде жүрген жерлестер де қарап қалмады. Сөйтіп, Бостандықта бокс залын ашу – бір қауым жұрттың басты мақсатына айналды. Шалғайдағы ауылда қолға алынған іс-шара астанадағы «Батыр боламын» атты қайырымдылық қордың да назарына ілініпті. Осылайша, ауыл мұғалімінің жүрегінен шыққан ұшқын бірте-бірте талай жанның жүрегін жылытқан, ықыласын ысытқан жалынға айналды.
– Он бір ай бойы күні-түні осы істің басы-қасында жүрдім. Бұл бастамаға үлес қосқан, қолдау білдірген жандар өте көп. Соның ішінде ауылымыздың азаматы Абзал Нұғманов деген ағамыз жалғыз өзі 6 млн теңгедей қаржысын берді. Нұрлан Нұғманов, Айдынбек Әбитов, Әділбек Ғазизов, Қайрат Бекмұхамбетов секілді жерлестерім үлкен үлес қосты. Одан бөлек 100-200 мың теңгеден ортаға салған атымтай азаматтар бар. Техникамен көмектескен, тіпті қол көмегін көрсеткен жандар да жетерлік. Жергілікті бюджеттен де қаражат бөлінді. Бостандықтағы бокс залы – бірліктің, бауырмалдықтың белгісіндей болған бастама, – дейді Асыланбек Сармалаев.
Өзі туралы сараң сөйлегенімен, ең басты еңбек Асыланбек Мусаұлына тиесілі екенін ауылдастары жақсы біледі. Содан да болар, 2021 жылдың басында бокс залының салтанатпен ашылу кезінде кәсіпкер Абзал Нұғманов ауылдастар атынан алғыс айтып, бапкерге сәйгүлік мінгізді.
Әрине, ұстаздың жетістігі шәкірті шыққан шыңмен өлшенеді ғой. Бостандықтың бұған дейін жертөледе жаттыққан жас бокшылары арасынан талай дарабоз шығыпты. Қазірдің өзінде Асыланбек баптаған балалардың 6-уы – спорт шеберлігінен үміткер атанған. Ал Тұрарбек Қалиев – жасөпірімдер арасында Қазақстан чемпионы болса, Санжар Марксов осы атақты екі дүркін жеңіп алған! Халықаралық жарыстарда да жеңімпаз атанған жастар өсіп келеді.
– Ендігі арманым – алақандай ауылдан Азияның, әлемнің, тіпті олимпиаданың чемпиондары шықса деймін, – дейді Асыланбек.
Осы істің ұйымдастыру жұмыстарына өз еркімен жегілген волонтер, «Батыр боламын» қайырымдылық қорының үйлестірушісі, Оралдағы «Өз өмірімнің иесімін» атты тренинг тобының мүшесі Әдемі Мәрленқызының айтуынша, Бостандықтағы бокс залының құрылысы мен жасақталуына барлығы 21 млн теңгедей қаражат кеткен. Оның едәуір бөлігі қайырымдылық қорының есепшотына түскен қаржы екен. Қор президенті Арман Уахап бұл қаржыға сапалы спорттық снарядтарды арзандау бағамен алуға көмектескен.
Бокс залының ашылу салтанатына Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров секілді лауазымды тұлғалар да қатысып, ауыл азаматтарының қуанышын бөлісті. Жаңа залдың қажетті құралдары сый-сияпатпен түгенделіп, кәсіби ринг, ыңғайлы спорттық киімдер, бокс қаптары, резина төсеніштері тарту етілді.
Қазталов ауданы – бокстан Олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусіновтің туған жері. Сондықтан бостандықтық жас боксшылар бой түзеп, үлгі алатын тұлға жоқ емес.
Бүгінде Бостандық ауылындағы жаңа спорт залында бокс және дзюдо үйірмелері жұмысқа кірісіп те кетті. Асыланбек Сармалаевтың өзі жаттықтыратын топта 30 бала бар. Ауылда смартфонға жіпсіз байланып, бос-болбыр отыру сән емес. Осының бәрі жалғыз адамның жігеріне, жанқиярлығына байланысты.
Ал балалар бапкері Асыланбек Мусаұлы болса, «бәрін ел істеді» деп отыр. «Елімізде ауызбіршілік болса, алмайтын асу, жетпейтін мақсат болмайды екен, соған көзім жетті» деп қояды жай ғана.
Батыс Қазақстан облысы