Семей қаласында таныстарының атына онлайн несие рәсімдеген алаяқ сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жеңіл жолмен ақша тапқысы келген ер адам алдын ала жоспар құрып сол бойынша әрекет еткен. «Ол өзінің таныстарына, достарына, туыстарына хабарласып банктік карталарының реквизиттерін сұраған.
«Маған бір адам істеген жұмысым үшін ақша төлеу керек. Бірақ банктік картам бұғатталып тұр. Сол үшін сіздің шотыңызға жіберсе», дейді ол.
Бұған сенгендер сұрағанын айта салған. Осылайша 8 адам алданып қалды. Реквизиттерге қол жеткізген ер адам интернет-терминалдарға олардың әрқайсының атынан бір емес, бірнеше несиеден рәсімдеген», делінген хабарламада.
Жәбірленушілердің шотына ақша түскен кезде ол қайта келіп сол соманы шешкізіп алған. Ал араға біраз уақыт салып арбалған азаматтарға сот орындаушыларынан қарызды төлеу туралы талап келген.
Сот үкімімен айыпталушы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.