• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Қаңтар, 2021

Жастар театрының жаңа белесі

1071 рет
көрсетілді

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап...

Сахнада кіл жастар акапелламен шырқап тұр. Бұл – адамзат ақыл-ойының алыбы Абайдың 175 жылдығына орай былтыр Қарағанды қаласында өткен «Театр.Талант шығармашылығы» атты халық­аралық фестивальде Қызылордадағы жастар театрының артистері сахналаған трагифарс жанрындағы қойылымның үзіндісі. Өнер ұжымына жетекшілік ететін Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрма­хановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» атты бұл пьесасы ұлы ойшылдың болмысына өзгеше қырынан танытқан қойы­лым ретінде жоғары бағаланыпты.

 

– Абай образы арқылы бүкіл ел­дің болмысы мен мінезін танытуға ұмтылдық. Қазақтың ізгі қасиеті­мен қатар етекбасты ескі мінезін де көрсеткіміз келді. Сол заманнан бері өзгермеген осы болмысты боя­масыз баян етуге тырысқан талпы­нысымызға қазылар оң баға берді, – дейді режиссер.

Жалпы, жастар театры тек мега­по­листерде ғана болады деген түсі­нік бар бізде. Талапты толқынның басын қосқан Сырдағы өнер ұжымы осы ойдың көбесін сөгіп, орталықтан шеткері жатқан аймақтарда да кейінгі толқынның шығармашылығын шың­дауға болатынын көрсетті.

Шығармашылық ұжым осыдан 5 жыл бұрын үйірме негізінде құ­рылған. Сахна шымылдығын драматург Қайрат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» пьесасымен түрген кезде жастар, тіпті айлықсыз жұмыс істеген екен. Жоғарғы оқу орнын, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінің актерлік бөлімін бітірген талантты жастар тобының талабын байқап, жаңа театр жұмысының жолға түсіп, өнер көшіне қосылуына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көп қолдау танытыпты. Он үш штаттық бірлік тауып беріп, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде труппаның шығармашылықпен алаңсыз айна­лысуына жағдай жасап берді.

Бес жылдың бедерінде өнер ұжы­­мы көрермен назарына Айжан Атым­­таеваның «Қыз-қасқыр», Бай­діл­дә Айдарбековтің «Неге?» және Сұл­танәлі Балғабаевтың «Қызыл­ор­да­ның қыздары» пьесаларын ұсы­нып­ты. Қазір осы театрдан тәжіри­бе жи­наған жастардың бірқатары Н.Беке­жанов атындағы облыстық дра­ма театрына қабылданды. Киноға түсіп, еліміздің әр қиырындағы кө­рер­менге танылып жатқандары да бар.

Театр жетекшісі, режиссер Оң­та­лап Нұрмаханов іріктелген шығар­­ма­ларды қойылымға лайықтап, ав­­­тор­­­ларына шама-шарқын­ша қа­лам­­­ақы да төленіп отыр. Ал ту­­ған өңі­­ріндегі жақсы іске үнемі құ­ла­ғы тү­рік жүретін қаламгер Сұлтан­әлі Бал­ғабаев жастар теат­рына «Қы­зыл­орданың қыздары» пьесасын сыйға тартыпты.

– Былтыр «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды ғой. Мұны ең алдымен шынайы өнерді қол­дау деп түсінгеніміз жөн, – дейді қа­ла­лық мәдениет және тілдерді дамыту бө­лімінің басшысы, белгілі айтыс­­кер ақын Мұхтар Ниязов.– Бай­қа­са­ңыз, осы күні театрға баратын­дардан, кино­ны үйден емес, залдан барып көргісі келетіндер көп. Мысалы, осы ұжым алғашқы қойылым­нан-ақ көрерменін тапқан театр қа­та­­рында. Биыл бұл ұжым біздің бө­лімге қарасты мекеме ретінде өз алдына бөлініп шығады. «Бір қа­лаға екі театр көптік етпей ме?» дей­тіндер де табылар. Бұл жерде көрермен таңдауын ескеруіміз керек. Өнерді бәсеке өсіретінін де естен шығармайық. Қазір қос театр бір-бірін қамшылап, қатар шауып келе жатыр. Жуырда облысқа келген сапарында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жас ұжымның табысын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.

Қызылорда – талай өнер ұжым­да­рының тарихы бастау алған өңір. Қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теат­рының негізі осында қаланып, алғашқы қойылымы 1926 жылы 13 қаңтарда болды. Көпке дейін Сырдағы тұңғыш ­театр ­труппасының әуелгі сахналаған спек­таклі Мұхтар Әуезовтің «Ең­лік-Кебек» пьесасы саналып келген. Кейіннен өнер ұжымының тарихын зерттеген ғалым­дар бірінші қойылымның Қошке Кемеңгеров­тің «Алтын сақасы» екен­дігін тайға таң­ба басқандай дә­лелдеп, осы тұ­жы­рымға қазық бай­латты. Қа­зіргі корей музыкалық драма театры ар­тистері де 1937 жы­лы осы Қы­зыл­ордада алғаш рет көрер­мен­дер алдына шықты. Ұзақ жыл осы өңір­де тұрақтаған өнер ұжымы кейін Алма­тыға қоныс аударған.

Қызылорда облыстық драма ­театры ұжымы да Жетісудан көшіп келген 1960 жылы дәл осы мәдениет үйінде өнер көрсетіпті. Кейіннен Нартай Бекежанов есімін иеленіп, қазіргі ғимаратына қоныс аударды.

Талай тарландардың ізі қалған осы сахнада енді жастар театры қадам басып жатыр. Бұл жас ұжым­ның өнердегі көші ұзақ боларын біл­дірген жақсы ырым іспеттес. Лайым, солай болғай!

 

Қызылорда