Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы қазақстандық Нижат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзды деген күдікке қатысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Олимпиада чемпионын жарыстан уақытша шеттеткен еді, деп хабарлайды Egemen.kz
«Достар, кеше кешке маған айыптар тағылып жатқаны туралы естідім. Менің ойымша, мұндай жаңалық кезекті стартқа дайындық жүргізіп жатқан әрбір атлет үшін күтпеген жағдай болады.
Мені тыйым салынған нәрсені қолданды деп айыптап жатқан жоқ. Кез келген кәсіби спортшы сияқты, мен маусым бойы допингке бірнеше рет тест тапсырамын, несеп талдауымда не болғаны белгісіз, ол бізді тексеретін тестілеу органдарының жауапкершілігі.
Достар, мен өзгелердің кінәсін өз мойныма алуға ниетті емеспін. Мыңдаған қазақстандықтың менімен бірге қуанған сәттері мені әрқашан жігерлендірді! Сіздер менің адал досымсыздар, бүгін мені қолдайтындарыңызға сенімдімін. Мен спорт адал болса деймін.
Енді мен Халықаралық тестинг агенттігіне түсініктеме беруім керек, онда мен жоғарыда жазғанымның бәрін айтамын», деп жазды спортшы Instagram желісіндегі парақшасында.
Халықаралық допинг-тестілеу агенттігінің (ІТА) шешіміне сәйкес, Рахимов 2016 жылы допинг тексеру үшін тапсырған несеп талдауын ауыстырды деген күдікке ілінді. Сол жылы ол Рио-де Жанейродағы Олимпиада чемпионы болған.