Кезінде көп оқылған һәм әдеби ортаның белгілі бір деңгейде күші бола алған журналдар несімен құнды болды? Мәселен, «Жұлдыз», «Жалын» әдеби журналдары жабық бәйгелерімен атақты. Кіл мықтылардың жаңа шығармаларының бәрі тек осы журналдардан оқылды. Өйткені сол басылымға мұқтаждық бар еді. Ал қазір әдебиеттің кеңістігі кеңейді. Әдебиетке жаңа келген кез келген жазарманның есімі һәм шығармасы интернет бетінде тұр. Яғни қазір әдеби журналдар ақын-жазушылардың жаңа дүниесін жариялау арқылы қажеттілік тудырып, абырой жинай алмайды.
Осы факторлардың әсерінен әдеби журналдардың жаңа замандағы миссиясы жоққа айналды. Демек, оқырман әдеби журналдарға не үшін жазылады деген қарапайым әрі қатулы сұраққа да жауап жоқ.
Биылғы статистика бойынша елімізде 3 463 газет-журнал тіркелген екен. Оның 2 138-і – газет, 1 325-і журнал. Нақтырақ айтсақ, 236-сы – қазақ тілінде, 459-ы орыс тілінде шығады. Бұл журналдардың 304-і Нұр-Сұлтанға тиесілі болса (6-ы қазақ, 87-сі орыс тілінде), 702-сі Алматы қаласынан (124-і қазақ, 265-і орыс тілінде) жарық көреді. Екі қаладан кейінгі көп журнал жарияланатын өңір – Түркістан облысы мен Шымкент қаласы. Онда барлығы 104 журнал басылып шығады: 41-і қазақ, 28-і орыс тілінде. Ал елімізде қазақ-орыс тілінде барлығы – 397, үш тілде шығатын 233 журнал бар.
Тарихқа үңілсек, талантты ақын-жазушылардың шоғырын қалыптастырып, тіпті әдеби ағымдар тудырған журналдар болды. Яғни кез келген журнал әдеби сөзді, әдеби көзқарасты, мінез-құлықты қалыптастыра алатындай дәрежеде болуы керек дейміз. Һәм республикалық немесе облыстық журналдар сол өңірдегі әдеби ортаның ұйытқысы болуы екібастан. Бұлай болмаған жағдайда оның бәрі, тек қағазға басылған қара жазудың деңгейінде қала бермек. Ешкім оқымайды, һәм ешкім іздемейді.
2000 жылдардың басында жеке газет шығарушылар белең алды. «Шетел әдебиеті», «Кентавр» деген газеттер аз уақыт қана жарияланып, кейін қаржылық жағдайға байланысты тоқтады.
Бұлардың қатарында «Шәмші», «Алтын тамыр», «Рух-мирас», т.б. әдеби-мәдени журналдар бар. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысынан 2012-2016 жылдары шыққан «Отыкен» әдеби журналын ерекше айтар едік. «Шығыс ақпарат» медиа холдингінің сол кездегі басшысы Нұржан Қуантайұлының бастасымен һәм редакторлығымен жарық көрген басылым 500 данамен таралған. Кейін бас редактор қызметтен кеткен соң журнал да жұмысын тоқтатты. Қазір облыста бірде-бір әдеби журнал жоқ.
Ал 2019 жылы Еуразия жазушылары форумында тұсауы кесілген «Самұрық» әдеби журналының үш саны шығып үлгерді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаржыландыруымен басылатын журнал Жазушылар одағының елордадағы басылымы, үні болсын деген ниетпен құрылған-тын. 256 беттен тұратын альманах типтес журналдың таралымы 1000 дана.
Оқырман неге азайды?
Талай таланттың тұсауын кескен «Жұлдыз» былтыр «Жылдың ең үздік журналы» аталды. Алғаш рет 1922 жылы «Әдебиет және искусство» деген атаумен жарық көрген басылым келер жылы ғасырлық тойын тойламақ. Қазір әдеби журналдың 1700 таралымы бар. Бас редакторы Ғалым Жайлыбайдың айтуынша, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарағанда 500 данаға көбейген. Соңғы жылдарда Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Ал қаламақы мәселесі, әдеттегідей қуантарлық емес, тіптен аз мөлшерде ғана беріледі.
«Парасат» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналы 1958 жылдан бері шығып келеді. Ол кездегі атауы – «Мәдениет және тұрмыс» болатын. 1990 жылдан бері «Парасат» деген атпен жарияланады. Журнал ХХ ғасырдың 70-80-жылдары жарты миллионнан астам данамен таралған. 90-жылдардағы балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заманда баспасөздің басынан бақ тайғаны белгілі. Содан бері «Парасаттың» да таралымы күрт кеміді. Біраз уақыт шықпай қалған кездері де болды. 2020 жылдың шілде айынан бастап басылым жұмысы біртіндеп қалыпты ырғағына көшіп, қайта жарық көре бастады. Қазіргі таралымы – 811 дана.
«Газеттердің тиражының өзі 10 мыңның айналасынан аса алмай шиырлап қалған қазіргі қиын кезеңде журналдардың жағдайы айтпаса да түсінікті шығар. Бірақ журналды қайта қалыпқа келтірген осы санаулы айдың ішінде-ақ қаншама оқырман хабарласып, біраздан бері «Парасаттан» көз жазып қалғанын, қайта шыға бастағанына қуанғанын айтып жүр. Рас, қазір жұрт бұрынғыдай баспасөзге жаппай жазыла бермейді. Дегенмен, ел жадында сақталған аты бар байырғы журналдарды жауып тастауға болмайды деп санаймын», дейді журнал редакторы Сәкен Сыбанбай.
Оқырман аудиториясы қалыптасқан басылымның бірі – «Ақиқат». «Қазақ газеттері» ЖШС-ға қарайтын басылым айына бір рет, 116 бетпен шығады. Таралымы 3000 дана. Негізінен, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Бас редактордың орынбасары Дина Имамбаеваның айтуынша, барша дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына тән төменгі таралым тек уақытша тоқырау.
Ал жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналы бес мың данамен шығып отыр. Қазақстанда 2,5 миллион оқушы бар екенін ескерсек, журналдың таралымы көп пе, аз ба – бағамдай беріңіз. Кеңес өкіметінің тұсында басылым 100 мың данамен Қазақстанның түкпір-түкпіріне таралған еді. Журналдың бас редакторы Балжан Мұратқызы тираж мәселесіндегі түйткілді тарқатып айтты. «Қазір журналдың жартысын «Қазпошта» бөлімі оқырманның қолына жеткізе алмайды. Бұл бөлек тақырып. Айтайын дегенім, балалардың оқу мәдениетін қалыптастыра алмай жатып, таралымы аз деген желеумен балалардың газет-журналын жауып тастағысы келетіндер бар екенін білеміз. Қаржылық жағынан тиімсіз, табыс әкелмейді деген көзқарасты бір жағына ысырып қойып, қазір жаппай газет-журнал оқуға көшуіміз керек. Ал «Ақ желкеннің» жас ұрпақтың алдында жауапкершілігі зор. Сонау «Пионер» кезінен қаншама буын тәрбиеледі, әлі де сол жолынан жаңылған жоқ. Әр кітапханада «Ақ желкен» болса екен деген тілегіміз де ауада асылып қалып жатыр, мысалы. Бүгін газет-журнал оқымаған бала ертең кітап оқымайтын ересек адамға айналады. Балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру үшін арнайы бағдарлама қабылдауға мәжбүрміз. Асхат Аймағамбетовтің «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын осыған мысал етіп алсақ болады», дейді ол.
«Абай» неге жарық көрмейді?
«Абай» журналы 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап қазіргі Семей қаласында жарияланды. Тұлғаға арналған тұңғыш журналды қазақ прозасының мектебін қалыптастырған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов «Екеу» деген лақап атпен ашып, редакторлық жасаған. Демеушісі – Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаушы, Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар аса бай миллионер саналған Қаражан Үкібаев. Оны демеушілікке Мұхтар Әуезов көндірген деседі.
Алғашқы саны 900 данамен шыққан журналға шығарушы редакторлардан басқа Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Сәдуақас, Халел Досмұхамедовтердің өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі жарияланды. Ондағы мақалалардың барлығы бүркеншік атпен беріліп отырған. Алашорда үкіметі құлаған соң «Абай» журналы да 1918 жылғы қарашадағы соңғы 11 санынан кейін жабылып қалады. Оның жалғасы ретінде 1992 жылдан бастап жаңа «Абай» шыға бастайды.
Рысхан Мусиннің бас редакторлығымен жалғасқан журнал ол қайтыс болған соң жауапты хатшы Мұратбек Оспановтың жеке иелігіне өтеді. Ал қазір қаржылық қолдауға байланысты басылым 4-5 жылдан бері тоқтап тұр. «Абай» халықаралық қорының директоры Асылан Ғафуров қаржы мәселесімен журнал иесіне ұсыныс жасағанын айтты. «Былтыр хакімнің 175 жылдығы аясында М.Оспановқа қордың қаржыландыруымен журналды қайта шығаруды ұсындық. Алайда басылым иесі мемлекеттен қолдау болады деп бас тартты. Үкімет те, әкімдік те ЖШС журналдарына тікелей қаржы бөле алмайды. Сондықтан «Абай» әлі күнге дейін тоқтап тұр. Ал халықаралық қордың журнал редакциясын елордадан ашып, қайта жаңғыртайық деген ұсынысы әлі өз күшінде», дейді қор басшысы А.Ғафуров.
«Жамбылдан» «Қасымға» дейін
Әдеби ортада «Абайдан» соң тұлға есімімен аталған басылым – «Жамбыл». Одан кейін «Мағжан», «Мұқағали», «Қасым» журналдары пайда болды.
2004 жылдан бері шығып келе жатқан «Жамбыл» журналы – облысқа қойылған рухани ескерткіш сынды. Он жыл бойы авторларға тәуір қаламақы берген жалғыз журнал екенін де айта кетейік. Қазір экономикалық ахуалға байланысты қаламақы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. 1000 данамен таралатын басылымның негізгі қаржы көзі тендерден түседі. 3 айда бір рет 10 баспа табақпен жарық көреді.
Биыл Жамбыл бабамыздың 175 жылдығы атап өтіледі. Мерейтой аясында «Жамбыл» журналын мемлекет қамқорлығына алудың оңтайы келіп тұрған сияқты.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаржыландыруымен 2007 жылдан бері жарық көріп келген «Мағжан» әдеби журналының да аз болса да, тұрақты оқырманы бар. 150 беттік басылымның таралымы 1500 дана. Пандемия жағдайына дейін журнал екі жылда бір «Мағжан көктемі» республикалық фестиваль ұйымдастырып келгені ел есінде.
Ал Қарағандыдан жарық көретін «Қасым» журналы 3000 таралыммен тарайды. 200 бетпен 2 айда бір шығатын басылым облыс әкімдігінің қолдауымен, Ішкі саясат басқармасы ұйымдастыратын конкурстан 3000 дана таралымға қаржы ұтып алады. Қаламақы тұрақты емес, төменгі мөлшерде беріледі.
Әдеби басылымның бас редакторы Серік Сағынтай кейінгі он жылда баспахана нарығындағы инфляцияның әсері еліміздегі барлық журналға тигенін айтады. «Кеңестік кезеңдегідей әдебиетті орталықтандыру шаралары болмағандықтан, аймақтардағы әдеби журналдар Жазушылар одағының жұмысына көп септігін тигізіп отыр. Одақтың жалғыз журналына, жалғыз әдеби газетіне аймақтардағы жастар тұрмақ, қалыптасқан жазармандардың жиі, тұрақты жариялануы оңай емес, талапкер көп. Ал «провинциялық журналдар» осы жайттың бетін қайтара алады. Онымен қоса, журналдар баспалардағы кітап таралымы аздығының орнын толтырады. Кез келген қаламгердің елімізде шығатын кітабы әрі кетсе 1000-2000 данамен басылып шығады. Ал аймақтық журналдар талай жастың жолын ашып, әдебиет сапарына аттандырып отыр. Топтамалары бір кітапқа толар-толмас жастар үшін журналдарға жариялану бір белес секілді. Журналдар бір есептен, әдеби альманахтардың да рөлін атқара алады. Тағы бір мәселе, ешкім журнал шығарып пайда тауып, байып кете алмайды. Өйткені әдебиетпен пайдакүнем адам айналыса алмайды», дейді редактор.
«Адырнаның» жағдайы хал үстінде
2016 жылы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Ақтөбеден «Адырна» атты республикалық әдеби журнал шыға бастаған-ды. Айына бір рет жарық көретін журнал аз уақытта әдеби ортада тың бастамаларымен көзге түсті. Алайда 1500 данамен таралатын журналдың бүгінгі халі мүшкіл. Ақтөбе облысы әкімдігінен бөлінетін қаржы біраз уақыттан бері кешеуілдеп тұрғандықтан, әдеби журналдың жаңа жылда шығу-шықпауы белгісіз болып отыр.
Бұл ахуалды журнал редакторы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы қоғамдағы әдебиеттің деңгейі мен қадір-қасиетінің төмендігінен деп есептейді. «Кітап, газет-журнал саласындағы барлық көңіл толмаушылық пен кемшіліктің бәрі осы түйіннен тарқайды. Қоғамның әдебиетке, жазу-сызуға деген көзқарасы түзелмей, бұл салада өркендеу болмайды. Бұл – Жазушылар одағы көтеріп, айналысатын мәселе.
Қазір, салыстырмалы түрде алсақ, поэзия шарықтады, тәуір жазатын жас ақындар көп болмаса да бар. Ал проза күннен-күнге құлдырап барады. Біреудің жақсы дүниесін оқи қалсам, өзім жазғандай қуанатын болдым. Бұрын «Жалын» альманағының атақ-абыройы, сонымен қатар деңгейі де жоғары болды. Оның қаламгерлерге тағайындалған әдеби сыйлығы да өте беделді һәм тек таланттар алатын мәртебе еді. Біз «Адырнаны» сол типтес әдеби журнал жасаймыз деп үміттендік. Алайда мен шылқыған бай емеспін, қосымша қызметкерге төлейтін қаржы жоқ, қағаз бен бояудың әңгімесі өз алдына. Ал әкімнің, яки меценаттардың алдына барып ақша сұрауға ішкі ұстанымым жібермейді. Дегенмен, әкімдіктің жауабын күтіп жүрміз», дейді бас редактор.
Бұл мәселе жөнінде облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Купенов: «Адырна» әдеби журналы осы уақытқа дейін облыс әкімдігінің қолдауымен шығып келді. Қазір қаржыландырудың жаңа жолдары қарастырылуда. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында», деді.
Өңірлердегі журналдарды көбінесе әкімдіктер қаржыландырады. Әрине, әкімдер әдебиетші емес. Яғни қоғамдағы «газет-журналға әкімдіктер қаржы бөлмейді» деген жаттанды пікірдің өзі кейде күмәнді сияқты. Бірақ өз абыройлары үшін һәм шын ниетімен қаржы бөлетіндер көп. Жергілікті биліктің қазақ руханиятына деген оң көзқарасы әрине қуантады. Оның үстіне әр облыста кемінде бір әдеби журналды қаржыландырып отыруға шама-шарық жетіп-ақ тұр. «Адырнадан» жақсы жаңалықтар күтеміз...
«Әлем әдебиеті» қайта шыға ма?
2007 жылы аудармашы Кеңес Юсуповтың бастамасымен шыққан журнал – қазақ әдебиетіндегі шетел шығармаларына арналған жалғыз басылым болды. Тиражы 1500-2000 дана көлемінде болған журналға жаңа аудармалар, Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармалары мен сұхбаттар жарияланды. Сондай-ақ әр елдің әдебиетіне тұтас нөмір арнау дәстүрі қалыптасты. Ал ондағы шығармалар арнайы тапсырыспен түпнұсқадан аударылған. Әдеби журнал тендер арқылы қаржы тауып, ал қалған шығынын «Фолиант» баспасы жауып отырыпты. 2016 жылы министрліктен тендер болмағандықтан, басылымның жұмысы тоқтаған.
Кез келген мәдениетті һәм өркениетті мемлекетте әлем әдебиетіне арналған бірнеше газет-журнал бар. Ал елімізде бүгінгі таңда мұндай бірде-бір басылым жоқ. Бұл, ең алдымен, қазақ әдебиетінің деңгейін, одан кейін Үкіметтің ел әдебиетіне деген салғырт көзқарасын білдірсе керек.
Сонымен...
Қазақ әдебиетінің бір қабырғасына айналған журналдардың бүгінгі хал-ахуалына қарап, 1000 данамен журнал шығару қажет пе өзі деген ойға қаласың. Шынында, аз тиражбен жарық көретін басылымның көркемдік деңгейі қандай болмақ? Оқырман талғамы үшін емес, тек тендер үшін ғана «тірі» тұрған журналдардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қандай да бір үлесі бар ма? Әгәрәки, басқа тұрғыдан қарар болсақ, қанша дана болса да, қағазға басылған дүние – ертеңгі тарих. Сөзсіз. Тек, өкініштісі сол, қағазға басылған дүниені астын сызып оқитын оқырманның төбесі көрінбейді.
Егер ғайыптан тайып газет-журналдар жаппай оқылатын болса, басылымдардағы бүгінгі бар мен жоқтың арасындағы ахуал өзгеріп, көркемдік деңгей әлдеқайда жоғары әдеби журнал шығаруға қауқар жетеді деп ойлаймыз. Ол үшін, әрине, алдымен кітап, газет-журналдың насихатын күшейту керек сияқты. Яғни газет-журнал сатып алудың саясатын қолдан жасауға тиіспіз. Мәселен, халық көп жүретін сауда орындарында міндетті түрде газет-журнал сататын бұрыш болуын заңды түрде қарастыруға болады. Әйтпесе мемлекет қаржыландырып, мәселен «Жұлдыз» журналын 50 мың данамен шығарса да, одан пайда жоқ. Ешкімнің ешкімде ісі жоқ, халық ол журналдың аяқасты 50 мың тиражбен шығып жатқанынан тіпті хабары да болмайды.