• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Қаңтар, 2021

Арпалыстың ащы сабағы ұмытылмайды

600 рет
көрсетілді

Дүниенің төрт бұрышын түгел шар­пып, өрттей қаулап өршіген пан­демия, әсіресе қоғамдық өмір­де дәрігерлер армиясын үл­кен сынаққа салғаны баршаға аян. Дүние жүзінің ақ желеңді аб­зал жандар қауымдастығы «Ендігі болашақ – пандемия мен­ пандемия емдеушілердің ие­лігінде» деген, бәлкім, асы­ғыс, бәл­кім, ақиқаты солай, тұжы­рым жасап үлгерді. Бір сөз­бен айт­­қанда, кездейсоқ өгеріс­терді қауіп­тене күткен адам­заттың тағ­дыры таразыға салын­ды да қал­ды.

Алматыдағы Екінші дүниежүзілік соғысы арда­гер­лері мен мүгедектерінің республи­калық-клиникалық госпиталі ұжымының күнделікті дағдылы қызметіне пандемия тосын қиындықтар әкелетіні ешкімнің де үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Дәл осы арада сол бір аласапыран ке­зеңді еске түсіріп көрейікші: қаладағы саны шектеулі инфекциялық маман дәрі­герлердің өзі бірінен соң бірі ауырып, жаппай төсек тартып қалды. Қала карантинге жабылды. Науқастар саны күн санап емес, сағат санап өсті.

– Қалалық денсаулық сақтау басқарма­сынан дабылды тапсырма түскен күні, мекеменің басшысы ретінде, олардан маған бір апта уақыт беруін сұрадым, – дейді госпитальдің директоры әрі бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дәмір Дәулетбаев. – Өйткені дәрігер маман ретін­де тосқауылсыз өршіген кесапаттың біздің госпитальді айналып өтпесін өзімнің  де ішім сезіп, алдын ала біліп жүргенмін.

 Ұжымды шұғыл жинаған директор-бас дәрігер, жасыратын несі бар, әріптестеріне сол күннен бастап госпитальдің соғыс жағдайындағыдай қатаң тәртіпке көшетіні туралы жария етті. Өйткені вирустың дәл бұлай жау шапқандай тосыннан тү­серін ешкім күткен жоқ болатын. Қол­бас­шы қан майданда жауынгерлерінің өмірін сақтай алса – жақсы басшы. Әри­не, жауынгерлерінің бірсыпырасынан айы­­­рылып та жеңіске жетуге болады. Бірақ адам жанының кәнігі арашашысы, ғалым-дәрігер Дәмір Абайділдәұлы бұл қағи­даттың біріншісін таңдады. Мұндай жағдайда, әрине, ең алдымен өзін дұрыс қорғаған дәрігер ғана науқасқа көмек көр­сете алмақ.

Содан бар-жоғы бір аптадан асқан уақытта алды­мен емделіп-демалып жат­қан ардагерлер толықтай үйлеріне қай­тарылып, госпиталь аяқ астынан про­визорлық стационарға айналды. Ұжым­дағы дәрігерлер инфекциялық ша­буылға тойтарыс беру аясында ортақ шарт­тарға сай жаппай емтихан тапсырды. Д.Дәулет­баевтың өзінің бай тәжірибесіне арқа сүйей отырып, бас сарапшы міндетін атқарды. Емтиханнан сүрінбей өткендерге тез арада арнайы-төтенше міндеттер жүк­телді. Ал сынақ тапсыра алмағандар қайта оқы­тылып, қатарға қайта қосылып жатты. Уақыт тапшы.

Енді осы екі арада негізі бір мәселе туралы айтып өтпесек тағы болмас, ел басына күн туған сын сағат емес пе? Директор тарапынан «Бәрі де өз еріктеріңізде – гос­питальде қалам дегендер қалсын, отбасы жағдайына тәуелдімін, қарауымда үлкен кісілер немесе кішкентай балам бар, уақытша еңбек демалысына шығамын деушілерге еш сын жоқ» деген де ескерту жасалды, бірақ бәрі де заң талаптарына сәйкес келуі үшін олардан жазбаша өтініш қалдыру талап етілді. Ең ғажабы, ешкім өтініш жазбады...

Үрей жүрген жерде қазақ «қорыққанға қос көрінеді» дейді ғой. Сол тұстағы жалпы қыз­меткерлердің көңіл күйіне баға беру де оңайға түспеді. Жұрттың көпшілігі әрі-сәрі күй кешті. Мау­сым мен шілде айлары. Айнала толған жағым­сыз ақпарат, өрттей қаулаған қауесет. Тек тәртіптің, ауыз­бір­шілік пен кәсіби біліктіліктің арқасын­да ғана госпиталь ұжымы – төтенше жағдайда құрыл­ған  провизорлық орталық ауыр сынақ­тан аман-есен өтті.

Ұжымдағы 157 адамның үшеуі, бәрі де санитарлық қызметтегі азамат, өкпе дертінің жеңіл түріне шалдықты. Өздері де сәл-пәл босаңсыған болуы керек, оларға қатаң ескерту жасалды. Емделді. Сауықты. Провизорлық стационар жабылған күні директор өз атынан ұжымды қайта жинап, нағыз майдандағыдай ерлік көрсеткендері үшін ұжым қызметкерлерінің жаңа төтен­ше қызметке ұйымшылдықпен бір кісідей тез арада бейімделгені үшін шын жүректен алғыс жариялады. Сыйлық-сияпаттар жасалды. Олардың барлығы да карантин кезеңінде сыртқа инфекция тарамауы сақтық шараларына бағынып, госпиталь аумағынан алысқа ұзаған жоқ болатын. Медицина қызметкерлері арнайы жатын бөлмелермен, меджабдықтармен то­лықтай қамтамасыз етілген. Тамақтану, тынығу, емдеу харакеттері – барлығы  оң­­тай­лы жолмен шешілді. Жаз айы бол­ған­дықтан, үзбей қымыз-шұбат алды­рылып, ойдағыдай үйлестіру қызметінің арқа­сында иммунитет көтеретін дәрі-дәр­мектер тап­шылығы да байқалмады.

Осынау қиын-қыстау кезеңде демеуші­лер қол ұшын созды. Емдеу орнының ме­нед­жерлері көмек қолын созуға ұм­тылып жүрген бірқатар ел азаматын, ұлт патриоттарын тапты. Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаев бос тұрған қос қабатты үйін, жол талғамайтын көлігін провизор­лық орталыққа-госпитальге пайдалануға тегін берді. Ол үйге аяқ астынан оқшаулауды қажет еткен медицина қызметкерлері орнықты. Мұның барлығы күнделікті қым-қуыт қауырт жұмысты едәуір жеңілдетті. Наурыз бен шілде арасында директор да, бірде-бір өзге қызметкер де үй көрмей басын бәйгеге тігіп, ауыр науқастарды емдеді.

Провизорлық орталық ешкім күтпеген тө­тен­ше оқиғаларға да тап келді. Өйткені төбеден жай түс­кендей үреймен жеткен кесапаттың зардабын ешкім – бас дәрігер-директор да, аяқ астынын ауырған азаматтар да білмеді. Сондықтан психология бой көрсетті, стресс байқалды. Науқастарға ие болу тіпті қиындап кеткенін айтқан да ләзім. Олармен психологтер, ең алдымен Дәмір Дәу­лет­баевтың өзі бас болып түсіндіру, өмірге құл­шындыру, қанат­тандыру іс-шараларымен тия­нақты түрде айналысты. Науқастар жылы сөзбен де, дәрі-дәрмекпен де емделді, болашақтан үміт­тен­дірілді...

Қауіп бұлты сейілген соң госпитальдің өзінің үйреншікті қызметіне қайта оралуы да оңайға түспегені анық. Провизорлық стационардан ең соңғы ковид-науқас аман-есен емдеп шығарылып, елдегі жалпы жағдай қалыпқа түсе бастағанымен, бұл ұжым бәрібір қол қусырып қарап отыра алмады. Мемлекеттен көмек күтпестен, өз күш­тері­мен госпитальді түгелдей  қай­­та жаңғыртты. Ғимараттың барлық бұ­рыш-қуысын жуып-сүртіп залалды вирус қалдықтарынан тазалады, дезактивация­лап, қажет жерін бояп-әктеп, тозған еденге линолеумға дейін төсеп, өздерінің байыр­ғы ем алушыларын – ардагерлерді ой­дағыдай қарсы алуға дайындалды. Бас­тапқы кезде госпитальдің провизорлық ор­талық болғанынан хабар алып үлгерген ем­делушілер дүдамал ойға салынып, ем алуға келуге үрейленіп, қашқақтап та бақты. Госпитальдің негізгі контингенті – Екінші дүниежүзілік соғысының және оларға теңестірілген ЧАЭС ардагерлері мен мү­гедектері, «интернационал-жауын­герлер» мен Семей полигонынан зардап ше­гу­шілері бастапқыда шын мәнінде кібір­тек­тегенімен, біртіндеп емдеу орны­ның табал­дырығын имене болса да аттай бас­тады.

Жалпы, бұл госпитальде жылына рес­­пуб­ликаның барлық аумағынан 30-ға жуық Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері ем алады десек, өткен жылы пандемияға байланыс­ты бар болғаны 8 соғыс ардагеріне қыз­мет көрсетілді. Ол кісілердің қатары онсыз да жыл сайын сиреп барады. Ел аймағында жүріп-тұру шектелген кезеңде олар­дың кейбіреулерін үй-іші, отбасы, алдымен бала-шағасы ем алуға жібермей де қойды.

Сонымен, «2020 – коронавирус» жылы­ның төтенше сабағы бұл ұжымға не үйретті, олар неден сабақ алды? Ең бірінші, басқа түскен өте ауыр кезеңде «госпиталь-провизорлық орталық» нау­рыз бен шілде айларының аралығында барлығы 1000-ға жуық «ковидпен» түрлі деңгейде ауырған барлық науқасты орнынан тұрғызды. Ауыр зардап шеккен немесе көз жұмған бірде-бір науқас жоқ! Қаржы тапшылығы болды. Өйткені аяқ астынан медициналық қорғаныш жабдықтарын сатып алу мүмкін болмады, ал оттегі аппараттарын таппай қиналған кездер тіпті ұмытылмайды...

 

 

АЛМАТЫ