Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізетін фактордың бірі – жалақыны уақтылы төлемеу. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбиевтің айтуынша, еңбекақыны кешіктіру мен төлемеу жағдайына жол бермеу үшін тиісті органдармен бірге жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылы бірлесе атқарылған осындай шаралардың нәтижесінде 11 мекемедегі 1 018 жұмысшының еңбек құқығы қорғалып, 263,8 млн теңге жалақы қарызы толығымен өндірілді. «Еңбек» кодексінің талаптарын сақтамай, еңбекақыны мерзімінен кешіктіргені, толық төлем жүргізбегені үшін мекеме басшыларына заң бұзушылықты жою туралы 20 нұсқама берілді. Мекемелерге қатысты 58 әкімшілік хаттама толтырылып, 11,3 млн теңге айыппұл салыныпты.
Дегенмен әлі де өткен жылдардан бері үш мекеменің 23 жұмысшыға 6,5 млн теңге еңбекақы берешегі қалыптасып отыр. Осыған байланысты заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал мекеме басшыларына қатысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 152-бабының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғаған. Алайда қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Жұмысшыларға жалақыны уақтылы төлемей, зар жылатып отырған компанияның бірі – «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС. Бұл компания құрылыс саласындағы әрлеу, дәнекерлеу секілді жұмыстарды атқарумен айналысады. Осында жұмыс істейтін қызметкерлер былтырғы қарашадан бері төленуі тиіс жалақыға қол жеткізе алмай жүр. Олар жалақының кешіктірілу себебін білу үшін компанияның кеңсесіне бірнеше мәрте жиналды. Алғаш рет 40-қа жуық қызметкер былтырғы 18 қарашада дабыл көтерді. Сол кезде бұл мәселеге облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының инспекторлары араласты. Сонда компанияның былтырғы қазанда 85 жұмыскерге 10 млн теңге мөлшерінде жалақы берешегі бары анықталды. Бірақ жалақы қарызы 18 қарашаға дейін төленген жоқ. Сондықтан компания қызметкерлерінің бір тобы басқармаға өтініш жасап, қазан айында жалақының уақтылы төленбегенін көрсетіп берген.
– Басқарма инспекторлары компания басшыларымен кездесіп, жалақыны кешіктіру Еңбек кодексіне қайшы екенін түсіндірді. Содан соң компания тарапынан 19 қарашада 10 млн теңге мөлшеріндегі жалақы берешегі толық көлемде өтелді. Ал қызметкерлер бұрын берген өтінішін кері қайтарып алған еді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Думан Әбиев.
Алайда «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС-нің басшылары жұмысшыларына жалақыны тағы кешіктіре бастады. Тағы да дерекке сүйенсек, былтырғы желтоқсанда жалақы қарызы 20 млн теңгеден асты. Сөйтіп компания мен жұмысшылар арасындағы жалақы дауы қайта өрбіді.
– Дауды сотқа дейін реттеу мақсатында өткен жылғы 21 желтоқсанда компанияның 40 қызметкері мен жұмыс беруші компания басшысы Рив Кембрино Вальтер арасында медиативтік келісім жасалды. Онда жұмыс берушінің 20 желтоқсанда қызметкерлерге қараша-желтоқсан айлары үшін жалақы бойынша берешекті, сондай-ақ 2020 жылы пайдаланылмаған еңбек демалыстары (есептелген) үшін өтемақыны төлеуге келісті. Тараптардың келісімімен міндеттемелерді орындау мерзімі 25 желтоқсанға дейін ұзартылды, – дейді Думан Әбиев. – Медиативтік келісімнің 1-тармағында тараптар «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС қызметкерлеріне жалақыны уақтылы төлемеу» дауы бойынша медиация рәсімін «Астана» халықаралық төрелік орталығының төрелік және медиация қағидаларымен аяқтайтыны көзделді.
Баяғының үлкендері «Уәде – Құдай аты» деуші еді. Алайда жұмыс беруші уәдесінде тұрмады. Оған компанияның медиативтік келісім бойынша міндеттемесін орындамағаны дәлел болып отыр. Енді медиаторлар қызметкерлермен бірлесіп сотқа беру үшін талап-арыз дайындауға кірісті. Бұған қоса былтырғы 28 және 29 желтоқсанда басқармаға компанияның бұрынғы 29 жұмыскерінен 2020 жылғы қараша-желтоқсан айларына жалақы төленбегені туралы өтініш түсті.
Шындығында бұл компанияда алаңдатарлық ахуал қалыптасты деуге болады. Өйткені отбасын асырау үшін маңдай терін төгіп жұмыс істеген жұмысшыларға жалақы төлеуді сағыздай созуға бола ма? Бірақ бір басында бірнеше несиесі бар жұмысшылардың жанайқайы жұмыс берушіні ойландырмайтын секілді. Сол себептен екі және одан көп адамға еңбекақының төленбеуі қызметкерлердің конституциялық құқығын бұзатыны ескеріліп, Атырау облысы әкімінің өкімімен «Gruppo RF Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды. Осыған орай облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметкерлердің өтінішімен аталған компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады.
– Еңбек заңдылығына қатысты бұзушылықтар анықталған жағдайда компания басшылығына оны жою туралы тиісті нұсқама беріледі. Компания басшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылады, – дейді басқарма басшысының орынбасары Думан Әбиев.
Атырау облысы