Академик Әлкей Марғұланның шәкірті Аманқұл Мұсатайұлы Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінің қорына атақты ғалымнан қалған бірталай затты өз қолымен тапсырған екен. Соның ішіндегі құнды жәдігердің бірі – қасиетті домбыра.
Музейдің бас қор сақтаушысы Асыл Ихашованың айтуынша, бұл домбыраны академикке К.Тулекеев деген азамат қотаңба жазып, сыйға тартқан көрінеді. Өкінішке қарай, бұл адамның кім екені туралы дерек еш жерде сақталмаған. Ал музыкалық аспапты Ақтоғайдың тумасы, өлкетанушы, суретші Аманқұл Мұсатайұлы музейге 2002 жылы тапсырыпты. Бұл кісі академик Әлкей Марғұланның өзі ұйымдастырып, өзі басқарған Орталық Қазақстан экспедициясының Арқа жеріндегі құрметті мүшесі болған. Өмірінің соңғы жылдары Балқаш қаласында тұрыпты.
Балқаш мұражайында домбырадан басқа, Әлкей Марғұланның фотосуреттері, жеке анықтама қағаздары, Аманқұл Мұсатайұлына жазған хаты, көзілдірігі және сақал қырғышы да сақталған.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы