Орал қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің алдында құйрығын тігіп, басын төмен салып, мүйізін шайқап тұрған алып бұқа ертегі кейіпкерінен аумайды. Қардан тұрғызылғанымен, түрлі-түсті бояумен әрленген қар-мүсін алыстан көз тартады. Гагарин көшесімен олай-бұлай өтіп бара жатқан көліктердің кейбірі тоқтай қалып, суретке түсіп жатады. Ондай сәтте осы мүсінді жасаған Әлішер Құттығалидың бойын мақтаныш кернейді.
– Әсіресе балалар келіп, менің туындымды ұнатып, айналшықтап, кете алмай жүргенде ерекше қуанамын. Еңбегім еш кетпегенін түсінемін, – дейді Орал қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Әлішер Құттығали.
Бір қызығы, қыс келген сайын дәл осы жерде қардан жасалған түрлі мүсін пайда болатынына жергілікті халық үйреніп алды деуге болады. Өйткені Әлішер былтыр осы алаңқайға өрт сөндіретін машинаның дәл көшірмесін қардан тұрғызған болатын. Оның алдында Жеңістің 75 жылдығына орай «Т-34» танкісін қардан қалап шыққаны да бар.
Мүсін жасауды бала кезінен жақсы көретін Әлішердің хоббиін биыл қалалық Төтенше жағдайлар мекемесінің басшылығы да қолдап, «Қардан жасалған үздік мүсін» атты байқау ұйымдастырған. Бұл байқауға төтеншеліктердің барлық бөлімшесі мен ведомстволық бағынысты ұйымдары қатысыпты. Осылайша, ауылдар мен қалада қардан жасалған түрлі мүсін пайда болды. Үздіктері жүлделі орындармен, арнайы сыйлықтармен марапатталған. Ең бастысы, қардан жасалған өнер туындылары уақытша болса да көрген жанның көзіне қуаныш ұялатып, эстетикалық ләззат сыйлап тұр.
– Бұл туындыны ұлттық бренд – қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырына барынша ұқсатқым келді. Ал сиырдың мүсінін жасаған себебім – наурызда келетін сиыр жылы елімізге құтты, берекелі болсын деген тілегім, – дейді Әлішер. Лайым да солай болсын!
Батыс Қазақстан облысы