• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Қаңтар, 2021

Өңір ахуалымен танысты

116 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Сондай-ақ Петропавл қаласындағы «Qyzyljar» АЭА аумағында электр техникалық өнімін өндіретін жаңа зауыттың құрылысын көрді. Бұл жобаның құны – 10 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 13 мың трансформатор шығаруға жетеді және 300 жаңа жұмыс орнын ашады.

Осыдан кейін А.Мамин Петропавл ауыр машина жасау зауытына барды. Бұл КСРО қорғаныс зауыттарының Пет­ропавлға орнатылған бес зауытының ішін­дегі ең ал­дыңғы қатарлысы болған еді. Қазір оның аума­ғында тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арнал­ған термос-вагондар құ­растыратын жаңа өндіріс орны ашылған. Жобалық қуат­тылығы жылына 1200 вагон өндіруге қабілетті және 200 адамды жұмыспен қамтиды.

Премьер-Министрдің сапары «Сол­түс­тік фанер комбинаты» ЖШС-де жалғасты. Мұнда ламинатталған фанер өндіріледі. Кәсіпорын қазірдің өзінде 150 адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Ал жобалық қуаты толық күшіне енгенде жылына 27 мың текше метр өнім шығарады және қосымша жұмыс орындары ашылатын болады.

Қызылжардағы тағы бір маңызды нысан – 510 орындық көпбейінді ауруха­на. JCI халықаралық стандарттарына сәйкес салынып жатқан аурухана құры­лысы қаланың «Шығыс» шағын ауданын­да жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы жаңа нысанның құрылысына қанағат­танатынын білдірді. Бұл жобаны мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жүзеге асыруда. Толығымен 2022 жылдың соңына қарай аяқталады.

А.Мамин Қызылжар ауданының Ча­паево ауылындағы «Қызылжар Сүт» ЖШС-нің жаңа цифрландырылған тауар­лы сүт фермасында да болды. Ферманың қуат­тылығы – жылына 3,6 мың тонна сүт.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.

«Солтүстік Қазақстан облысы агро­өнеркәсіптік кешенде, өңдеу өнеркәсібінде және басқа да салаларда үлкен әлеуетке ие. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­руға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқа­тының жоғары болуын қамтамасыз етуге елеулі серпін беруі қажет», деді А.Ма­мин.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 779 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғыдан 27%-ға жоғары, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі – 306 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20,5%-ға, яғни 281 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы