Кеше Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейнебайланысқа шықты. Жиын екі үкімет арасындағы меморандумға қол қою мақсатында орайластырылды.
Меморандум Каспий теңізіндегі «Достлуг» кен орнының көмірсутегі ресурсын игеру, жасақтау, бірігіп барлауды мақсат етеді.
Қос мемлекеттің президенттері серіктестік жоспарын кеңесіп, аталған аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. Осы ретте Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Түрікменстанға ресми сапармен барғанын айта кеткен жөн.
«Осы келісім негізінде екі ел «Достлуг» кен орнының дамуы жолында жұмыс істеп қана қоймай, Түрікменстаннан Әзербайжанға Каспий теңізі арқылы тасымалданатын табиғи газ мәселесін шешуді де жолға қояды деп сенемін. Бұл Түрікменстан Республикасының өз өнімін сенімді нарыққа тасымалдауы үшін де маңызды деген ойдамын», деді жиынға қатысқан АҚШ-тың Әзербайжандағы бұрынғы елшісі Мэтью Бриза.
Иран Сыртқы министрі Мұхаммед Джавад Зарифтің де жақын күндері Әзербайжанға сапарлап баратыны белгілі болды. Одан әрі министр Ресей, Армения мен Грузия елдеріне баруды жоспарлап отыр.
Жаңа меморандум екі энергетикалық державаның Каспий теңізі аймағында тұрақты экономиканың дамуына жағдай жасайды деген болжам бар. Бұл тақырып Гурбангулы Бердімұхамедовтің 2020 жылы наурызда Бакуға сапары барысында талқыланған-ды. Түрікменстан президенті меморандумның «Достлуг» деп аталуы жақсы белгі, екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайтады деген сенімін жасырмады. Сонымен бірге оның жаңа инвестицияларға бастама болатыны да сөз етілді.
Айта кетейік, 2018 жылы тамызда теңізбен шектесетін 5 елдің басшылары Ақтау қаласында бас қосқан-ды. Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Ресей мен Иран президенттері қатысқан 5-саммитте конвенция жобасы ұсынылып, Каспий теңізі жағалауында орналасқан мемлекеттердің құқықтары мен жауапкершілігі анықталған болатын.