Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңы мен 70-ші жылдарының басында айшықты өнерімен көзге түскен белгілі боксшы Сұлтан Костоевтың бірқатар додада жүлде алғанын егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Кезінде ол КСРО мектеп оқушыларының спартакиадасы, Кеңес Одағының жастар және Қарулы Күштері біріншіліктері, Бүкілодақтық «Спартак» және Кәсіподақтар қоғамы жарыстарында сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Айтулы маман одан кейінгі саналы ғұмырын толықтай бапкерлікке арнап, көптеген дарынды жастың бағын ашты.
«Еңбек резервтері» орталық кеңесінде еңбек етіп жүрген кездері Сұлтан Абдулұлының бапкер ретінде бағы жанды. 1981-91 жылдар аралығында ол аталған ұйымда аға жаттықтырушылық қызмет атқарды. Дәл сол тұста Болат Теміров, Нұрлан Көпжасаров, Қанатбек Шағатаев, Николай Кульпин, Мырзағали Айтжанов, Михаил Юрченко, Аркадий Топаев, Нұржан Сманов, Есболат Нұрманов, Нұрлан Қалыбаев, Талғат Түсіпов, Василий Жиров, Болат Ниязымбетов және тағы басқа боксшылар байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсетті. Кейіннен олардың алды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салса, өзгелері түрлі халықаралық додаларда дараланды.
1991 жылы ел спортының тізгінін ұстаған азаматтар Сұлтан Костоевты Қазақстанның жастар құрамасының аға жаттықтырушысы етіп тағайындады. Жалындап тұрған жігіттерді ол сан мәрте әлем біріншілігіне бастап апарды. Сол командалар сапында өнер көрсеткен жерлестеріміздің біразы кейіннен дүниежүзілік деңгейде мойындалған марқасқаларға айналса, енді біразы ересектер дуына қосыла алмай, қалың топтың арасында қалып қойды. Неге? Үлкен рингте өздерін түбегейлі мойындату үшін оларға не кедергі болды? Міне, Сұлтан ағамен болған әңгіме барысында осындай сансыз сауалға жауап алуға тырыстық. Енді осы жарыстарға рет-ретімен тоқталайық.
1994 жыл. Қазақстан құрамасы жастардың әлем біріншілігінде алғаш рет бой көрсетті. Ыстанбұлда өткен жарыста жерлестерімізге бес қола медаль бұйырды. Жеңіс тұғырына көтерілген сол боксшылардың екеуі ғана кейіннен ұлттық команда бапкерлерінің назарына ілікті. Атап айтсақ, 67 кило салмақтағы Данияр Мұңайтпасов Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында бақ сынады. Жасыл құрлықта ол ширек финалға дейін жетті. 63,5 кило салмақтағы Асан Сексенбаев АҚШ-та өткен Мұхаммед Әлидің турнирінде топ жарып, саң мың көрерменнің көңілінен шықты. Алайда кейіннен ол қарқынын бәсеңдетіп алып, көпшілік назарынан тыс қалды. Ал Александр Цой (54 кило), Талғат Қалимов (60 кило) және Руслан Зумаевтың (81 кило) одан кейінгі тағдыры беймәлім.
Сұлтан аға айтады: – Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көп қиындықты бастан кешірдік. Біріншіден, шетелде бізді ешкім танымайды. Әлем картасында Қазақстан деп аталатын іргелі мемлекеттің бары жайында көпшілік бейхабар. Екіншіден, АИБА секілді белді ұйымда әділдік үшін күресіп, бізге араша түсетін ешкім болмады. Сол себепті де төрешілер тарапынан көп теперіш көрдік. Түркияда кемінде екі алтын алуға күш-жігеріміз жететін еді. Алайда біраз өреніміз қитұрқы ойынның құрбаны болды. Жеңіс тұғырына көтерілген жігіттерді айтпағанда, жүлдесіз қалғандардың өздері де өте жақсы жұдырықтасты. Мәселен, Рүстем Тұрсынханов (81 кило) болашақ Олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокстың шоқжұлдызы Владимир Кличкодан небәрі екі ұпай айырмашылықпен ұтылды. Қарсы келгендерді жайпап келе жатқан Ерсін Жайлауов (48 кило) пен Вячеслав Бурбаны (71 кило) төрешілер тоқтатты.
1996 жыл. Бостандық аралына сапар шеккен жерлестеріміз екі жүлде еншіледі. 60 кило салмақтағы Батырхан Жақсыбаев күміс медаль алса, 51 кило салмақтағы Құралбек Бұқаров қолаға қол созды. Олардың екеуі де шешуші тұста ринг қожайындарына есе жіберді. Атап айтсақ, Батырхан финалда Ричард Вайландтан (15:22), ал Құралбек жартылай финалда Сталин Лопес Кабрерадан (4:16) ұтылды.
Кубада жеңіс тұғырына көтерілген қос былғары қолғап шеберінің жолына барша қазақ жанкүйері үлкен үмітпен қарады. Өйткені олар дарынды әрі қарымды еді... Бірақ екеуі де құрлықтық деңгейдегі жарыстардан аса алған жоқ. Қапияда көзінен жарақат алған Құралбекке дәрігерлер боксты доғару қажеттігі жайында кеңес берді. Сөйтіп, жалындап тұрған шағында ол саптан шығып қалды. Осы жайсыз жаңалықты естіген кезде біз «Сидней сенің Олимпиадаң еді» деп қалам тербеген едік. Бұл мақала ғасырлар тоғысында «Еgemen Qazaqstan» газетінің бетінде жарық көрді. Ал Батырхан Сиднейдегі ойындарға қатысуға талпынып көрді. Алайда бұл әрекетінен ешнәрсе шықпады. Одан кейін біраз уақыт кәсіпқой рингте өнер көрсетті. Көп ұзамай отбасылық жағдайына байланысты былғары қолғабын шегеге ілді.
Сұлтан аға айтады: – Бостандық аралының халқы боксты ерекше қастерлейтіні баршаға мәлім. Тіптен, мемлекет басшысы Фидель Кастроның өзі аса ірі жарыстарды тапжылмай тамашалайды. Сондықтан осы елде жергілікті боксшыны тек ұрып жығу керек. Олай болмаған жағдайда «төреші менің қолымды көтереді» деп дәмеленбей-ақ қой. 1996 жылы дәл солай болды. Гаванада Бұқаров қарсыласын қуып жүріп сабады. Бірақ жеңіс Вайландтың еншісіне жазылды. Жақсыбаев та жақсы жұдырықтасты. Қазылар тағы да әділдікті белден басты. Гаванаға уақыт оза әлем чемпионы атанған Галиб Жафаров та барған. 54 кило салмақта күш сынасқан ол барлық қарсыласын жайпап келе жатқан еді, ширек финалда төрешілер көпе-көрнеу қиянат жасады. Өйткені, украиналық Евгений Богданды жеңсе, жартылай финалда жерлесіміздің жолы Павел Перес Мирабалмен қиысатын еді. Ал Жафаровтың жергілікті боксшыны сабап тастайтынына жарыс қожайындарының еш күмәні болмады. Сол себепті де олар Галибті сол межеде тоқтатты.
1998 жыл. Аргентинаға аттанған өрендердің барлығы да нағыз «сен тұр, мен атайындар» еді. Кейіннен олардың дені ұлттық құрама сапында жасындай жарқылдады. Сұлтан Костоев жетекшілік еткен команда Буэнос-Айрестегі жарысты 1 алтын, 2 күміс және 3 қоламен қорытындылады. 51 кило салмақтағы Серік Елеуов барлық қарсыласын бет қаратпай ұтып, әлем чемпионы атанды. Қарағандылық қыран финалда Георгий Балакшинді 7:0 есебімен ойсырата ұтты. Ресей боксшысы кейіннен Белфастағы әлем чемпионаты мен Бейжіңдегі Олимпия ойындарының қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы атанды.
54 кило салмақтағы Бекзат Саттарханов және +91 кило салмақтағы Павел Сторожук күміс медальды мойындарына ілді. Ширек финалда қандасымыз келешекте Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы, қазіргі кезде кәсіпқой рингтің көкжалына айналған кубалық Гилермо Ригондо Ористі 5:1 есебімен ұтты. Финалда украиналық Сервин Сулеймановты жақсылап тұрып сабағанымен, төрешілер тағы да әділетсіздік танытты. Аман Батырбаев (48 кило), Бауыржан Қайырменов (75 кило) және Олжас Оразалиев (81 кило) қола медальды иеленді.
57 кило салмақта қолғап түйістірген Нұржан Кәрімжановтың да жеңіс тұғырына көтерілуіне барлық мүмкіндігі болды. Екінші айналымда ол аргентиналық Исраэль Гектор Переспен күш сынасты. Бірінші раундта қазақ жігіті қарсыласын бас көтертпей төмпештеп, едәуір ұпай айырмашылығымен алда келе жатты. Сол мезетте электр жарығы өшіп қалып, бүкіл компьютер істен шықты. Көп ұзамай техника қайта қалпына келді. Бірақ қандай «сиқырдың» барын білмеймін, әйтеуір Кәрімжановтың жиған ұпайларының барлығы да бір мезетте жойылып кетті. Одан кейін де біздің боксшы Пересті ауыр соққылардың астына алды. Алайда жеңіс жергілікті боксшының еншісіне жазылды. Ақыры дәл сол жігіт аргентиналық команда сапынан жалғыз өзі чемпиондық атаққа иелік етті.
Сұлтан аға айтады: – Тоқсаныншы жылдардың соңында маған осындай керемет боксшыларды баптау бақыты бұйырды. Сол кезеңде жастар құрамасы сапына қосылған өрендердің барлығы да сайдың тасындай жұлқынып тұрған жігіттер еді. Келешекте олар отандық боксымыздың мақтанышына айналды. Мәселен, Буэнос-Айреске сапар шеккен 11 боксшының үшеуі арада екі жыл өткен соң Олимпия ойындарына қатысты. Сидней сапарынан Бекзат Саттарханов чемпиондық атақпен оралса, Нұржан Кәрімжанов пен Олжас Оразалиев ширек финалға дейін жетті. 2004 жылы Афина Олимпиадасында Серік Елеуов қола медальды иеленді. Одан бөлек, Нұржанның Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы деген атақтары бар. Олжас Әлем кубогы жолындағы жарыста жасындай жарқылдады. Аман Батырбаев пен Павел Сторожук та бірер жыл ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, бірқатар халықаралық турнирде олжаға кенелді. Расында да, мен баптаған командалар арасындағы ең жұлдыздысы дәл осы құрама болды.
2000 жыл. Әлем біріншілігін Будапешт қаласы қабылдады. Бірақ ол құрамаға Сұлтан Костоев емес, Асқарбек Ғазизов жетекшілік етті. Мажарстанның бас шаһарында Геннадий Головкин (63,5 кило) бас жүлдені олжаласа, Берік Серікбаев (48 кило), Ұлан Сауытбаев (54 кило) және Рустам Іргебаев (+91 кило) қолаға қол созды. GGG деген лақап атпен танылып, бүгінгі таңда кәсіпқой рингтің шоқжұлдызына айналған отандасымыз шешуші тұстарда ресейлік Евгений Путилов пен кубалық Майкл Перестің екі аяғын бір етікке тықты. Ал жартылай финалда Берік болгариялық Салим Салимовтен ұтылса, Ұлан ресейлік Мұрат Храчев және Рустам грузиялық Гага Болквадзеге жол берді.
Будапештте қазақ боксының болашақ жұлдыздары Бақтияр Артаев (67 кило) пен Бейбіт Шүменовтің де (75 кило) өнер көрсеткенін айта кетуге тиіспіз. Сол жарыста олардың айы оңынан тумады. Бақтияр беларусиялық, Бейбіт америкалық боксшылардан ұтылды. Бірақ өздерінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында араға жылдар салып, екеуі де биік-биік тұғырлардан қол бұлғады. 2004 жылы Бақтияр Олимпиадада бас жүлдені олжалаумен қатар, ең үздік боксшыға тиесілі Вэл Баркер кубогын иеленді. Екі рет әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал Бейбіттің есімі кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ боксшысы ретінде тарихта қалды.
2002 жыл. Ел құрамасының тізгінін қайта ұстаған Сұлтан Костоев өз шәкірттерін Бостандық аралындағы Сантьяго де Куба қаласына бастап апарды. Айтулы додада 63,5 кило салмақтағы Қанат Ілиясовтың бақ жұлдызы жанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Аса шиеленісті өткен ақтық сайыста Қанат жергілікті боксшы Вильер Кинонезді қапы қалдырды. Финалда тағы екі жерлесіміздің жолы Куба қабыландарымен қиысты. Дмитрий Готфрид (75 кило) Осмай Окостадан, Ербол Бабаев (+91 кило) Ясмани Перестен жеңілді. Ал Александр Нильга (91 кило) қола медальды еншіледі.
Өкінішке қарай, жоғарыда есімдері аталған былғары қолғап шеберлерінің ешқайсы ересектер додасында күллі қазақстандық жанкүйерлер армандаған асуларды бағындыра алмады. Тарқатып айтсақ, Ербол Бабаев 2003 жылы Бангкоктағы әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетті. Содан кейін қазақтың нар тұлғалы жігітінің шаршы алаңды шайқаған сәтін көрмедік. Дмитрий Готфрид пен Александр Нильганың алғашқы аяқалыстары тәуір еді. Десек те олар да халықаралық турнирлерде жүлде алумен шектелді. Айрықша үміт Қанат Ілиясовқа артылды. Төрткүл дүниенің теңдессіз жастары бас қосқан жарыста топ жарған қандасымыз ересектер дуына қосылғанда тосылып қалды.
Сұлтан аға айтады: – Қаншама дарынды жасты ұлттық құрама сапына қостық. Уақыт оза солардың дені аса ірі байрақты бәсекелерде теңдессіз өнерімен көзге түсіп, мемлекет мақтанышына айналды. Әрине, ол спортшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сонымен қоса ересектер рингінде өздерін мойындата алмай, қалың топтың арасында қалып қойғандары қаншама! Бозбала шақтарында команда сапына қабылдағанымда олардың болашағы жарқын болатынына жеке өз басым қылаудай да күмән келтірмедім. Бір өкіншітісі, жастар арасында жасындай жарқылдаған жігіттер ересектер дуына қосылса, құмға сіңген судай жоқ болады да кетеді. Оның барлығы жеке бапкерлерінің білімдерінің таяздығы және біліктілігінің төмендігі салдарынан. Тек ақша тауып, абырой жиюды ғана ойлайтын жаттықтырушыларға ұлттық намыс пен патриоттық сезім деген қастерлі ұғымдардың құны көк тиын. Ондай пысықайлар әлі де арамызда жоқ емес. Дәп қазір ешкімнің атын атап, түсін түстегім келмейді. Осы мақаланы оқығандар, кімдер жайында айтып отырғанымды өздері де түсінер.
2004 жыл. Жастар арасындағы әлем біріншілігі Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылды. Бұл жарыста үш қоланы қоржынға салдық. Сол жүлденің иегерлері – Елдос Сайдалин (51 кило), Еркебұлан Жұманбаев (57 кило) және Владимир Ульянов (64 кило). Бұлардың ешқайсысына Олимпиада және әлем чемпионаттарында бақ сынау бақыты бұйырмады.
Жоғарыдағы жағдай отандық бокстың басы-қасында жүрген азаматтарды қанағаттандырмаса керек, Сұлтан Костоев өз қызметінен босап, еліміздің кадеттер командасының тізгінін ұстады. 2006 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем біріншілігінде Данияр Елеусінов (46 кило) пен Нұрболат Жармановтың (60 кило) теңдессіз өнеріне құлшына қол соқтық. Қос қандасымыз бас жүлдені қанжығасына байлады. Ерлан Сейдалиев (75 кило) күміспен күптелсе, Мержан Өзін (48 кило), Айғали Ералиев (52 кило) және Мұқаш Түлкенов (80 кило) қола алды. Олардың арасынан ересектер дуында Данияр Елеусінов қана атой салып, Олимпиада және әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. Бұл күндері ол АҚШ-та кәсіпқой рингте тәуір өнер көрсетіп жүр. Нұрболат Жарманов та жаман жұдырықтасқан жоқ. Ал өзгелері одан кейін мүлде көрінбей кетті.
2011 жылғы әлемдік доданы Астана қаласы қабылдады. Қазақ жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыста Бекжан Кібітқалиев (54 кило) чемпиондық тұғырға көтерілсе, Дидар Төлеген (+80 кило) финалда ұтылды. Аян Қалибеков (60 кило), Қайыркелді Дәуітбек (63 кило) және Асқар Дүйсәлі (45 кило) үшінші орынға табан тіреді. Ересектер дуына қосылғаннан кейін бұл боксшылардың бірде-біреуі көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.
Сұлтан аға айтады: – Әрине, өз елімізде өткен жарыста бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тиіс едік. Бірақ балақтан тартып, аяқтан шалғандар көп болды. Жау алыстан келген жоқ. Барлығы да осы саланың басы-қасында жүрген өз азаматтарымыз. Бәрін басынан баяндасақ, 2006 жылы Түркияда өткен әлем біріншілігінен кейін мені қызметтен алып тастады. Содан біраз уақыт үйде жұмыссыз отырдым. Қиналған сәтте қазақтың батыр ұлы Дәулет Тұрлыхановтың қолұшын беріп, інілік ізет көрсеткенін айта кеткен абзал. Ал 2011 жылы дәл әлем біріншілігі қарсаңында Қазақстанның кадеттер құрамасының тізгінін қайта ұстадым. Енді бәрін жаңадан бастауға тура келді. Түрлі жарыста көзге түскен балғын былғары қолғап шеберлері арасынан ең үздіктерін іріктеп алдым. Оларды жақсылап тұрып баптадық. Жас өрендер жауапты жарысқа жақсы бабында келді. Астанада кемінде үш чемпион шығаратындай мүмкіндік болды. Бірақ менің бұл қызметке қайта келуім көп адамға ұнамаса керек, олар қитұрқы әрекеттерге барды. Менің абыройымды төгу үшін төрешілермен келісіп, өз өрендерімізді құрбандыққа шалудан тартынбады. Соның кесірінен бірқатар жалындап тұрған жас көздеген мақсаттарына жете алмады. Осындай опасыздыққа қалай налымайсың?
Міне, Қазақстанның жастар мен кадеттер құрамасын қоса алғанда, жеті бірдей әлем чемпионатына бастап апарған Сұлтан Костоев осылай ашына сөйледі. Иә, спорт саласында ондай келеңсіз жайттардың жиі кездесетінін біз де жақсы білеміз. Бірақ көптеген талантты боксшының томағасын сыпырып, талай құқайды көрген майталман маманның өз аузынан осындай жайсыз әңгімені естігенде мүлде басқа күй кешеді екенсің. Бір өкініштісі, білікті бапкер 2011 жылдан бері жұмыссыз жүрді. Оның тік мінезі мен турашылдығы көп адамға ұнамады. Тіптен, ара-тұра ардагерлер басын қосатын жиындарға шенеуніктер Костоевты бірде-бір рет шақырмаған екен.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде Алматы қаласының боксы құлдырау кезеңін басынан кешіруде. Олардың нәтижелері уақыт озған сайын төмендеп келеді. Мәселен, жуырда Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында алматылықтар небәрі екі қола медальды қанағат тұтып, жалпыкомандалық есепте 14-орынды қанағат етті. Яғни артынан санағанда үшінші сатыға табан тіреді. Шынында да, бұл – өзегімізді өртейтіндей жағдай. Олай деуге бірнеше негіз бар. Біріншіден, Алматы – 2 миллионға жуық тұрғыны бар еліміздегі ең ірі мегаполис. Екіншіден, айтулы шаһарда жеңіспен өрілген дәстүр бар. Кезінде мемлекетіміздің мақтанышына айналған көптеген атақты боксшы дәл осы Алматыдан шыққаны баршаға мәлім. Қазір де мықты жігіттер жетіп артылады. Алайда оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, түрлі жарыстарға қатысуға қажетті қаражаттың бөлінбеуі және бапкерлер мен боксшылар қауымына тиісті қамқорлықтың көрсетілмеуі салдарынан дарынды былғары қолғап шеберлерінің дені өзге өңірлердің атынан сынға түсіп жүр. Ал бұл тоқырау емей немене?
2020 жылдың қараша айында Алматы қалалық бокс федерациясының тізгінін іскер басшы, танымал спорт функционері Ержан Қосмамбетов ұстады. Жоғарыда айтылған жағдай бұл азаматты қатты алаңдатып отырған көрінеді. Алатау баурайында орналасқан әсем шаһардың боксын өркендету мақсатында ол өзінің орынбасары етіп осы өнердің жілік майын шаққан майталман маман Сұлтан Костоевты тағайындады. Әрине, бұл азаматтардың талпынысы мен тірлігі табысты бола ма, әлде жоқ па, оны уақытында көрерміз. Бірақ бір анығы, керемет дәстүрі бар Алматы боксы дәл қазіргідей көш соңында қалып қоймауға тиіс.