Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізіп, мемлекеттік органдардың жұртшылықтың ұсыныстары мен пікірлеріне, түрлі сын мен шағымға құлақ асып, олардың тиімді жолдармен шешілуін қадағалап отыруды тапсырған болатын.
«Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген еді Мемлекет басшысы. Одан кейін өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында да аталмыш тұжырымдаманың орындалуының маңыздылығына терең мән берген. Мақалада «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ», деп Абай айтқан замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» делінген еді.
Барлық мемлекеттік орган осы талапты қатаң сақтап, оның орындалуына қатты мән беріп отырса, азаматтық қоғамның да әлеуеті арта түсер еді. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев өткен жылы 3 169 жазбаша өтінішке жауап беріпті. Олардың бәрі, әрине, арыз-шағым емес. Арасында полиция қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныс-пікірлер де көп. Соның ішінде сервистік полиция жұмысын жетілдіру бойынша көптеген ұсыныс түскен. Мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді әділ өткізу, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету, халыққа көмек көрсету, өтініштерге уақтылы жауап беру сияқты мәселелер көтерілген. Полицейлердің осындай маңызды қағидаттарды толық сақтамайтындығы жеке қабылдаулар барысында да көп айтылған.
Облыстық полиция департаментінің бастығы айтылған ұсыныстар мен пікірлерді зерттеп, олар туралы нақты ұсыныс жасауды тиісті қызметтерге жүктеген. «Еліміздің Президенті өз Жолдауында адамдармен ашық диалог жүргізудің маңызды екендігін баса айтты. Бүгін осындай диалог алаңдарын біз ведомство қабырғасында ғана өткізумен шектелмейміз. Қолданыстағы интернет-платформалар мен басқа да электронды ресурстар мұндай диалогтарға жеделдік пен ашықтық береді. Азаматтардан келіп түскен өтініштердің толық әрі жан-жақты зерделеніп, уақтылы және сапалы қаралуы – жеке бақылауымда», дейді Марат Төлебаев.
Сондай-ақ солтүстікқазақстандықтар ішкі істер органдарына қатысты өтініштерін әлеуметтік желі арқылы жолдап, жауап алуда. Ал полиция департаментінің бастығы жуырда азаматтарды кезекті қабылдауын өткізді. Сегіз азамат Марат Төлебаевпен онлайн-диалогқа шықты. Олардың басым бөлігі қылмыстық істерді тергеу мәселелері бойынша жүгінді. Полиция қатарында қызмет етуге ниет білдірген өңірдің үш тұрғыны жұмысқа орналасу жайлы сұрады. Жауап беру барысында ведомство басшысы бүгінгі таңда полиция қызметкерлеріне қойылатын биік талаптарға баса назар аударды.
Қызылжар өңірінің бас полицейі азаматтарды әр аптаның сәрсенбі күні қабылдайды. Қабылдау онлайн режімде жүргізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы