Adaldyq alany жалпы республикалық жобасы аясында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысына вице-министрлер және өңірлер әкімдерінің осы жобаны іске асыруға жауапты орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдер және жұртшылық өкілдері қатысты.
Кеңес барысында республикалық жобалық кеңсенің басшысы Төлеген Байғұлов жобаны іске асырудың оң нәтижелерін атап өтті.
«Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың пәрменді құралы ашықтық пен айқындық болып табылатынын ескере отырып, Adaldyq alany республикалық жобасы аясында мемлекеттік аппараттың клиентке бағдарлануын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Осылайша, 317 әкімдіктің сервистік жұмыс моделіне көшкенін атап өткен жөн. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар жүз пайыз қамтамасыз етілді», деді ол.
Жоба үйлестірушілерінің айтуынша, атқарылған жұмыс мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, шенеуніктердің ұйымдастырушылық мәдениетін көтеруге мүмкіндік берді.
Жобалық кеңестердің менеджерлері мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді үдемелі цифрландыруды жалғастырып, оның деңгейі өткен жылдың қорытындысы бойынша 93 пайызды құрады.
Жобаға қоғам белсенділерінің қатысуы арта түскен. 80 мыңға жуық ерікті сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларына атсалысып жүр. Adaldyq alany өңірлік жобалық кеңселерінің жетекшілері өңір әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері болып тағайындалған.
Азаматтардың әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қоғамдық мониторингтерге бастамашылық жасауға және оған қатысуға мүмкіндік туғызылған. Олар өткен жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, жол құрылысы және басқа өзекті мәселелерді бақылауға тікелей қатысты.
Жобалық кеңселердің туындаған проблемаларды шешу үшін кез келген адам жүгіне алатын Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшалары бар. Оларға өткен жылы жүгінген 11 500 азаматтың 80 пайызы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен байланысты түйткілді мәселелердің оң шешілуіне ұйытқы болған.
Өңірлерде жобаны іске асырудың оң нәтижелерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы Алик Шпекбаев вице-министрлерді осындай жұмысты министрліктер деңгейінде ұйымдастыруға шақырды. Оның айтуынша, жобалық кеңселер бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауда және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуде, кедергісіз фронт-офистерді енгізу арқылы халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуде азаматтық қоғамның кеңінен қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың генераторы болуға тиіс. Бұл өз кезегінде орталық атқарушы органдардың жұмысын ашықтық және халыққа есеп беру жағына қарай түбегейлі өзгертеді.
Сондай-ақ Алик Шпекбаев ел басшылығына жолдау үшін сыбайлас жемқорлықты азайтуға аса ықылас танытпаған басшылар туралы ақпарат дайындау туралы тапсырма берді.