Жапонияда қарлы боранның салдарынан жолда 130 көлік соқтығысқан. Бір адам қаза тауып, 10 адам жараланған. Оған қоса бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған.
Қарлы боран Жапонияның солтүстігінен оңтүстігіне, Мияги префектурасының солтүстік-шығыс аймағынан өтетін Тохоку жоғары жылдамдықты тас жолының ұзын бөлігін жауып тастаған.
Соның салдарынан 200-ге жуық адам көліктерін тастап кете алмай, екі күн қатарынан жол бойында түнеген. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Көліктерде қамалғандарға тамақ, ауыз су және көрпе жеткізілді. 200 жолаушының 12-сі ауруханаға жеткізілді.
Жапон теңізі жағалауы маңындағы кей жерлерде ақ ұлпаның биіктігі 1 метрден асады. Кей аудандарда жарық сөніп қалған. Сондай-ақ қар көшкіні қаупі күшейген. Ал ауа райын болжаушылар қазіргі күн райы ертеңге дейін сақталатынын ескертіп отыр.
Синоптиктердің болжауынша, Тохокудың солтүстік-шығыс аймағында келесі күні 40 см-ге дейін қар жауады. Билік бірнеше пойыздың қозғалысын тоқтатты.
Жапонияның Премьер-министрі Ёсихидэ Суга тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Дайындаған
Рабиға НҰРҒАЛИ