Жаңа ғасыр табалдырықтан аттаған тұста ел спортында жарқ етіп жанған жұлдыздардың бірі – Галиб Жафаров. Ол – Ақтөбе облысындағы Қандыағаш ауданының тумасы. Әкесінің ұлты – әзербайжан, шешесі – қазақтың қызы. Галиб бала кезінен білікті бапкер Әлімбек Балмағамбетовтің қол астында жаттығып, уақыт оза елеулі табыстарға қол жеткізе бастады.
Бозбала шағынан жаттығу залында ерінбей тер төгіп, жарыс жолында жанкештілік танытқанымен, Галибтің бірден бағы жана қоймады. Ол өзінің жұлдызды сәтін ұзақ күтті. Елішілік жарыстарда көзге түскеннен кейін Жафаров 1997 жылы ұлттық команда сапына қабылданды. Түрлі халықаралық додаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Алайда сол тұста 57 кило салмақта бәсекелестік тым күшті болды. Бастапқыда Бақтияр Тілегеновпен ешкім тіресе алмады. Көп ұзамай Бекзат Саттархановтың асығы алшысынан түсті. Негізгі бәсекелестік осы қос спортшы арасында өрбіді. Ақырында Тілегеновті тұғырдан тайдырған Саттарханов осы салмақ дәрежесінің тізгінін қолына мықтап ұстады. Нәтижесінде, Түркістанның тастүлегі Сиднейге сапар шегіп, 20 жасында Олимпиада чемпионы деген мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді.
2000 жылдың 31 желтоқсанында барша жұрт жаңа жылдық дастарқанға жайғасқалы жатқанда Бекзат жол апатынан қаза тапты. Бұл жайсыз хабар күллі қазақ халқының қабырғасын қайыстырып кетті. Ал өмір жалғасып жатты...
2001 жылы Галиб Жафаров елішілік жарыстарда өзінің мықтылығын мойындатып, Қазақ елі намысын халықаралық ареналарда қорғауға лайық екенін толығымен дәлелдеді. Осы жетістіктерінің арқасында Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Міне, Жафаровтың жұлдызы жарқырай жанған жарыс осы болды. Белфаста ол бес жекпе-жек өткізді. Алғашқы айналымдарда аргентиналық Исраэль Перес (18:15) пен кубалық Кальдерон Барсагадан (27:24) басым түсті. Ширек финалда таиландтық Сутиссак Самаксаманды (30:27) сан соқтырды. Байыптап қарасаңыздар, осы үш кездесудің барлығы да өте шиеленісті өтіп, әр бәсекенің тағдырын үш ұпай ғана шешті. Жартылай финалда Галиб швециялық Желили Мәжиттен (30:18) мерейі үстем болды. Финалда ол Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Рамаз Палианимен күш сынасты. Түркияның туы астында өнер көрсетіп жүрген грузин жігіті әлем чемпионатында осыған дейін екі рет қола медальды иеленіп, бас жүлдеге қолы жетпеген еді. Бұл жолы Палианидің арманы орындалып, алтын медальды мойнына ілді. Ал Жафаров күмісті қанағат тұтты. Бір айта кетерлігі, Солтүстік Ирландияға сапар шеккен Қазақстанның былғары қолғап шеберлері арасынан жалғыз Әлімбек Балмағамбетовтің шәкіртінің ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жеткен еді.
Белфастағы күміс жүлде Жафаровтың өмірін күрт өзгертті. Оған бапкерлер де, басқалар да құрметпен қарайтын болды. Жанкүйерлер де Галибтің жолына үлкен үміт артты. Өз кезегінде ол артылған сенімді ақтады. Әсіресе 2002 жылы Астанада ұйымдастырылған Әлем кубогы жолындағы жарыс жанкүйерлердің жадында мықтап сақталып қалды. Өз жерімізде өткен бәсекеде төрт жекпе-жек өткізген Жафаров барлығында жеңіске жетті. Ол әзербайжандық Равшан Гуссейнов (20:6), камерундық Стефан Малену (2 раундта нокаут), ресейлік Алексей Шайдулин (20:15) және кубалық Фрэнсис Перестің (14:5) екі аяғын бір етікке тықты. Алайда бұл командалық жарыс болғандықтан, Жафаровтың кеудесінде күміс медаль жарқырады. Дәл сондай көрсеткішке ол Пусанда өткен Азия ойындарында да қол жеткізді.
2003 жылы Бангкокта әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Тай елінде Галиб тіптен керемет өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде қырғызстандық Жаһонгир Абдоллаевты оңдырмай сабады. Төреші үшінші раундта жекпе-жекті тоқтатты. Екінші кезеңде кубалық Юденис Гонзалесті еш қиналмай ұтты – 27:14. Ширек финалда ринг қожайыны Сутиссак Самаксаманмен қайта қолғап түйістірді. Бұл жолы да жерлесіміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ – 29:18. Жартылай финалда Жафаров Оңтүстік Кореяның өкілі Хван Чо Сокты жақсылап тұрып сабады – 32:17. Ақтық айқаста отандасымыздың жолы германиялық Виталий Тайбертпен қиысты. Бұл бәсеке 43:35 есебімен біздің жігіттің пайдасына шешілді. Осылайша, Галиб әлем чемпионы атанды.
Неміс боксшысы жайында біраз мағлұмат бере кетсек, еш ағаттығы жоқ деп ойлаймыз. Ең бастысы, Виталий бізге бөтен емес. Ол – Қазақстанның тумасы. 1982 жылы Павлодар облысының Железин ауданында дүниеге келген. 1992 жылы әке-шешесімен бірге Германияға қоныс аударып, Штутгарт қаласынан пана тапты. Сол жақта бокстың қыр-сырына қанығып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, Афина Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Еуропа чемпионы атанды. 2005-2013 жылдар аралығында Тайберт кәсіпқой рингте күш сынасты. Бұл ретте де несібесіз емес. WBC нұсқасы бойынша ол алтын белбеуді иеленді. Сол аралықта 26 кездесу өткізген айтулы былғары қолғап шебері 24 рет жеңіс тойын тойлады.
Ал қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып, айналдырған екі-үш жылдың аралығында толағай табыстарға қол жеткізген Галиб Жафаровтың жеңісті жолы Афина Олимпиадасында да жалғасады деп үміттендік. Ежелгі Эллада еліне ол өз салмағындағы басты фавориттердің бірі ретінде аттанғаны да рас. Бастапқы бәсекелерінде ол күмәнсіз жеңіске жетті. Угандалық Браян Маянжаны үшінші раундта есінен тандырса, Бекзод Хидировтың (40:22) сілікпесін шығарды. Алайда ширек финалда ақтөбелік сақа спортшы жастар буынынан енді ғана ауысып келген 20 жастағы Ресейдің өкілі Алексей Тищенкодан (26:36) ойда жоқта жеңіліп қалды. Ол кезде бұл сенсациялық нәтиже ретінде бағаланса, уақыт оза бұл жігіттің қарымын байқадық. Тищенко Афинада алтын алумен шектеліп қалмай, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Әлем және Еуропа чемпионы атанды. Ал Галиб Грекияның астанасынан құралақан оралды.
Олимпия ойындарындағы сәтсіздіктің салдары ма, әлде бабы кеміді ме, әйтеуір одан кейінгі кездері Галиб ала-құла өнер көрсетті. Тіпті ол елішілік жарыстарда жеңілетін «әдет» тапты. Сонымен қатар халықаралық аренадағы аяқалысы да көпшіліктің көңілінен шықпады. 2005 және 2007 жылдарғы әлем чемпионаттарына Жафаров барған жоқ. Бапкерлердің таңдауы басқа боксшыларға түсті. 2006 жылғы Азия ойындарында Галиб жартылай финалда моңғолдан ұтылып, үшінші орында қалып қойды. Міне, осылайша жерлесіміз бірер жыл еңсе көтере алмай жүрді. Десек те өзінің адал еңбегі мен табандылығының арқасында Жафаров 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарының жолдамасына иелік етті. Өкінішке қарай, Аспанасты елінде де оның жолы болмады. Алғашқы айналымдардың бірінде жерлесіміз әзербайжандық Шахин Имрановтан ұтылды. Содан кейін жасы 30-дан асқан боксшы былғары қолғабын шегеге ілді.
Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Галиб Жафаров өзінің сүйікті кәсібінен алыстаған жоқ. Ол бірер жыл бойы Батыс Қазақстан облысындағы Олимпиада резервтерін даярлайтын орталықтың директоры қызметін атқарса, бұл күндері Ақтөбедегі спорт мектебінің директоры.
АЛМАТЫ