«Суреттерді түсірген Н.Қизатов. Суретті түсірген Нұрманбет Қизатұлы...». Өткен кеңестік кезеңде де, бүгінгі егемендіктің дәуірінде де бұл аты-жөні көзіқарақты газет оқырмандарына өте жақсы таныс екені айдан анық.
Тіпті, бір емес бірнеше буын үшін де дейікші! Жай ғана таныс емес, фотоүлдірге түсіп үлгерген талай-талай танымал тұлғалардың бейнелері, таңғажайып табиғаттың тылсым көріністері кісі жадында көпке сақталатындай әсерімен есте қалып қойған. Бір сөзбен айтқанда, Нұрманбет аға Қизатұлы бүгінде қазақ баспасөзінде, оның ішінде қазақ фотожурналистикасында өз орны айқындалған тағылымды тарланбоз азамат. Ең алғаш иығына «Фэд» фотоаппаратын асынып Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» («Атамекен») газеті редакциясының табалдырығынан аттағанда небәрі 20 жастағы бозбала қатарында екен. Содан... жан серігі фотоаппаратын 60 жыл қолынан тастамапты. 60 жыл!!!
Күтпеген тосын ракурс. Ойлы композиция. Шежіре шерткен сырлы суреттер, көріністер. Езуіңе күлкі үйірер фотоэтюдтер... Сынаптай сырғып өткен сан жылдар бедерінде шебердің өз қолынан сомдалып дүниеге келген сан алуан фотосуреттерді парақтаған сайын Қизатұлының қас-қағым сәтті қағып түсетін айрықша қабілет-қарымына тәнті боласың. Хас шеберлігіне сүйсінесің. Табиғат сыйлаған талантына тамсанасың. Өмірдегі кез келген кездейсоқ құбылысты, оқырманының жанын селт еткізер сәулелі сурет-бейнені қаз-қалпында аңғарып қана қоймай, шырайын ашып, тасқа басқандай таңбалап оқырманын ойға шомдыратынын қайтерсіз!..
Фотожурналистиканың әліппесін ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының портреттік сұлбасын жасаудан, табиғаттың төрт мезгіл шағының тамшыдайын ғана байқалып қалатын тамаша сыр-сұлулығын таспаға мүлт жібермей түсіріп алудан бастаған жас өрен іс үстінде ширығып шыңдалды. Бастапқыда осынау балаң жігіттің жалпы бір дәуірдің, одан кейін басталатын жаңа кезеңнің тарихи жылнамасын жасаймын-ау деп ойламағаны хақ. Жүрек қалауының үдесінен шығу үшін тер төкті. Ел мен жердің, еңбек адамының шынайы болмыс-бейнесін газет бетінде көркемдеп үйлестіруді үйренді. Бар болғаны осы. Еңбегін еш пұлдамады. Жұлдызды шақтарға шеберді уақыттың өзі алып келіпті...
Алматыдағы «Ұлағат» баспасынан жарыққа шыққан «Жан шуағы» атты көлемді авторлық иллюстрациялық-фотоальбом Нұрманбет Қизатұлының фотосурет әлеміндегі шығармашылық жолының баламасыз көрсеткіші деуге лайық. Алпыс жыл аясындағы қас-қағым сәттер! Бұл туралы маэстроның өзі былай дейді: «Фотоүлдірге әрбір ілінген қас-қағым сәттік көрініс менің өмірімнің айнасы іспетті. Менің өмірімнің шуақты сәттері десем де қателеспеймін. Олар сансыз, есептеген де емеспін, мүмкін, он мың... жүз мың, мүмкін, миллион...».
Сексеннің сеңгіріндегі хас шебер тарихтың әр кезеңінен шежіре шерткен архив суреттерін ақтарып, үйде қол қусырып қарап отырған жоқ. Сол баяғы өзіміз куә болғандай, бір газетте жеті жыл бірге жемісті қызмет еткен жылдардағыдай, оқтаулы фотоаппаратын асынып алып құр аттай шауып, шашау шығармай іс тындырып жүр. Өзі айтқандай, «баспасөздің жауынгер жанры – фотосурет деген сырлы өнердің сұңқар құсын қолына қондырғанына шүкіршілік етіп қояды», дейді аяулы әріптес ағамыз.
Жаны сүйген кәсіпке алпыс жыл адал болу құбылысы дейміз бе?..
АЛМАТЫ