• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қаңтар, 2021

Жаңақала жігіттерінің жақсы ісі

1321 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мал азығынан тапшылық көріп отырған ауылдастарына қамқорлық жасап, тегін шөп пен жем таратуда.

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының біраз жерінде қуаңшылық болып, шөп шықпады. Халық төрт түлік малына қажетті азықты жылдағыдай толық жинап ала алмады. Соның бірі – Жаңақала ауданы. Басын Ресей жерінен алатын Қараөзен мен Сарыөзен суалып, әйгілі Қамыс-Самар көлдері бірінен соң бірі құрғап қалды. Шабындық сұйылды. Әлі келгендер шөпті Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан алдырыпты. Бірақ алыстан алдыруға екінің бірінің қауқары жетпейді ғой. Міне, нәтижесінде қыс ортасы болмай жатып, жем-шөптен тарыққан отбасылардың жанайқайы естіле бастапты.

Осы мәселеге алдымен көңіл аударып, ауыл азаматтарының арасынан үн қосқан – мектеп мұғалімі, Жаңақала аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Руслан Оразалиев болды.

- Қазақ «Қыстың қамын жаз ойла» деген. Бірақ биылғы жазда қыстың қамын ойлау түгілі «байтал түгілі бас қайғы» болып, індеттен қорыққаннан үйден шығудың өзі мұң болды ғой. Оның үстіне «Жұт жеті ағайынды» демекші, қуаңшылық елдің езілген еңсесін езіп жіберді. Біздің Жаңақала - мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің, күн көрісінің басты көзі де осы мал шаруашылығы. Алайда, күні бүгін ауыл тұрғындарының мал азығы таусылуға аз-ақ қалды. Тіпті кейбір аулада таусылды деуге де болады. Қолдағы азын-аулақ малымызды өзіміз аман алып қалудың жолын іздемесек, қамын жасамасақ, құр таяққа сүйеніп қалмасымызға кім кепіл?! Бірігетін, бірлесіп әрекет ететін уақыт келді, - дейді Руслан.

Русланның жергілікті кәсіпкерлерге, қолында күші бар шаруа қожалықтарына үндеу жолдаған әлеуметтік желідегі жазбасын бірден қолдаған – Көпжасар ауылындағы «Муса» шаруа қожалығының жетекшісі Тілеген Мусин болды.

«Аталармыз «У ішсең руыңмен», «Өле жегенше бөле же» деген ғой. Інім Ербол екеуміздің атымыздан 120 рулонды жағдайы ең қиын, сату алу мүмкіндігі жоқ отбасыларына тегін бере аламыз. Шөптің кімге берілетінін Руслан өзі анықтасын. Елде шаруашылығы іргелі, ауқатты азаматтар бар ғой. Олар да үн қосады деп сенемін. Тіпті тегін бермесе де, бағасын арзандатып, тайланған шөптің әр данасын орташа 6 мың теңгеден берсе де үлкен көмек болар еді» деп жазды Тілеген Теміржанұлы Русланның бастамасын қолдап.

Осылайша Жаңақала ауданында жақсы істің жарысы басталды. Жергілікті кәсіпкерлер шама-шарқынша қайырымдылық шарасына жұмылды. Руслан Оразалиевтің айтуынша, үш күннің ішінде аудан аумағында 52 отбасына 188 тай шөп тегін таратылған.

- Ақылдасып құрылған бірнеше адам әуелі шөп сұраған жандардың тұрмыс-тіршілігімен, мал-жанымен мұқият танысып шықтық. Сөйтіп, ішіндегі ең мұқтаж отбасыларын таңдадық. Олардың ішінде І топ мүгедектері, 8-9 балалы отбасылар бар. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» дегендей, шөпті әрқайсының ауласына өзіміз апарып, түсіріп береміз, - дейді Руслан.

Сонымен, қайырымдылық шарасына Тілеген Теміржанұлының «Муса» шаруа қожалығынан басқа, «Нұр Асыл» және «Аминэля» шаруа қожалықтары 10 рулонды мұқтаж адамдарға тегін, 30 рулонды қолжетімді бағамен беріпті. Бақтияр Жазбаев пен Абылай Сағынтаев есімді жомарт жандар басқаратын «Арсен» және «Нұрасыл» қожалықтары Жаңақаладағы мұқтаж жандарға 58 рулон шөп тегін үйлестірген. Бір қуанарлығы, Жаңақала аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Бижан Төремұратов ауылға шөп әкелген тіркемелі тракторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы экипаж қосыпты.

- Ел ішінде, әсіресе аудан орталығында мал азығына мұқтаж отбасылар көп екен. Бәрін қамтып үлгермей жатырмыз. Енді ертең жем таратып бастаймыз, - деді Руслан бізге телефон арқылы.

Жемді де жанашыр азаматтар ортақ қорға тегін ұсынып жатыр екен. Мысалы, «Ақторғай» жеке кәсіпкері Ақылбай Шәңгереев, «Жаныс» ШҚ басшысы Меңдібек Тілекқабылов, «Оразғали» ШҚ басшысы Қадырбек Аюпов, «Саят» шаруа қожалығы әрқайсысы 20 қапшықтан жем ұсынған. Махамбет Беспаев («Мұрагер» ШҚ), Бауыржан Қапанов («Бек» ШҚ), Наурыз Құрмашев («Наурыз ШҚ), Әскербек Аюпов («Рауан» ЖК), Жамбыл Сүйінов («Сүйінов» ШҚ), Нұрбол Мусин («Ерош» ЖК), Нұрбол Оңғаров («Нұрбол» ЖК) та әрқайсысы 5-10 қапшық жемді тегін беріп жатыр. Саламат Серікұлы деген азамат 100 отбасының әрқайсысына 5 қапшықтан жем тарататынын жариялаған.

Жаңақаладағы жомарт жандардың жақсылық эстафетасы жалғасуда. 

P.S. Осы істің басы-қасында жүрген Руслан Оразалиевтің телефонына соңғы мәліметтерді алу үшін бірнеше мәрте хабарласып, ала алмап едік. Әлгінде өзі қоңырау шалды. «Шөп түсірісіп жүр едім, естімей қалыппын. Қазір шөп әкелген жігіттерге шәй беру үшін асханаға алып бара жатырмын. Сонау қырдан шөп жеткізіп, елді қуантқан азаматтарды құр жібергенім ұят болар» дейді Руслан.

 

Батыс Қазақстан