• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Қаңтар, 2021

Мемлекет басшылары да шет қалған жоқ

172 рет
көрсетілді

Дүниежүзлік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қара­ғанда, COVID-19-ға қарсы вакциналау қазір әлемнің 50-ден астам елінде жүргізіліп жатыр. Алғашқылардың қатарында ел азаматтарына үлгі көрсетіп, екпе алып жатқан көшбасшылардың ішінде вакцинаны екінші рет алушы да тіркелді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш: «COVID-19-ға қар­сы вакцина рекордты мер­зімде жасалғанымен, әлем жұртының қам­тылуы біркелкі емес. Бақуат­ты елдерде екпеге қол жеткізу қиындық тудырмаса, кедей мемлекеттерде керісінше вакцина жоқ. Бұл вирустың мемлекеттік шекараға тәуелді емес екенін білеміз. Сондықтан әлем көш­бас­шылары бірінші кезекте күрес­тің алғы шебінде жүрген меди­цина қызмет­керлерінің екпеден өтуін және бәріне бір­дей қолжетімділігін ойлауы керек», деді пан­демияға қатысты өткен аптада болған виртуалды іс-шарада.

ДДҰ алғаш мақұлдаған Phi­zer/BioNTech шығарған вакцина­ны желтоқсанның ортасында Из­раиль премьер-министрі Би­ньямин Нетаньяху мен елдің ден­саулық сақтау ми­нистрі тіке­лей эфирде салдырды. «Бұл – адам­заттың ден­сау­лығы мен өмі­рі үшін қа­жет, екпе сал­дыры­ңыз­дар», дейді олар.

АҚШ президенті Джо Байден де міндетіне кіріспестен бұрын тікелей эфирде екпе жасатып: «Былайша, әдейілеп жалпы жұртқа әйгілеп салдыруымның себебі ертең вакцина жалпы жұртқа қолжетімді болғанда халық одан күмәнданып жүрмесін, дайын болсын деп жасаттым», деді. АҚШ вице-президенті Камала Харрис те вакциналаудан өтті.

Жыл басында Түркия прези­денті Реджеп Ердоған қытайлық препарат Sinovacты салдырса, Гвинея президенті Альфа Конде де ресей­лік ғалымдардың өнімі «Спутник V» вак­ци­насын жасатты. Pfizer вакцинасын салдыр­ғандардың қатарында Румыния президенті Клаус Иохан­нис, Сло­вакия пре­зиденті Зузана Чапу­това, Грекия президенті Катерина Сакелларопулу, Чехия президенті Милош Земан бар. Ал 9 қаң­тар күні Ұлы­британия патшайымы Елизавета II мен оның жұбайы принц Филипп те вакцина жасатты. Алайда Букингем сарайы олардың қай вак­цинаны салдырғаны жайында мәлімет берген жоқ.

Жер жүзіндегі католиктердің бас ордасы Вати­кан да вакцина жасатуды қолдап отыр. Рим па­­пасы Франциск өзі алуымен бір­­­ге бар­лық діндес бауырларына «Этикалық тұрғы­дан барлық адам екпе алуы тиіс деп санай­мын, себебі сіз өзіңіздің ғана емес, жақын­­да­рыңыздың да өмірі мен ден­саулығын қа­тер­ге тігесіз. Сон­­дықтан екпе жасату – парыз», дейді.

Словакия президенті Зузана Чапутованың вакцинаны екінші рет салдырғаны жайында хабар­ла­ған баспасөз хатшысы Мартина Стриженец президенттің 27 жел­тоқ­санда ал­ған алғашқы екпеден соң бұлшықеттері ауырып, шар­шау белгілері байқалғанын, бірақ ондай болатыны жайында медик­тердің алдын ала ескерткенін жеткізді.

Аргентина денсаулық сақтау ми­нистрі Хинес Гонсалес Гар­сиа Алехандро «20 қаң­­тарда По­са­дас атындағы ауруханада «Спут­­ник V» вакцинасы доза­сын ел прези­денті Алберто Фернан­дес­пен бірге алдым», деп жазды Twitter-дегі парақшасында. Ар­ген­­тина президенті вакцина сал­дыруға елдің денсаулық сақтау министрлігі 60 жастан асқан адам­дарға ек­пе салдыруға болады деген қорытындысы шық­қан соң жа­сатыпты. Ал жасы 60-тан асқан ал­ғашқы екпе жасатуышының қатарын Буэнос-Айрес провин­ция­сының денсаулық сақ­тау министрі Даниэль Голлан толықтырған.

«Спутник V» бұл елге алғаш жет­кен вак­­цина екенін айта кеткен жөн. Ресейдің Тіке­лей инвес­тициялар қоры Аргентина үкіме­тімен препараттың 10 млн доза­сын жеткізу жөнінде шарт жа­сасқан екен. Соның алғашқы 300 мың партиясы былтырғы жел­тоқсанда жеткізіліп, 29 жел­тоқ­саннан Ар­ген­тина медицина қыз­мет­керлерін вакцинадан өткізуді бастап кеткен.