Эпидемиялық жағдайды бағалаудың өңірлік тізбесіне сәйкес өңірдің Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары мен 9 ауданы «қызыл» аймақта, ал Баянауыл ауданы «сары» аймаққа енді. Соңғы күндері өңірде індет таралуының 226 жағдайы анықталған. Науқастар арасында 12 оқушы мен 2 студент бар. Тәулік сайынғы өсім 2,13 пайызды құрайды.
Өңір аумағында карантин шараларын күшейту туралы жаңа қаулыны облыстың бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев қабылдады. Қаулыда барлық сауда орнына, қоғамдық көлікке, таксиге, өнеркәсіптік кәсіпорындарға, кіреберістерге, лифт кабиналарына, ұйымдарға және басқа да қоғамдық орындарға санитарлық және дезинфекциялық өңдеу жүргізілу керегі жазылған. Қаулы 25 қаңтарда сағат 00:00-де күшіне енді. Карантин уақыты 8 ақпанға дейін жалғасады. Демалыс күндеріне локдаун жарияланды. Бірқатар қоғамдық нысанның жұмысына тыйым салынды. Ұйымдар мен мекемелер қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауысуда.
Департаменттің санитарлық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағанбетованың айтуынша, індет жұқтырғандардың дені Павлодар қаласында тіркелген. Індеттің таралуына тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауы себеп. Сондықтан сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқартылып, сауда орындары уақытша жабылады. Сенбі, жексенбі күндері жабылатын кей қоғамдық нысандар, сауда орындарында да санитарлық шаралар өткізіледі.
Өңірде инфекциялық госпитальда 5 мыңға жуық төсектік орын дайындалған. Амбулатор-
лық деңгейде 169 дәргерлік бригада жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, ауру жұқтыру бойынша жүргізілген зерттеулер нәтижесінде сырттан жеткізілген деректер де баршылық. Мәселен, соңғы тәулікте 15 мыңнан астам ПТР-зерттеу жүргізілсе, шетелден келген 110 жағдай анықталған. Басым бөлігі симптомсыз, қазіргі уақытта науқастар амбулаторлық деңгейде ем қабылдап жатыр.
Ал облыстық әкімдікте өткен отырыс барысында өңірдегі эпидемиялық ахуалды жақсарту үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов санитарлық-эпидемиялық режімнің қатаң сақталуын бақылау мен облыс тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын әрі қарай да жалғастыру қажеттігін атап өтті.
– Қазір қыс кезінде адамдардың бір-бірін қонаққа шақыруы жиілейді. Той өткізу әлі тоқтаған жоқ. Осыдан кейін аурудың тағы бір толқынына ұшырауымыз мүмкін. Егер белгілі бір ауданды немесе ауылды жабу қажет болса, жабыңыздар. Бастысы, тұрғындарға қабылданып жатқан шектеу шараларын және олардың қажеттілігін түсіндіріңіздер, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ мониторингтік топтарға рейд жүргізуді тоқтатпауды, санитарлық дәрігерлердің нұсқауын елемейтін, адамдардың көп жиналатын орындарын анықтап, тексеруді тапсырды. Мониторингтік топтар анықталған тәртіп бұзушылықтар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Үйлестіру орталығына» эпидемиялық хабарлама жіберуі қажет. Қашықтан жұмыс істеу де бақылауға алынуда. Соңғы уақытта кәсіпорындарда да індет жұқтыру жағдайлары жиілей түсті.
Қалааралық, ауданаралық және облысаралық жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы жеткізу жүйесіне ауысады.
Павлодар облысы