• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қаңтар, 2021

Үстел теннисі үмітті үкілейді

555 рет
көрсетілді

Жақында ел чемпионатында Батыс Қазақстан облысының ерлер командасы алтын медальге ие болды. Өңір басшысы Ғали Есқалиев бұл спорттың одан әрі дамуына көңіл бөлуді тапсырды.

Өткен аптада Қарағанды қаласында жеке-командалық Қазақстан Республикасы чемпионаты аяқталды. Осы сайыс­та командалық біріншілікте Батыс Қазақстан облысының ерлер құрамасы алтын медальге ие болды. Оралдықтар финалда үстел иелерін 3:0 есебімен жеңіп, алғаш рет ел чемпионы атанды. Әйелдер арасында чемпионаттың күміс медалін да батысқазақстандық команда жеңіп алды. Ел чемпионатынан үлкен жеңіспен келген команда спортшыларымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы кездесіп, облыс құрамасының жаттығу барысын тамашалады.

– Мен сіздерді осы тамаша жетістіктеріңізбен құттық­таймын! Облыс тарихында алғаш рет ерлер құрамасы рес­публика чемпионатының алтынын жеңіп алды. Өткен жылы облыстың әйелдер құрамасы чемпион атанды. Үстел теннисі дене қозғалысы белсенділігін арттыратын өте қызықты спорт түрі. Ол елімізде жылдан-жылға дамып келеді. Шындығына келсек, үстел теннисі – кеңінен насиxаттауға лайық спорт түрі. Ол үшін үстел теннисін ойнауға қызығатындар санын арттырып, теннис үстелдерін көптеп орналастыру керек. Ол аса қи­ынға соқпас, – деді облыс әкімі.

Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық ерлер командасы құрамында ағайынды Айдос пен Дастан Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов, Дамир Мэлсов, Болат Ниет­қалиев сынды спортшы­лар бар. Қарағандыдағы сайыс­та Дастан мен Айдос жұп­тасып өнер көрсетуден – үшін­ші орын, қыздар арасында Гүл­чехра Хусейнова – екінші, Алсу Сапарова – үшінші орын алса, аралас жұпта Айдос Кен­жеғұлов шымкенттік Әнел Бақытпен бірге бірінші орынды жеңіп алды. Ал жекпе-жек сайыста Дастан – екінші, Айдос – үшінші, Гүлчехра мен Алсу – үшінші орыннан көрінді.

Айта кетейік, оралдық екі спортшы Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық құрамасы сапында. Олар қазір халықаралық жарыстарға, ақпан-наурыз айларында Қатарда өтетін Азия олимпиадалық іріктеу тур­ниріне дайындалуда.

Кездесуде өңірде үстел тен­нисін одан әрі дамыту үшін ең алдымен жайлы әрі заманауи құралдармен жабдықталған зал қажеттігі де әңгіме болды. Орал қаласында теннис сарайы болғанымен, ол үстел теннисі залына қойылатын ерекше талаптарға сай емес екен.

Өңір басшысы спортшы­лар­дың ұсыныс-пікірін тыңдап, об­лыстық спорт басқармасына зал бойынша мәселенің оңтай­лы шешімін дайындауды тапсырды.

 

Батыс Қазақстан облысы