Бәрі күні кешегідей көз алдымызда. Ауыр атлетикадан Қазақстанның ұлттық құрама командасы қандай жарысқа қатысса да, әркез алдыңғы лектен көрінді. Отандық зілтеміршілер Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарынан бастап, өзге де байрақты бәсекелерде түрлі-түсті жүлделерді «күреп» алып, командалық есепте үнемі үздік үштіктің қатарында жүрді. Жеңістен соң жеңіс! Рекордтан кейін рекорд! Дәл сол кездері күллі әлем жанкүйерлері бізге қызыға да, қызғана қарайтын. Қазір соның барлығы келмеске кеткендей...
Қазақстан ауыр атлетикасында бұрындары да жеңіспен өрілген жақсы дәстүрдің болғанын ешкім жоққа шығармайды. Кеңес Одағы тұсында Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый Олимпиада чемпионы атанса, Степан Ульянов, Владимир Дрекселер, Василий Мажейков, Сергей Копытов, Евгений Сыпко және тағы басқа саңлақтар көптеген дүбірлі додаларда дараланды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында Храпатый күміс медальді мойнына ілді. Атбасардың алыбы шау тартып қалған тұста жеңіспен өрілген дәстүр үзілгендей болды. Олай деуге негіз, 1997-2003 жылдар аралығында жерлестерміз өздері қатысқан жарыстардың барлығынан құр қол қайтып жүрді. Атап айтсақ, Сидней Олимпиадасы (2000 жыл) мен Чианг-Май (1997 жыл), Лахти (1998 жыл), Пирей (1999 жыл), Анталия (2001), Варшава (2002 жыл) және Ванкуверде (2003 жыл) ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында біздің зілтеміршілерге бірде-бір жүлде бұйырмады.
Ұзақ жылдар бойы республикалық ауыр атлетика федерациясын басқарған Қайрат Тұрлыханов сол бір құлдырау кезеңін былай деп еске алған еді: – Даңқты Храпатыйдың дәуірі өткеннен кейін өз отандастарымыздың арасынан біразға дейін әлемдік деңгейдегі жарыстарда олжа салуға жарайтын жастар шықпады. 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан Қазақстан ауыр атлеттерінің қоржыны бос қайтты. Бұл жағдай сол кездегі Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыхановты қатты мазалады. Ол Юрий Зайцевтан бастау алатын, араға жылдар салып Виктор Мазин мен Анатолий Храпатый жалғастырған жеңісті дәстүрдің күрт үзілгеніне күйінді. Бір күні Дәулет Болатұлы осы сала тізгінін ұстау жайында маған ұсыныс жасады. Алғашында біраз кібіртіктегенім рас. Өйткені бұл мен үшін таңсық өнер. Бірақ бауырым қиылып сұрағаннан кейін сөзін жерге тастай алмадым. Сөйтіп 2001 жылы федерация басшылығына келдім. Келген бетте іске бел шеше кірістім. Әр облыстағы жағдайға қанықтым. Бапкерлер мен спортшылардың мұң-мұқтажын тыңдадым. Осылайша, ауыр атлетиканың ойдағыдай дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген проблеманың барын аңғардым. Көбісі қаражат мәселесіне келіп тіреледі. Соны оңды шешуге тырыстым. Алайда «іс бірден өрге домалады» деп айта алмаймын. Ең бір қиын шақтарды еске алсам, 2003 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен әлем чемпионаты ойға оралады. Аталмыш жарысқа Қазақстаннан 15 атлет барып, барлығы ойсырай ұтылды. Жүлделі орын былай тұрсын, сол жолы сарапқа салынған Афины Олимпиадасының бірде-бір жолдамасына иелік ете алмадық. Мұхиттың арғы жағына барып тұрып, Қазақстанның көк байрағын желбірете алмағанымызға күйіндім. Келген бетте барлық мәселені ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салдық. Әр өңір мамандарының басын қосып, оларға ортақ мақсатқа жету үшін бірлесіп әрекет ету қажеттігін әрқайсысына тәпіштеп тұрып түсіндірдім.
Иә, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесіп істеген жұмыс өз жемісін берді. Қысқа ғана мерзім аралығында Қазақстан ауыр атлетикасы аяғынан тік әрі нық тұрды. 2004 жылы Афины Олимпиадасында Сергей Филимонов күміс медальді мойнына ілді. Ол тек түркиялық Танер Сағырдан ғана қалып қойды. Сол кездері Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыхановқа Сағырдың жеке жаттықтырушысы Энвер Түркілериді Қазақстанға шақырту жайында ой келді. Кезінде Болгария мен Түркия ауыр атлетикасын өрге сүйреп, бір шоғыр жұлдызды үлкен аренаға шығарған даңқты бапкер біраз ойлана-толғана келе өз келісімін берді.
Энвер Түркілеридің келуімен отандық зілтеміршілеріміз бұрын-соңды болмаған толағай табысқа қол жеткізе бастады. 2005 және 2006 жылдардағы әлем чемпионаттарында Илья Ильин бас жүлдені олжалады. Сыр бойы сайыпқыранының арқасында командалық есепте Қазақстан үздік бестіктің қатарынан көрінді. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Ильин алтын алса, Анна Важенина мен Ирина Некрасова күміспен күптелді. Мария Грабовецкая қолаға қол созды. Кейіннен 75 кило салмақта топ жарған спортшының допинг қолданғаны анықталып, Важенинаның күмісі алтынға айналды. Жалпы есепте Қазақстан үшінші тұғырға жайғасты.
2009 жылы Кояндағы әлем чемпионатында Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Владимир Седов қарсылас шақ келтірмесе, Владимир Кузнецов үшінші орынды еншіледі. Бейресми командалық сайыста Қазақстан екінші орынды олжалады. 2010 жылы Анталияда Манеза мен Подобедова алтыннан алқа тағынды. 2011 жылы Парижде Чиншанло мен Ильин топ жарса, Манеза мен Подобедова екінші сатыға табан тіреді. Түркия мен Франциядағы жарыста Қазақ елі құрамасы үздік үштікті қорытындылады.
2012 жылы Лондон Олимпиадасының алауы тұтанды. Ғаламдық додада Қазақстан құрамасы айды аспанға шығарып, Тұманды Альбион елінде әнұранымызды төрт мәрте шырқатты. Чиншанло, Манеза, Подобедова және Ильин алдарына жан салмаса, Анна Нұрмұхамбетова қола медальді кеудесінде жарқыратты. Алыстағы ағылшындар елінде төрт бірдей өреніміз жеңіс тұғырының ең биік сатысына бірінен кейін бірі көтеріліп жатқан кезде қуанбаған жанкүйер жоқ-ау, сірә! Баршамыздың абыройымыз артып, рухымыз асқақтады! Ал ең бастысы, командалық есепте екінші сатыға тұрақтадық. Алдымызда – тек Қытай.
2013 жылы Вроцлавтағы дүниежүзілік додада Алмас Өтешов күміс, Владимир Седов қола медальді иемденді. 2014 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жалауы желбіреген жарыста жерлестеріміз жасындай жарқырады. Зүлфия Чиншанло, Илья Ильин және Жасұлан Қыдырбаев теңдессіз деп танылса, Жазира Жаппарқұл мен Владимир Седов күміс, ал Кирилл Павлов қоланы қоржынға салды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте тағы да екінші орынды иеленді.
Сөз орайы келгенде, 2001-2014 жылдар аралығында республикалық ауыр атлетика федерациясының тізгінін Қайрат Тұрлыхановтың ұстағанын айта кеткен абзал. Айтулы азамат басшылық жасаған кезде Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік командалар санатына еркін енді. Дүбірлі додаларда үнемі үздік үштіктің қатарынан көрініп жүрді. Сол уақыт аралығында отандастарымыз Олимпия ойындарында 6 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжаласа, әлем чемпионаттарында 13 алтын, 5 күміс және 3 қоланы иеленді. Оның сыртында Азия ойындары мен чемпионаты және тағы басқа халықаралық додалар бар. Соның барлығынан қоржын толып қайтатын. Міне, осы кезеңді «Қазақстан ауыр атлетикасының алтын дәуірі» деп атауға толық негіз бар.
Толағайларымыздың дәуірі жүріп тұрған кезде Қайрат Тұрлыхановтың: «Соңғы жылдары біз әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларда тек Қытай құрамасынан қалып келеміз. Өзгелері артымыздан сығалап қалды. Расында да, бүгінгі таңда төрткүл дүниеде қазақстандық зілтеміршілермен теңесе алатын командалар санаулы. Осы деңгейге жету үшін отандастарымызға көп еңбектенуге, ізденуге тура келді. Бір ғана мысал. Қытайдың 1,5 миллиардтан аса тұрғыны бар. Қолда бар мәліметтерге сенсек, Қытай елінде 18 миллион адам тұрақты түрде ауыр атлетикамен айналысады. Ал біздің халықтың саны 18 миллион шамасында. Соған қарамастан Қазақстан қытайларға әжептәуір қарсылық көрсетуде. Бұл – өте керемет көрсеткіш! Бұрындары біз осындай ғаламат нәтижеге қол жеткізген емес едік. Тек соңғы төрт-бес жыл аралығында ғана сілкініс байқалды. Дәп қазір мүйіздері қарағайдай мемлекеттердің өздері Қазақстанның ауыр атлеттерінен қаймығады», деп тебірене сөйлегені есімізде.
2015 жылы да жерлестеріміздің жеңіс жолы жалғасты. Хьюстондағы әлем чемпионатында Нижат Рагимов пен Александр Зайчиков топ жарса, Жазира Жаппарқұл – күміс, Светлана Подобедова қола медальді еншіледі. Міне, содан кейін Қазақстанның ауыр атлеттерінің басына қара бұлт үйірілді. Қыр-соңымыздан қалмаған WADA (Допингке қарсы күрес агенттігі) әуелі жастар буыны өкілдеріне килікті. Көп ұзамай атақты спортшыларымызға тіс батыра бастады. Олардың барлығына «рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек пайдаланды» деген айып тағылды. Нәтижесінде, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Ирина Некрасова және Мария Грабовецкая Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында олжалаған жүлделерінен айрылды. Әлем чемпионаттарында толық медальдар жиынтығына иелік еткен Владимир Седовтың қоржыны әп-сәтте босады. Тіптен ол құрлықтық додаларда жеңіп алған жүлделерінен қағылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, дәп қазір Седовтың Қазақстан чемпионы дегеннен басқа еш атағы жоқ.
2016 жылы Рио Олимпиадасында атой салады деп үміттенген Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевқа да құзырлы органдар қатаң үкім шығарды. Екеуі де 2015 жылы Хьюстонда жеңіп алған жүлделерінен айырылды. Ол кезде Өтешов – күміс, ал Қыдырбаев қола медальді еншілеген еді. Күллі қазақ жанкүйері қос қандасымыздың Олимпия ойындарының жеңіс тұғырында марқайып тұрған сәтін көруді армандады. Егер тарихқа жүгінсек, соған дейін Алаштың бірде-бір азаматының төртжылдықтың басты додасында қанжығасы майланған жоқ еді. Сол көшті Алмас пен Жасұлан бастайды деп үміттендік. Бірақ оларға ондай бақыт бұйырмады. Екеуінің де бағын байлаған WADА. Айтулы зілтеміршілер түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетілгеннен кейін үлкен спорттан қол үзуді жөн көрді.
Жоғарыда айтылған жайсыз жағдайлар Қазақстан құрамасын қатты әлсіретті. 2016 жылы Рио-де-Жанейроға барамыз деп жұлқынып тұрған зілтеміршілеріміз төртжылдықтың басты додасынан шет қалып, олардың орнын өзге өрендер басты. Десек те мықты бапкерлік мектептің қалыптасуы және дарынды жастардың көптігі өз жемісін берді. Бразилияда жерлестеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Олимпия ойындарында отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальді олжалады. Атап айтсақ, Нижат Рагимов – бірінші, Жазира Жаппарқұл – екінші, Карина Горичева, Фархат Харки, Денис Уланов және Александр Зайчиков үшінші сатыларға табан тіреді.
Әрине, бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ әлі де арқаны кеңге салуға болмайды. Құрығы ұзын WADA Қазақстанға қайта қырғидай тиюді көздеп отыр. Олай деуге негіз, күні кеше ғана олар Нижат Рагимовқа «допингке қарсы күрес ережелерін бұзды» деген айып тағып, оны жарыстардан уақытша шеттетті. Енді тергеу мен тексеру жұмыстары басталады. Егер күдік расталса, Рагимов біраз жүлдесінен айырылады. Ал одан кейін Жаппарқұл мен Горичеваға, Харки мен Улановқа немесе Зайчиковке кезектің келмесіне кім кепіл? Ертеңгі күні WADA «олар да допинг қолданды» деп жер-жаһанға жар салса, еш таңданбаймыз. Оған көзіміз әлдеқашан жеткен.
Қазіргі кезде ауыр атлеттеріміздің жағдайы мәз емес. Жасыратыны жоқ, көрсеткішіміз жылдан-жылға нашарлап келеді. Мәселен, соңғы екі әлем чемпионатында бар-жоғы үш жүлдеге ғана қолымыз жетті. Атап айтсақ, 2018 жылы Ашхабадта Арли Чонтей мен Надежда Лихачева және 2019 жылы Паттайяда Игорь Сон жүлдегерлер қатарына қосылды. Бар табысымыз осымен ғана шектеледі. Ал бұрын қандай едік?!
Биыл Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарына Қазақстаннан екі спортшы ғана қатыса алады. Допинг дауына байланысты біздің елге осындай шектеу қойылып отыр. Олардың жүлде алуы я алмауы неғайбыл. Өйткені қазіргі кезде команда қатты әлсіреген. Сақа спортшылар бірінен кейін бірі қудалануда. Жастардың әлі қанаттары қатая қойған жоқ. Әрине, осындай моральдық және психологиялық тұрғыдан өте қиын жағдайға тап болып отырған зілтеміршілерден дәп қазір оңды нәтиже күту қисынсыз. Бұл жағдай спорт тізгінін ұстап отырған азаматтарға ой салуға тиіс. Ең бірінші кезекте команда арасындағы ішкі ахуалды дұрыстау қажет. Екіншіден, ХОК, WADA, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы секілді белді ұйымдармен қарым-қатынасты дипломатиялық тұрғыдан ретке келтіру керек. Тек сонда ғана талай күрделі мәселе өз шешімін тауып, іс оңға басады. Ал егер дәл осылай жалғаса беретін болса, онда кезінде даңқы төске өрлеген Қазақстан ауыр атлетикасы құрдымға кететіні даусыз. Ал біз қазақстандық зілтеміршілердің дүниежүзілік додаларда еліміздің Әнұранын шырқатып, көк Туын көкте желбіреткенін қалаймыз.