2015 жылдың 30 қарашасында Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Іргелі ұйымның табалдырығын аттаған 162-ші мемлекет ретінде тарихқа енді. ДСҰ талаптарына сәйкес, жаңадан қабылданған мүше мемлекеттерге бес жылдық өтпелі кезең беріледі. Бұл елдердің етек-жеңін жинап, дайындығын пысықтауы үшін қажет. 2020 жылдың соңында Қазақстанға берілген өтпелі кезеңнің уақыты аяқталды. 2021 жылдың келуімен біздің ел алыс-беріс пен барыс-келістің жаңа кезеңіне қадам басты.
Ашық та әділ бәсекеге беттеу
Қазақстан биылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарын толық орындауы шарт. Бірінші кезекте шекарадағы шектеулерді азайтып, салықтық кедергілерді жоюы керек. Импорт пен экспортқа қатысты тосқауылдарды да реттеуге тиіс. Өнімін шекара асырып жүрген отандық компаниялар да өндірістерін ДСҰ талаптарына сәйкестендіруі қажет. Бес жылдық өтпелі кезең осындай жұмыстарды тындыру үшін әрі үлкен ұйымның атмосферасын сезіну үшін берілді. Мұны кейбір экономистер «жеңілдікті кезең» деп те атайды.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың пікірінше, ұйымға мүше болғанға дейінгі жылдарда және одан кейінгі өтпелі кезеңде Қазақстанның сауда заңнамасы ДСҰ-ның нормалары мен ережелеріне толықтай сәйкестендірілген. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлттық экономиканы әртараптандыруға, экономиканың өңдеуші және көрсетілетін қызметтер секторына инвестиция тартуға, сол үшін қолайлы ахуал жасауға жол ашты.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан ДСҰ-ға кірген сәттен бастап барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 50 пайызы шикізаттық емес секторға бағытталған. Атап айтқанда, инвестициялардың 30 пайызы қызмет көрсету секторына, 18 пайызы өңдеуші өнеркәсіпке тартылған. Бұл Қазақстан билігінің экономиканы әртараптандырып, шикізаттық бағыттан іргені аулақ салу туралы мақсат-міндеттерімен үндесіп жатыр.
Әлбетте, ДСҰ-ға мүше болудың артықшылығы көп. Министр Бақыт Сұлтанов өткен жылдың соңында өткен ресми жиындардың бірінде ең маңызды үш басымдыққа тоқталды. «Біріншіден, бизнес экспорттық әлеуетін толық көрсетуге мүмкіндік алды. Екіншіден, ұйым ережелері кемсітпеу қағидатына негізделген. Үшіншіден, Қазақстан басқа елдердің де сауда саясатына ықпал ететін болды. Сауда жүргізудегі дәл осындай қолайлы жағдайлар 2019 жылы ел экспортын 2015 жылмен салыстырғанда 26 пайызға өсіруге ықпал етті», деді Бақыт Сұлтанов.
«Өтпелі кезеңді қалай өткердік?» деген заңды сауал туындайды. Экономист Талғат Демесіновтің айтуынша, оның нәтижесі алдағы екі-үш жылдың көлемінде анық байқалмақ.
– Өтпелі кезең – Қазақстанның экспорт-импорт бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындарына берілген дайындық мерзімі. Отандық компаниялардың бұл жеңілдікті қалай пайдаланғаны олардың өздеріне ғана мәлім. Дүниежүзілік сауда ұйымы алаңында кімнің қалай дайындалғанын алдағы бір-екі жыл нақты көрсетіп береді. ДСҰ-ға кіру – ашық әрі адал бәсекелестікке беттеу. Сондықтан бұған компаниялардың жүрдім-бардым қарамағаны анық. Жалпы, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына дер уақытында кірді. Әлбетте, оған мүше болмасақ та, сауда-саттық жалғаса берері анық. Алайда экспорттаушылар мен импорттаушылар жасанды кедергілерге тап болар еді. Дүниежүзілік сауда ұйымы біздің сыртқы саудамызды жеңілдетті, эспорттық әрі импорттық әлеуетімізді арттырды. Ұйымға мүше болудың оңтайлы тұсы өте көп, – деді Талғат Демесінов.
Қазақстан нарығы несімен қызықтырады?
Қазір картада жоқ КСРО-ның құрамында болған 15 мемлекеттің ішінен Дүниежүзілік сауда ұйымына ең бірінші болып Қырғызстан мүшелікке өтті. Бұл 1998 жыл болатын. Қазірге дейін посткеңестік кеңістіктегі 11 мемлекет ДСҰ-ға мүше. Әзірше ең соңғы болып Қазақстан қабылданды. Ресей 2012 жылы, Украина 2008 жылы ұйымның қатарына қосылды. Беларусь, Әзербайжан, Түрікменстан мен Өзбекстан кезегін күтіп жүр. Осы орайда көпшілікті «үлкен ұйымға өркениеттен ада Африканың кейбір мемлекеттері мен әлеуеті бізден әлдеқайда төмен іргедегі Қырғызстан қалай мүше болды?» деген сауал толғандырады.
UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттерді екі топқа бөліп қарастыру керек. Біріншісі дайын өнім шығарып, экспорттаса, екіншісі шикізат ұсынады. Жоғарыда айтылған Африка құрлығының кейбір мемлекеттері мен Қырғызстан әлем елдерін шикізат көзі ретінде қызықтырып отыр.
– Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесі ұзақ жүрді. Біріншіден, бізді мемлекеттердің көбі қолдай қойған жоқ. Екіншіден, ел Үкіметі ұйымға үлкен дайындықпен кіруді көздеді. Әуелі отандық нарықты дамытып, өндіріс орындарын көбейтіп, дайын өнім шығаруды жолға қою бағытын ұстанды. Сол үшін индустрияландыру бағдарламасын қабылдады. Бұл дұрыс қадам болды, әрине. Алайда индустрияландыру бағдарламасы біз күткен нәтижені берген жоқ. Жоба-жоспарлардың көбі қағаз күйінде қалды. Мұның себептері де сан алуан. 2007-2009 жылдары дағдарысты өткердік. Инновациялық жобаларға бағытталған қаржы сол тұста елдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға, экономиканы реттеуге жұмсалды. 2014, 2015, 2016 жылдары да экономикалық құлдырау орын алды. Мұны жүйелік дағдарыс дедік. Осындай тосын жағдайлардың салдарынан Қазақстанда ғылымға, технологияға бөлінетін қаржы көлемі азайды. Десе де, әлемнің дамыған елдері мұндай қысылтаяң шақта ғылым мен технологияға көп қаржы жұмсайды. Себебі экономиканы алға сүйрейтін озық идеялар дәл осындай күрделі кезеңдерде дүниеге келеді, – деді Мақсат Халық.
Экономистің пікірінше, Қазақстан әлем елдерін шикізат көзі ретінде әлі де қызықтырады.
– Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге 350 млрд доллар инвестиция тартылыпты. Соның 90 пайызы шикізат секторына бағытталған. Қазақстан шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Алайда біздің елдің сыбайлас жемқорлық рейтингінде алдыңғы орындарда тұруы инвесторлардың сеніміне селкеу түсіретін секілді. Оларға керегі – заңның үстемдігі. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. АХҚО Сотының ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істеуі инвесторларды қызықтырары даусыз, – деді экономист.
Соңғы жылдары елімізде шетке шикізат шығаруды азайтып, өндіріс секторын өркендетуге маңыз беріліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аталған мәселеге ерекше назар аударды. Мұнайға иек артуды доғаратын уақыт келгенін жеткізді.
Талғат Демесінов ДСҰ Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына серпіліс әкеледі деген сенімде.
– Әсіресе, ет және ет өнімдерін өндіретін отандық компаниялардың айы оңынан тумақ. Шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан малды асылдандыруға қомақты көлемде субсидия беріледі. Оның игілігін көретін уақыт жетті. Алыс-берістегі жасанды кедергілер алынып тасталған соң, етті еркін саудалауға жол ашылады. Бұдан түсер табыс та қомақты. Бара-бара етті терең өңдеуге де мүмкіндік туады, – деді сарапшы.
Қытай мен Ресейдің ықпалы қандай?
Қарапайым қисынға салсақ, Қазақстан экономикасы алыстағы АҚШ пен шалғайдағы Швецияны қызықтырады дегенге сену қиын. Есесіне біздің нарық іргедегі Қытай мен Ресейге тиімді. Осы орайда Қазақстан экономикасы екі алып мемлекеттің ықпалында кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес.
– Қытай мен Ресей тарапынан қысым болатыны түсінікті, – дейді Мақсат Халық. – Қазірдің өзінде Ресей Қазақстан нарығына Еуразиялық экономикалық одақ аясында үлкен ықпал жасап отыр. Бұл Одаққа да мүше болғанымызға бес жыл. Осы аралықтағы ресми статистикаға назар аударсақ, сатқанымыздан сатып алғанымыз көп. Демек, әзірше Еуразиялық экономикалық одақ біздің елге тиімді емес. Десе де, Одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген Қазақстанға үлкен тәжірибе алаңы болғаны даусыз.
Экономист Сапарбай Жобаев «Қытай мен Ресейдің ықпалынан сезіктенетіндей ештеңе жоқ» деген пікірді алға тартып отыр.
– Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесі мүше мемлекеттердің бәріне ортақ және бәріне теңдей мүмкіндік қарастырылған. Әлбетте, мемлекеттердің барлығы ұйымның артықшылықтарын тиімді пайдаланғысы келеді. Иә, Қазақстан нарығы бірінші кезекте Ресей мен Қытайға тартымды. Аталған елдермен экономикалық байланыстарды дамытудан қашпау керек. Түптеп келгенде, тиімді шарттар жасау әркімнің өз қолында емес пе?! – дейді Сапарбай Жобаев.
ДСҰ һәм ЕАЭО
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында да, Еуразиялық экономикалық одақ алаңында да үлкен жетістіктерді бағындыруға ниетті. Алайда екі ұйымның да түпкі мақсаты бір – еркін сауданы дамыту. Осы орайда көпшілік арасында «Қазақстан іргелі екі ұйымның біреуіне ғана басымдық берсе қайтеді» деген әңгіме де арагідік айтылып қалады.
Мақсат Халықтың айтуынша, ДСҰ мен ЕАЭО арасында құқықтық кедергілер бар. Бұл ең алдымен екі ұйымның тарифтерінің әртүрлілігіне байланысты.
– Бірақ Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ бір-бірінің жұмысына кедергі келтірмейді. Мұндай одақтар әлемде өте көп. Бір мемлекет бірнеше одаққа мүше болуы да қалыпты дүние, – дейді ол.
Сапарбай Жобаев Қазақстан екі ұйымның тізгінін қатар ұстауы керек деп есептейді. Себебі ДСҰ да, ЕАЭО да экономикалық еркіндікті қолдайды.
– ЕАЭО Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылды. Елбасы оның біз үшін тиімді екенін білген соң осындай қадамға барды. Ендеше оның жұмысын ақсатуға әсте болмайды, – дейді ол.
Рас, соңғы жылдары Дүниежүзілік сауда ұйымының әлемдік деңгейдегі рөлі әлсіреп кетті. Экономистер бұған АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп ұстанған протекционизм саясаты кері әсер етті деп есептейді.
– Дональд Трамп АҚШ-тың ішкі нарығын ғана ойлады. Еуропаға өкпе айтты, Қытаймен арада «сауда соғысы» тұтанды, Мексикамен байланысты үзді. Осыдан кейін мемлекеттердің көбі оқшаулануға көшті. Оның үстіне былтыр коронавирус пандемиясы да елдер арасындағы байланысқа салқынын тигізді. Осылайша, әр мемлекет өз бетінше күн көруге көшті. Бір жағынан дұрыс та болған секілді. Мемлекеттер өз әлеуетін байқап көрді, – дейді Мақсат Халық.
Дональд Трамптың орнын Джо Байденнің басқаны белгілі. Сарапшылар жаңа президенттің келуімен Дүниежүзілік сауда ұйымының әлемдік экономикадағы рөлі қайта күшейеді деген сенімде.
Шетел банктеріне шектеу жоқ
ДСҰ талаптарына сәйкес, 2021 жылдан бастап шетелдік банктер «бір терезе» қағидаты бойынша Қазақстанда филиалдарын аша алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банктік реттеу департаменті директорының орынбасары Бақытбек Рысымбетовтің айтуынша, шетелдік банктердің филиалдары Қазақстанның банктік реттеу бағытындағы талаптарына бағынуы тиіс.
Экономистер біздің нарыққа әлемдік қаржы институттарының қиындықсыз қадам басуынан Қазақстанның ұтары көп екенін алға тартты.
– Шетелдік банктермен бірге Қазақстанға олардың корпоративтік этикасы мен мәдениеті де келеді. Отандық банктерге бәсекелес атанып, олардың жұмысын ширатады. Соңғы жылдары Қазақстанда бірқатар банк жабылды. Олар осы нарықтағы әлсіз ойыншылар еді. Ірі банктер нарықта мейлінше орныға түсті. Бәсекелестік болмаса, монополиялық сипат етек алады. Шетелдік ойыншылардың келуі мұндай жағдайға жол бермейді, – деді Мақсат Халық.
Десе де, шетел банктері Қазақстан нарығына қызығушылық танытпауы да мүмкін ғой. Өйткені бізде халық саны аз. Бұл бір. Екіншіден, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары.
– Қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 9 пайызға тең. Бұл сырттан келген банктер теңгені қаржылық реттеушіден дәл осындай пайыздық мөлшерлемемен алады деген сөз. Әлбетте, олар халыққа несиені 9 пайызбен бермесі анық. Өйткені, өздері де табыс табуы керек. Бұл үшін өздерінің пайыздық мөлшерлемесін қосады. Сондықтан шетелдік банктердің пайыздық мөлшерлемесі төмен болады дегенге сену қиын. Банк шетелдікі болғанымен, ереже Қазақстандыкі ғой, – дейді экономист.
Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік қаржы институттары үшін тиімді жағдайлар жасалған.
– Осыдан біршама жыл бұрын ашылған Алматы өңірлік қаржы орталығы инвестициялық әлеуетімізді арттырды. Соның нәтижесінде Орталық Азия елдеріне салынған 450 млрд доллар көлеміндегі инвестицияның едәуір бөлігі Қазақстанға бағытталды. Осынау оң тенденцияны «Астана» халықаралық қаржы орталығы жалғастырып отыр. Ендеше Қазақстанның қаржы нарығы әлем елдері үшін әлдеқайда тартымды, – дейді экономист.
Wikipedia-дағы дерекке сүйенсек, қазір Қазақстанда 26 банк жұмыс істейді. Соның 12-сінің жарғылық капиталында шетел капиталының үлесі бар. Атап айтқанда, біздің нарықта Ресей, АҚШ, Қытай, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің қаржысымен құрылған банктер жұмыс істеуде. Бірақ оларды шетел банктері деуге келмейді. Өйткені, олар біздің елде жұмыс істеу үшін жеке заңды тұлға ретінде тіркеліп, Ұлттық банктің арнайы лицензиясын алған.
– Шетел банктерді Қазақстанға келуге ынталандыруымыз керек. Мұндай саясат еліміздің экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. Бәсекелестіктен бұрын капитал көбейеді және қаржылық қызметтің сапасы жақсарады, – дейді Сапарбай Жобаев.
ТҮЙІН: Қазіргі уақытта ДСҰ-ға мүше 164 мемлекет әлемдік тауар айналымының 98 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның сыртқы саудадағы үлесінің көп бөлігі де Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттерге тиесілі. Десек те, жеңілдікті кезеңді өткерген Қазақстан үшін іргелі ұйымның ықпалы енді анық сезіле бастайды. Оның теріс я оң ықпал екенін уақыттың еншісіне қалдырдық. Бір анығы елдің экономикасы үшін, отандық компаниялар үшін нағыз бәсекеге түсер сындарлы сәт енді туғандай.