• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Қаңтар, 2021

Вакцинаны бөлу мәселесі «бас қатырып» тұр

192 рет
көрсетілді

«Жұт жеті ағайынды» демекші, коронавирус пандемиясы әлемді бірқатар қиындыққа душар етті. Індет салдарынан көптеген жұмыс орындары жабылып, қызмет көрсету салалары үлкен шығынға ұшырады. Бұдан бөлек, Covid-19-ға қарсы вакцина әзір болғанымен, оны жеткізу, тасымалдау мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында коронавирустың теріс әсерлері туралы сөз қозғалады.

Принстон Университетінің биоэтика профессоры Питер Сингер коронавирусқа қарсы вакцинаны егуде кезігетін қиындықтарды этикалық тұрғыда талдайды. Оның айтуынша, екпе бірінші кезекте денсаулық сақтау саласының мамандарына салынуға тиіс. Бұған талас жоқ. Алайда екінші кезекте кімдерге вакцина егілуі керек? Мақала авторы бұл мәселеге этикалық тұрғыда қарауды ұсынады. Яғни тізімді түзер кезде қария кісілерді ғана емес, нәсілдік және этностық ерекшелікті де ескеру қажет.

Queen Mary университеті Жаһандық саясат институтының халықаралық экономика профессоры Паола Субачки коронавирус пандемиясы Африкадағы кедей мемлекеттерге ауыр соққы болды деп есептейді. Мақала авторының айтуынша, Бейжің билігі «қара құрлықтағы» дамушы елдерге шарттары қатаң несиелерді көптеп беріп, оларды қармағына түсірді деп жазады.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

МЕЛЬБУРН. Covid-19-ға қарсы вакциналар қолданысқа енгізіле бастады. Енді, саясаткерлер оны тез және әділетті түрде қалай бөлу керек деген мәселеге «бас қатырып» отыр. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бірінші кезекте вакцина алуы керек. Бұған бәрі келіседі. Себебі олар вирустың кесірінен науқастанғандардың өмірін сақтап қалуы үшін күресуге тиіс. Бірақ одан кейін кімге вакцина егу керек деген мәселе төңірегіндегі пікірталас қызып тұр. 

Деректерге сүйенсек, 65 жастан асқандардың коронавирус инфекция­сынан қайтыс болу ықтималдылығы жас­тарға қарағанда жоғары. Ал 75 жас­тан асқандарға мүлдем қауіпті.

Келесі деректер былай дейді. АҚШ-та және басқа да бірқатар мемлекет­те мүмкіндігі шектеулі түрлі нәсіл мен этнос өкілдерінің орташа өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда төмен. Сондықтан олардың арасында 65 жастан асқандар саны аз. Егер вакцина егуде біз қария кісілерге басымдық берсек, жоғарыда айтылған азшылықтың жалпы халықпен салыстырғандағы прапорциясы аз бол­мақ. Осындай аз ұлт өкілдерінің кезігіп жүрген қиындықтарының бәрін ескерсек, мұндай нәрсе әділетсіздік секілді.

Осындай әділетсіздікке жол бермеу мақсатында АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) қоғамдық денсаулық сақтау қызметкері Кэтлин Долинг басқаша әрекет етуді ұсынып отыр. CDC-ның Иммундық тәжірибе жөніндегі консультативтік комитетіне жасаған презентациясында Долинг мынандай бастама көтерді. Оның айтуынша, «негізгі жұмысшылар» – шамамен 87 миллионға жуық адам 65 жастан асқан 53 миллион америкалықтан бұ­рын екпе алуға тиіс. Тіпті, мұндай қадам өлім-жітім көрсеткішін 0,5 пайыз­дан 6,5 пайызға дейінгі аралықта қалды­ратынына қарамастан, ол осыны айтып отыр (Мұндай болжам жасауымыз вакцинаның қаншалықты коронавирус­тан қорғайтынын, екпе қабылдаған адамның науқастанбайтынын немесе SARS-CoV-2 вирусын тасымалдамайтынын әлі күнге толыққанды білмеуімізге байланысты).

Егде жастағы америкалықтарды вакцинаны көбірек күтуге мәжбүрлеу саясаты мынаған байланысты. Ақ нәсілді америкалықтар нәсілдік тұрғыда басқаларға қарағанда көбірек. Сондықтан нәсілдік және этностық азшылыққа басымдық беретін әділетсіздікке жол бермеу үшін олар өз өмірін құрбан етуге бар. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Коронавирустан қайтыс болған 65 жастан асқан адамдар арасында мұндай нәсілдік және этностық азшылықтың саны көп емес. Мэттью Иглесиас пен Ясча Моунк сияқты бірнеше сарапшының айтуынша, «негізгі қызметкерлерге» басымдық беру әділетті емдеуді қажет ететін азшылық қауымдастықтардың өлім-жітіміне әкеледі.

CDC консультативтік комитеті барлық «негізгі қызметкерлерге» басым­дық беру туралы ұсынысты қабыл­дамады. Оның орнына бірінші болып вакцина қабылдайтындар тізімін 30 миллионға дейін азайтып, оны «төтенше жағдайдың алдын алу, мұғалімдер және азық-түлік дүкендерінің қызметкерлері» сияқты «алдыңғы қатарлы маңызды жұмысшылар» деп бекітті. Сонымен қатар 75 жастан асқан адамдарға бірдей басымдық ұсынды.

Бұл ұсыныс ең қауіпті топтарға басымдық беруді де, барлық негізгі қызмет­керлерге басымдық беруді де қамтиды. Яғни алдыңғы қатарда жүр ме, жоқ па оған қарамайды. Шын мәнін­де, «негізгі қызметкерлердің» қауіп­сіз­­ді­гін қамтамасыз етіп, олардың жұ­мыс­қа баруына мүмкіндік беру өте маңыз­ды. 75 жастан асқан адамдарға осын­дай басымдық беру вирустың салдары­нан жалпы қаза табатындар саны төмендейтінін, сондай-ақ аз қамтылған азшылық өкілдерінің де қайтыс болу көрсеткіші азаятынын көрсетеді.

CDC ұсынысы міндетті емес. Сондықтан әр штатта саны аз этнос пен нәсіл өкілдеріне тең дәрежеде қарап, көп адамның өмірін сақтап қалу үшін оны түзетуге мүмкіндік мол. Илли­нойс штатының денсаулық сақтау депар­таментінің директоры Нгози Эзике жақында өткен «Нью-Йорк Таймс» газе­тінің вакцинаны тарату туралы дөңгелек үстелде мұны қалай жасауға болаты­нын кеңінен әңгімелеп берді. Ол нәсілдік және этностық азшылықтарды емдеу жөніндегі нұсқаулық ақтарға қол­даны­латын нұсқаулықтан ерекше­ленетін медициналық жағдайлар бар екенін атап өтті.

Мәселен, қуық асты безінің қатерлі ісігі скринингі. Бұл ауру ақ нәсіл­ді ер адамдарға қарағанда афроамери­калық­тарда жиі кездесетіндіктен, оларды ертерек тексеруден өткізу ұсынылады. Сондықтан негізгі міндет – скрининг жүргізілуге тиіс тәуекел деңгейінде тұрған барлық адамдарды тексеру.

Егер АҚШ вакциналаудың қазіргі басымдықтарын сақтап қалса, бірақ тәуекел деңгейі бірдей адамдарға теңдей қарау принципі қолданылса, сая­сат­керлер афроамерикалық, латын және жергілікті америкалық қауым­дастықтардың мүшелері 75 жас­тағы ақ нәсілді немесе азиялық амери­ка­лықтармен салыстырғанда қай жаста қауіпті шекке жететінін есептеуі тиіс. Содан кейін нәсіл мен этносты ескере отырып, кімнің қай жаста вакцина алуы керектігін анықтауы керек. Қолымызда мұның қаншалықты өзгеше болатынын көрсететін дерек жоқ. Бірақ вакцинаны екінші тол­қынмен алатындар тізіміне, мыса­лы, 72 жастағы афроамерикалық ер адам кіруге құқылы, ал ақ нәсілді 74 жас­­тағы ер адам енбеуі мүмкін.

Кейбіреулер мұны нәсілшілдікке оралу деп, оған қарсылық білдіруі мүмкін. Бірақ олай бола қоймас. Неғұрлым жекеленген дәлелдер табылмаса, нәсіл вирустан зардап шегудің индикаторы ретінде қолданылады. Әртүрлі нәсілдік және этностық топтардың мүшелеріне олардың жалпы қоғамдағы үлестеріне пропорциялы түрде вакцина егу керек деген принцип басшылыққа алынбайды. Бұл этикалық тұрғыдан маңызды емес. Мақсат – көп адамның өмірін сақтап қалу, бұл біздің басты назарымызда болуы қажет.

 

Питер СИНГЕР,

Принстон Университетінің биоэтика профессоры және коммерциялық емес «Сіз сақтай алатын өмір» ұйымының негізін қалаушы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org