• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қаңтар, 2021

Қазақстан тұрғын үй салу бойынша алға шықты

491 рет
көрсетілді

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша ең жоғарғы нәтиже көрсеткен. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша елімізде адам басына 0,81 шаршы метрден келген.

Ресейде адам басына 0,56 шаршы метрден келсе, бұл көрсеткіш Беларусияда 0,45, Өзбекстанда 0,36-ға тең. Ведомство таратқан дерекке сүйенсек, былтыр Қазақстанда барлық қаржыландыру көздері есебінен 15,3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға артық екен.

Енді азаматтардың БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағының бір бөлігін ала бастауы да тұрғын үйге деген сұранысты арттыра түсуі мүмкін. Осылайша, еліміз екінші жыл қатарынан баспана салу бойынша қара үзіп алда келеді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасының  шеңберінде халыққа қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау, тұрғын үйдің қол жетімділігі мен жайлылығын арттыру, сондай-ақ тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты, – дейді құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Былтыр маусым айында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тұрғын үй құрылысы қарқынының бәсеңдеп қалғанын айтқан болатын. «Бес айдың қорытындысы бойынша 4 075 000 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштің 88,4 пайызы ғана. Қазір республика бойынша 33 479 тұрғын үй салынды, оның ішінде 14 209-ы жеке үйлер» деген еді министр.

Әу баста министрліктің жоспары 2020 жылы 14,1 млн шаршы метр тұрғын үй салып бітіру болған. Бұл туралы былтыр ақпанда вице-министр Қайырбек Өскенбаев айтқан. Ал министрлік бұл жоспарын асыра орындап, салынып біткен тұрғын үй көлемін 15,3 млн шаршы метрге жеткізіп бір-ақ тоқтаған. Бұдан аңғарғанымыз – Қазақстан 7 айда (маусым айынан бері) 11 млн шаршы метрден астам баспананы салып, пайдалануға ұсынған. Әрине, қаржысыз іс бітпейді. Министрліктің жыл басындағы жоспары орындалу үшін бюджеттен тыс қаржы көзінен қосымша 390 млрд теңге бөлінген.

Жалпы, 2020 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында тұрғын үй құрылысына 1 трлн 700,5 млрд теңге жұмсалған. Бұл сома 2019 жылмен салыстырғанда 33,4 пайызға көп.

Қазақстанда көпқабатты үйдің 1 шаршы метріне кететін шығын 143,4 мың теңге болса, жеке құрылыс компаниялары салған тұрғын үйлерде 1 шаршы метр 91,5 мың теңгеге бағаланады.