• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 28 Қаңтар, 2021

Нейро-мониторинг көп қауіптің алдын алады

449 рет
көрсетілді

Пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп көрген адамның қабырғаға жасырылған сымдарды абайсызда зақымдап алған кездері болады. Сіз бұрғылап жатқан кезде, кенеттен жарық сөніп қалды: демек, сіз сымды үзіп алдыңыз. Кез келген операция кезінде де дәл осындай жағдайлар орын алуы мүмкін, өйткені барлық жерде жасырын жүйке орналасады, бұлар оңай зақымдалады. Алайда, құлаққа жасалатын операциялар кезінде бұл аса қауіпті. Өйткені беттегі нервтердің зақымдануы – операциядан кейінгі жиі кездесетін асқынулардың бірі: әр адамның жүйке талшықтары әртүрлі жерлерде орналасады, сондықтан нервті алдын ала болжау және табу қиын.

Өкінішке қарай, егер үзілген сымды жалғауға немесе ауыстыруға болатын болса, нервтер за­қым­далған кезде, жағдай қиынға соғады.

«Ортаңғы құлақта тез зақымданатын бет нерв­тері орналасады. Есту қабілетін жақсартуға арналған операциялар және созылмалы отит кезіндегі операциялар дәл осы ортаңғы құлақта жасалады. Бет нервісінің зақымдануы сал ауруына әкелуі мүмкін. Бұл дегеніміз – пациенттің бет-әлпеті қисайып кетеді: ол күлуден, көзін жыпылықтатудан және дәм сезуден қалады. Беттің жартысы сал болып қалады. Бұл өмір сапасына қатты әсер етеді, психологиялық тұрғыдан да қиын», дейді Президенттік клиниканың дәрігер-оториноларингологы Айнұр Несіпбаева.

Әлбетте, сол нервті тауып алып, операция кезінде оны «айналып» өтпеске неге болмайды деген сауал тууы мүмкін. Бүгінгі таңда мұндай әдіс табылған және оны «интраоперациялық нейрофизиологиялық бақылау» немесе қысқаша нейромониторинг деп атайды.

Президенттік клиниканың нейрофизио­логы Ольга Агееваның айтуынша, қазір нейро­мо­ниторингсіз ешқандай операция өтпейді. Себебі бұл әдіс операция кезінде қауіпті «ауытқуларды» көрсетіп отырады. «Қарапайым сөзбен айтқанда, операция кезінде нейрофизиолог нерв пен бұлшықеттің белсенділігін есептеп, хирургтарға ерекше белгілер пайда болған кезде сигнал беріп тұрады. Сигналдар хирургтардың нервке жақын екенін білдіреді: олар ол тұсты айналып өтіп, басқа, айтарлықтай қауіпсіз тәсілді табуға тырысады», дейді О.Агеева.

«Әрине, операция кезінде егер нервті көріп тұрсақ, оны айналып өтеміз. Ал егер өздігімізден таба алмасақ, онда нейромониторингті қолдана­мыз. Бұл әдіс – детектор сияқты. Ол бізге құд­ды бір «мина алаңынан өтуге» және нервті зақым­дап алмауға мүмкіндік береді», дейді Айнұр Ахметқалиқызы.

Бет нервтерінің параличінен қорқу қалыпты жағдай екенін есте сақтаған жөн. Алайда, бұл қорқыныш науқасты қажетті ем алудан бас тарт­қызбауы керек. Құлақпен байланысты аурулар өте қауіпті: бұл есту қабілетінің жоғалуына, ме­нингитке, мидың абсцесіне және өлімге әке­луі мүмкін. Сондай-ақ, нейромониторинг ЛОР опе­рацияларынан басқа да операцияларда қолда­нылады: «Мониторингтің бұл әдісі нейрохирургия, жұлын хирургиясы, травматология, жақ-бет және эндокриндік хирургияда қолданылады», деп толықтырады Ольга Владимировна.