Гонконгта халық наразылығы пандемия кезінде де жалғасты. Әкімшілік эпидемиологиялық ережелерді бұзғандарға айыппұл салуды қолға алды. Елде қысымға ұшыраған белсенділер АҚШ-ты паналады.
Халықаралық басылымдар Гонконгтің азаттығы үшін күресіп жүрген белсенділердің АҚШ-тан пана сұрап келгенін хабарлады. Белсенділер қаржы хабынан мұхит асып келіп, азаттық үшін күресті жалғастыратынын айтты. Америкалық «Гонконг Демократиялық Кеңесі» тобын АҚШ-тағы жас белсенділер қарсы алып, оларға қолдау көрсеткен.
«Осындағы 30 жасқа толмаған жас белсенділер өткен жылғы шілдеде Гонконг демократиясы үшін күрес митингіне қатысып, құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырады», деді Гонконг Демократиялық кеңесін құрушы Самуел Чу. Оның айтуынша, белсенділер АҚШ-қа қоныс аударып, осы жақта азаттық үшін күресін жалғастыратынына қуанышты. «АҚШ бізді панасына алып, жаңа өмір бастауға көмектеседі деп сенеміз», деді белсенді.
Иә, елдегі толқуларды әлемдегі ахуал да тоқтата алмады. Коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде, яғни былтыр сәуір-мамыр айларында да акциялар жалғасып жатты. 2021 жылдың алғашқы айында да бірнеше наразылық акциясы өткізіліп, ондаған белсенді тұтқынға алынды. Оларға саяси оппозиция деген айып тағылып, іс құзырлы органдардың қарауына алынды. Бүгінде 50-ге жуық белсенді әлемнің түрлі елдерін паналауда. Оппозицияның жүздеген өкілі көршілес Тайвань мемлекетінде жүр.
Өткен аптада Гонконгтегі ірі аудандардың бірі карантинге жабылған. Жергілікті билік 150-ден астам үйде тұратын бірнеше мың адамның сыртқа шығуына тыйым салып, 48 сағат бойы ондағы жұртшылыққа тест жасалатынын хабарлады. Тәртіптің бұзылмауын қадағалауға құқық қорғау органдарының 1,7 мың қызметкері жұмылды. Белсенділер бұл шектеудің медициналық емес, саяси негізде қабылданғанын айтып жатты.
Соңғы дерек бойынша, әкімшілік аймақты 10 222 адам вирус жұқтырған. Соңғы тәулікте 64 науқас тіркеліпті. Ал вирустан қайтыс болғандар саны 173-ке жетіп отыр. Негізінен, бұл 7,4 млн-ға жуық халқы бар аймақ үшін тым көп емес. Кейбір сарапшылар толқулар басылмаса жағдай өрши түсуі мүмкін деген болжам жасауда.
Мәселенің бәрі 2019 жылы Гонконг үкіметі айыпталғандарды экстрадициялау туралы заң жобасын қолға алғанда басталған-ды. Нақтылай айтқанда, миллиондаған тұрғын істі болған гонконгтықтардың тағдырын Қытайға тәуелді етуге қарсы болып, наурыз айында алғашқы акцияны өткізді. Сол жылы жазда қалада көлік қозғалысы тежеліп, бірқатар өндіріс тоқтап қалды.
Негізгі себеп ол емес, әлбетте. ХІХ ғасырдың ортасына дейін Ұлыбритания колониясында болып, кейін Корольдікке жалға берілген аймақ 1997 жылы Қытай Халық Республикасының құрамына қайтарылған. Арнайы әкімшілік аудан деп белгіленген қала әлі де Қытайдың автономиясы саналады.
Қытай реформаторы Дэн Сяопиннің «Бір ел, екі жүйе» деген идеясы, азаматтардың ойынша, әкімшілік аймаққа еш пайда бермейді. Жалпы, Қытай-Британ декларациясы мен Гонконгтің негізгі заңына сәйкес, елдің ішкі заңы мен қаржы жүйесі өз ішкі мәселесі болғанымен, сыртқы саясаты мен қорғанысы – Қытайдың құзырында. Былай қарасаңыз, тиімді жүйе. Онымен қоса, аталған аумаққа өз капиталы, экономика мен саяси жүйесін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік. Дегенмен халық іс жүзінде басқа картина қалыптасқанын айтып, наразылық танытуда.
Гонконг тұрғындары Қытай билігі орайы келсе өз саясатын жүргізіп, үстемдігін көрсетуден тартынбайды деп айыптайды. Қытай әуелден қалыптасқан капиталистік жүйеге өзгеріс енгізбеу жөніндегі уәдесінде тұрмай, мектептерде патриоттық тәрбие пәнін енгізіп, заң жүйесіне өзгеріс жасауда. Оған қоса 2014 жылы өткен сайлауға да араласты. Тұрғындар осы кезде де бой көтеріп, 79 күнге созылған «қолшатыр революциясын» өткізді. Енді олар Гонконгті Қытайдың адамы басқарады деген пікірде.
Белсенділер елде Қытай экспансиясы жүріп жатқанын бірнеше фактормен дәлелдеп бағуда. Ең алдымен аймақта мемлекеттік тіл деп саналатын ағылшын тілін қытай тілі ығыстырып келеді екен. Халықтың сөз бостандығы мен қоғамдағы демократияға да қол сұғу байқалады дейді белсенділер.
Әлем жұртшылығының назарына ілінген қозғалысқа пандемия да тосқауыл болмайтынын түсінген халықаралық ұйымдар алаңдаушылық таныта бастады. Жақын күндері бұл мәселеге Еуропа парламенті араласып, Гонконг азаттығы үшін күресіп жүрген оппозиция өкілдері Джошуа Вонг, Иван Лам, Агнес Чоуларды тұтқыннан босату хақында сұрау жіберді. Оған қоса парламент Еуропа елдеріне Қытай мен Гонконгтегі жеке тұлғаларға қатысты санкция мәселесін қарауды ұсынды. Еуропа одағының адам құқықтарына қатысты Жаһандық санкция режімінің шеңберінде Гонконг көшбасшысы Кэрри Ламға қатысты шара қолдану мәселесі де талқыланды.
Мемлекеттегі өзгерістерге келісім берсек, толығымен Қытай иелігіне айналамыз деп қауіптенетін белсенділердің әзірге алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Олардың бір бөлігі жат елді паналап жүріп те өз іс-қимылдарын жалғастыра бермек. Осымен үшінші жылға созылған Гонконгтегі толқулардың соңы неге әкеліп соғатыны әзірге белгісіз.