Аустралияның денсаулық сақтау өкілдері елде вирус жұқтырғандардың анықталмағанын хабарлады. Жексенбіде Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Викториядағы қонақүй карантинінде шетелден келген төрт адамнан вирус табылғанына қарамастан, жергілікті тұрғындар арасында індет жұқтырғандар жоқ.
Аустралия өзге дамыған елдермен салыстырғанда пандемиямен тиімді күрес жүргізді. Шекараның жабылуы, локдаун, жаппай тестілеу мен әлеуметтік қашықтықты сақтау шаралары өз нәтижесін берді. Өткен аптада 5 күн қатарынан індет жұқтырған науқас тіркелмеген.
Жалпы бұл елде осыған дейін коронавирус жұқтырған 28 700 адам тіркеліп, 909 кісі қайтыс болған. Ал вакциналау жоспар бойынша ақпанда басталмақ.
Аустралия шекарасын биыл да толығымен ашпайтынын мәлімдеген болатын. Осылайша елдегі вируспен күрес шараларын мамандар көп елге үлгі боларлық деп бағалап отыр. Бұл, әсіресе кәрі құрлықтағы жағдаймен салыстырғанда ертеңге деген үмітті күшейте түседі.