Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болып, өңірдегі босандыру қызметін көрсететін медициналық ұйымдарды тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz
Сапар барысында вице-министр Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының жұмысымен танысты. Нысан 1977 жылы пайдалануға берілген және 155 төсек-орынға лайықталған. Мұнда 6 төсектік ересектер реанимациясы мен 85 төсектік босандыру бөлімшесі жыл сайын 7000-ға тарта әйелді босандырып, 1500-ге жуық операция жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ 20 төсектік патология, 10 төсектік лапароскопиялық тұрақтағы гинекологиялық, 6 төсектік балалар реанимациясымен 30 төсектік жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшелері бар. Қосымша қызметтер жұмыс істейді: биохимиялық және клиникалық зертхана, дәріхана, флюорографиялық және рентгенологиялық кабинет, УДЗ және КТГ, ЭКГ функционалдық кабинеттері, дезинфекциялық камера, кір жуатын орын және ас үй.
Екінші ғимаратта ЭКҰ, маммологиялық және медициналық-генетикалық орталықтары бар облыстық перинаталдық орталықтың консультациялық-диагностикалық бөлімшесі және «Филадельфия» аппараты мен ИФТ диагностикасы бар генетикалық скринингтер өткізуге арналған зертхана орналасқан.
«Барлық реанимация және патология бөлімшелеріне орталықтандырылған оттегі компрессорының жоқтығына қарамастан, оттегімен қамтамасыз ету жүргізіледі. Барлық балалар реанимациясы заманауи класстағы кювездермен және ӨЖЖ аппаратымен жабдықталған. Барлық медициналық жабдықтар реанимациялық көмек көрсету уақытын едәуір қысқартуға, дәрі-дәрмектің енгізілуін үнемі бақылауға және науқастар жағдайының объективті параметрлерін бақылауға мүмкіндік береді», деді орталық директоры Асхат Балықов.
Сонымен қатар ол ағымдағы жылы орталық жаңа заманауи ғимаратқа көшуді жоспарлап отырғанын атап өтті, өйткені қолданыстағы ғимарат «Қауіпсіз ана» стандарттарына сай келмейді, сондай-ақ мұнда қосымша кірме жолдар мен газ цистерналары жоқ.
«Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және кәсіби қоғамдастықпен бірлесіп, жақын арада барлық денсаулық сақтау ұйымдарына түгендеу жүргізеді. Оларды барлық қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен жабдықтау бойынша шаралар қабылданады», деді А.Ғиният.
Сонымен қатар ол «Ақтөбе медициналық орталығы» МПК балалар стационарында болды. Аурухана 2010 жылы пайдалануға берілген, мұнда 89 дәрігер, 178 медбике және 132 санитар жұмыс істейді. Медицина қызметкерлерінің 70% және медбикелердің 60% біліктілік санаты бар. Жыл сайын стационарда қала, облыс және Батыс Қазақстан өңірінен 11-12 000 науқас бала емделеді. Коронавирус пандемиясы кезеңінде АМО базасында 25 төсектік балалар провизорлық бөлімшесі және стационардың әкімшілік корпусында 100 төсектік ересек провизорлық бөлімше, оның ішінде 50 төсектік реанимациялық бөлімше ашылды.
Балалар провизорлық бөлімшесі үшін аурухана штатында барлық бейіндегі мамандар бар. Ересек провизорлық бөлімшесінің дәрігерлік штаттары облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының штаттарынан көзделген. Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық аясында аурухана реанимациялық төсектердің әр палатасына оттегі мен вакуумды орталықтандырылған жеткізумен жабдықталды. 16 оттегі концентраторы орнатылды, 10 кардиомагнит және 10 пульсоксиметр сатып алынды.
Бұдан басқа, ересек провизорлық бөлімшенің 50 төсегі үшін 50 ӨЖЖ аппаратын, қосымша 34 оттегі концентраторын, 40 кардиомонитор және ересектердің провизорлық бөлімшесі үшін 40 пульсоксиметр сатып алуға өтінімдер берілді.
Сонымен қатар ауруханада жалғыз КТ және МРТ аппараттары жұмыс істемей тұр. А.Ғиният жұмыс сапарының бірінші күнін 135 төсектік облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруxанасына барумен аяқтады. Аурухана жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.